«Қаңтарда қылмыс жасады ма, жауап беруі тиіс» – депутат

Кеше Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап берген ҚР Бас Прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев қаңтарға қатысқандарға қатысты ақпаратпен бөлісті. Оның болжамы бойынша, рақымшылыққа 1500-дей адам ілігеді.
Олардың басым бөлігі – қарапайым азаматтар. Ал азаптау бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам саны – 29. Оның 17-сі полиция, ал 12-сі Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметі өкілдері.
NEGE тілшісі қаңтарға қатысқандарға тағылған айып пен жасалатын рақымшылық туралы Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Берік Бекжановпен пікірлескен еді.
– Мәжілісте депутаттардың көбі қаңтар қатысушыларына біржақты көзқараспен қарайтынын байқатты. Олардың барлығын «бүлік шығарғандар», «арандатуға ергендер» деп бағалау дұрыс па?
– Әріптестерімнің айтпағы ол емес шығар. Әр азаматтың әрекетіне құқықтық тұрғыдан баға беру керек. Ең бастысы – осы. Егер қандай да бір азамат жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, оның әрекеті тергеуде қылмыстық заңмен бағаланса, міндетті түрде заң алдында жауап беруі тиіс.
Менің ойымша, бұл жерде «анау азамат біреудің айтқанына ерді» немесе «ермеді» деп болжам жасауға әлі ерте. Жалпы, қылмыстың өзі бірнеше дәрежеден тұрады. Қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр. Қазір осы әр дәреже бойынша жасалған қылмыстар тергеу орындарында тексеріліп жатыр.
Мысалы, мақұлдаған «Рақымшылық» заң жобасында осы қылмыстардың күрделілігіне қарай әр түрлі жеңілдік жасалады. Мысалы, ауырлығы орташа қылмыстар біздің мемлекет пен қоғамға қауіп төндірмейді. Осы тұрғыдан қарауымыз керек. Біреудің азғыруына ергендер болса, бәрібір ол теріс әрекет жасады ғой. Ал жасаған адам жауап беруі тиіс. Оның әрекеті қылмыс па, қылмыс емес пе, оны тергеу органдары анықтайды. Осы мәселенің аражігін ажыратып алуымыз керек.
– Ал айып орынсыз тағылса ше? Мысалы, қорқытып-үркітіп, мәжбүрлеу арқылы?
– Иә, айып қате тағылуы да мүмкін. Бірақ бізде сот бар ғой. Бүкіл мәселені тек тергеу орындарына үйіп қоюға болмайы. Мысалы, тергеу орындары тергейді, прокурор қадағалайды. Одан кейін сот шешім шығарады. Міне, осындай қаншама кезеңнен өтеді. Сондықтан барлығын тек бір оқиға, бір әрекетке негіздеу дұрыс емес.
Фото: ВВС
– Қаңтар кезінде көк түтін арасынан көк туды алаңға алып шығып, әлдекімдердің оғынан жараланған азамат әлі есін жия алмай жатыр. Осы тәріздес көп жағдай бар. Денсаулығына үлкен зақым келген осындай азаматтар бұл рақымшылықтан тыс қалып қоймай ма?
– Мен сіз айтып тұрған оқиғаны нақты білмеймін. Бүгінде ол адамдардың ісі тергеу орындарында қалай тіркелгенінен де хабарсызбын. Егер ауыр қылмыс болып дәрежеленсе, ол – бөлек әңгіме. Ал ол теріс қылық, орташа дәрежедегі болса, онда оған рақымшылық қолданылады.
Енді қаңтар оқиғасында зардап шеккендерге келсек, ол отбасыларға «Қазақстан халқы» деген қор 1 млрд 200 мың теңге көлемінде қаржы бөліп, көмек көрсетіп жатыр екен. Яғни, зардап шеккен азаматтар қоғамның назарынан тыс қалып жатқан жоқ.
– Қаңтар қатысушыларына өзіңіздің депутаттық емес, азаматтық позицияңыз қандай?
– Мен тек қана заң тұрғысынан қараймын. Қылмыс жасады ма, жауап беруі тиіс. Ал мына «Рақымшылық» қоғам мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан мейірімділік актісі деп қабылдауымыз керек.
Иә, қателесті, заңды бұзды, бірақ оның әрекеті халыққа қауіп төндірмейді. Ондай азаматтарға мемлекет кешірім беріп жатыр. Осылай түсінген дұрыс.