Қайтқан малдан қайыр жоқ. «Бәйтерек» холдингінің бұрынғы басшысына НЕГЕ сұрақтар туындай бастады?
NEGE дереккөзінің ақпаратынша, 2017-2022 жылдар аралығында «Бәйтерек» холдингін басқарған Айдар Әріпхановқа құқық қорғау органдары тарапынан біршама сұрақтар туындауда. Олардың 2021 жылы арзанға сатылып кеткен Қазақстанның инвестициялық қорына қатысы бар.
Қорды сатып алған жекеменшік компания оны мемлекетке сыйлық ретінде қайтарып берсе де, бұл мәміледе лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған қылмыстың иісі аңқып тұр. Кезінде NEGE «Бәйтерек» холдингіне қарасты Қазақстанның инвестициялық қорының тым арзанға сатылып кеткенін талай рет жазған болатын.
-
Тақырыпқа орай: Көтерме бағамен 48% жеңілдіктер! Қазақстан инвестициялық қорының сатылуы НЕГЕ ыңғайсыз сұрақтар туғыза бастады?
2021 жылы, жекешелендіру бойынша кешенді жоспар аясында Қазақстанның инвестициялық қорын Түркістанда тіркелген «D-Personnel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 10,6 миллиард теңгеге сатып алады. Барлық деректер D-Personnel артында ағайынды МАХМУДОВТАРДЫҢ тұрғанын растады. Фаррух пен Сухраб Махмудовтар «Орбис Қазақстан» автосалон желісінің қожайындары және елдегі ең бай 50 бизнесменнің тізіміне кіреді.
Фаррух пен Сухраб Махмудовтар. Фото: Forbes.kz, © Андрей Лунин
Егер мемлекет активтері әділ бағаланғанда жекешелендіруге еш әңгіме болмас еді. Бірақ таза нарықтық құны 30,5 миллиард тартатын инвестициялық қордың үш есе арзанға сатылуы сол 2021 жылы-ақ күдік туғызған болатын. Активтерді бағалаған «Баланс» консалтингтік компаниясына тапсырманы «Бәйтерек» холдингі берді. Бағалаушы компания Инвестициялық қор балансындағы қарыздан арылған таза активтерінің құнын 30,5 миллиард деп бағаласа да, жарты құнына дисконт беріп, нарықтық бағаны түсіріп жіберген. Құқық қорғау органдары бағалаушы компания басшылығымен сөйлессе, осы әрекет мотиві бойынша біраз ақпарат алары сөзсіз.
-
Тақырыпқа орай: ҚИҚ! Қор сатылып кетсе де, қызуы НЕГЕ басылмай тұр?
Осыдан төрт күн бұрын «D-Personnel» фирмасы Қазақстанның Инвестициялық қорын сыйлау келісімшарты арқылы мемлекетке қайтарып берді. Бірақ оларға мемлекеттен 10,6 миллиард теңге қайтарылады деген ақпарат болған жоқ. Әңгіме басқада. Екі жыл бойы қорға иелік еткен Махмудовтар оның қанша активін сатып үлгерді? Мемлекетке қоржыны бос қор қайтып келіп тұрған жоқ па? Неге тапсыру-қабылдау актісі жарияланбай отыр?
Инвестициялық қорды сату кейсі бізде кез-келген бастаманың заң жолымен, жемқорлықтан таза жүре алмайтынын көрсетіп отыр. Жекешелендіру керек-ақ. Тек әділ жолмен қашан жүреді деген сұраққа әлі жауап табылмайтын сияқты.