5 Наурыз 17:17
...

Ислам Сұңқар, Мәжіліс депутаты: Жаңа заң жобасы ғылымды көтеруге мүмкіндік береді

Депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Бүгінгі күні Парламент қабырғасында Ғылым және технологиялық саясат туралызаң жобалары ұсынылып отыр. Осы ретте біз Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқармен сұхбаттасып, аталған заң жобасының маңызы жайында сұрадық. Ол заң жобасында Ұлттық ғылым академиясының статусы, ғалымдарға жасалатын мүмкіндіктер мен өңірлердегі ғылымның дамуына қатысты бірқатар өзгерістерді айтты.

– Ислам Еркінұлы, Ғылым және технологиялық саясат туралы заң жобасының ерекшелігі қандай екенін айтып өтсеңіз?

– Бұл заң жобасын Үкімет дайындады. Мемлекет басшысының былтырғы жылы 1 қыркүйектегі Жолдауы және Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында әзірленіп жатыр. Өзіңіз білесіз, елімізде ғылымның дамуына үлкен көңіл бөлінуде. Мысалы, мен Ауыл шаруашылығы комитеті мүшесі ретінде айтатын болсам, ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа инновациялар мен жаңа технологиялар керек. Мұны Мемлекет басшысы да айтқан. Біз тек қана табиғатқа тәуелді болып қалмауымыз қажет. Сондықтан, Үкімет сол тапсырмаға сәйкес осы заң жобасын дайындады.

Қазіргі таңда Мәжілісте тиісті жұмыс тобы құрылып, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның негізгі ерекшеліктеріне тоқталайын; Бірінші кезекте ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің рөлі жетілдірілетін болады. Одан басқа, әрбір облыс пен Республикалық маңызы бар қалалар және Астана қаласында әкімшіліктің жанынан арнайы ғылыми кеңестер құрылады. Олар облыстық деңгейде ғылым дамуының басым бағыттарын анықтайтын болады. Одан бөлек, Ұлттық ғылым академиясына еліміздегі жалғыз Жоғарғы ғылыми ұйым деген деңгей берілетін болады, соған қарай оның өкілеттілігін кеңейтпекшіміз. Одан басқа, заң жобасында ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік қорғау мәселелерін де қарастырып жатырмыз.

– Аталған заң жобасы қандай мақсат-мүдделерді көздейді?

– Осы заң аясында қабылданып жатқан нормалар ғылымның одан әрі дамуына септігін тигізеді деп ойлаймыз. Жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін әлемнің үздік елдері секілді ғылымды дамытуымыз керек. Әлемнің ең дамыған мемлекеттерінде қолданылатын әдіс ол – ғылыми зерттеулерді іске асырудың деңгейлері. Бізде де сол тетіктер енгізілетін болады. Ол арнайы деңгейге сәйкес әрбір ғылыми әзірлемелердің күнделікті өмірде болсын, кәсіпте болсын жарамдылығы айқындалатын болады. Оның өзінің сегіз деңгейі бар. Сол тетіктерді біз заң аясында да енгізіп жатырмыз.

– Заң жобасындағы өзгерістер мен түзетулер ғылым мен технология саласындағы қордаланған мәселелерді шеше ала ма?

– Қазіргі қоғам сәт сайын өзгеріп жатқандықтан технология да өзгеруі тиіс. Жалпы ғылымда көп мәселе бар ғой. Басында біраз зерделедім. Қазіргі кезде, әсіресе, көп шағымданатын мәселе докторлық дәреже алу үшін оқып жатқан адамдарға қатысты деуге болады. Бізде елімізде тиісті деңгейде ғылыми журналдар жоқ. Ол журналды да дамыту үшін тиісті қаржыландыру бөлу керек пе, әлде басқа да ынталандыру тетіктері керек пе деген ойда жүрміз. Себебі біздің ғалымдарымыз көбіне өзінің жаңа ойларын дәлелдеу үшін міндетті түрде «Scopus», «Web of Science» сияқты журналдарға шығуға мәжбүр. Бірақ ол журналдардың барлығы шетелде. Оған шығу үшін де қосымша қаражат керек боп тұрады. Оны көп докторанттың қалтасы көтермейді. Сол сияқты көптеген мәселе бар. Бұл заң арқылы біз сол мәселені де шешпекпіз. Себебі елімізде осындай жоғары дәрежелі журналдар жоқ.

Жалпы қазір ғалымдардың арасында «ғылыми пікірталас» деген түсінік жоқ, ғылыми жаңалықтарды талқылайтын қауымдастықтар да жоқ. Сол себепті біздің ойымызша, елдің ішінде ғылыми пікір-талас болуы керек, интеллигенция қалыптасуы керек.

Депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

– Ондай пікірталас ортаны қалыптастыру үшін бұл заңда не қарастырылған?

– Кейбір депутаттар сондай журналдарды шығару бойынша қаржыландыру мәселесін көтеріп, ұсыныс тастады. Ғылым және технологиялық саясат бойынша жаңадан құрылып жатқан заң бірнеше заңды ішіне қамтиды. Оған ілеспе заң жобасы бар. Сол бойынша қазір талқылау жүріп жатыр. Осы мәселені сонда қарастырамыз. Кейін, егер қабылданатын болса, үкіметтің қорытындысын талап етеді. Бірақ менің ойымша, осы заң жобасы қазіргі деңгейдегі ғылымды одан әрі бір қадам көтеруге мүмкіндік береді.

– Жаңа заң жобасында Ұлттық ғылым академиясы сияқты ғылыми ұйымдардың маңызы қандай болмақ, функциясы өзгере ме? Себебі ғалымдар Академияның беделін заңдық тұрғыда көтеру керек екенін жиі айтып жүр.

– Осы заңда жалғыз жоғарғы ғылыми ұйым – Ұлттық ғылым академиясы болып бекітіледі. Демек оның рөлі өте жоғары болады. Одан басқа Президент жанындағы ғылым және технологиялық саясат бойынша кеңес пен Үкімет жанында Жоғарғы ғылыми-технологиялық комиссия құрылатын болады. Ол комиссияға азаматтық қоғам белсенділері, депутаттардың өздері кіретін болады. Біз заң жобасы аясында осындай ұсыныстарды жасадық. Олардың негізгі құзыреті – тиісті ғылыми бағыттардың басымдылықтарын айқындау. Ал ҰҒА болса, бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру байқаулары бойынша қаржыландыруды іске асырады және жүргізеді. Сондықтан олардың беделі көтеріледі.

– Ғылыми қызметкерлерді қолдау мақсатында заң жобасында қандай шаралар көзделген?

– Өз басым көп Жоғарғы оқу орындарына барамын. Ғылыми қызметкерлермен кездесу барысында көп азамат жалақы мөлшеріне шағымданады. Әсіресе ЖОО және зерттеу институты статустары бар ЖОО-нан осындай шағымдар көп түседі. Заң аясында мұны біз қарастырып, Үкіметпен бірлесіп жұмыс атқардық. Себебі бұл да қаржыландыруға кеп тірелген соң, Үкіметтің оң қорытындысын талап етті.

Біріншіден, Республикалық бюджеттен 17 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде философия докторы және бейіні бойынша доктор дәрежесі барларға қосымша төлемақы төленетін болады. Екіншіден, 25 АЕК мөлшерінде қосымша қаражат PhD докторы дәрежесі бар және қауымдастырылған профессор атағы барларға төленеді.

Енді бұл қаражат кімге тиесілі дегенге келсек, бұл мемлекеттік ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін адамдарға беріледі. Одан басқа мемлекеттік тапсырысты орындайтын ғылыми ұйымдарда осындай мүмкіндік қарастырылған.

Одан басқа, егер 25 АЕК мөлшерінде қаражат ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор-доцент ғылыми атағы үшін және 42 АЕК ғылым докторы дәрежесі және қауымдастырылған профессор-доцент ғылыми атағы үшін қосымша қаражат бөлінетін болады.

Одан басқа қосымша демалыс беру тетіктері қарастырылған. Шығармашылық демалыс деген түсінік енгізілді. Оған бір жылға дейінгі мөлшерде уақыт беріледі.

Осы заң жобасы аясында біз жас ғалымдар деп саналатын арнайы санатқа ғылыми бағытта жұмыс істегені үшін жеңілдіктер қарастыруға, тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үйлерін жақсарту үшін жеңілдіктер қарастыруға ұсыныстар жасадық.

Соңғы жұмыс тобы бойынша айтатын болсам, бұл пысықтауға кеткен, Үкіметтің тиісті қорытындысын алуы керек болған еді. Егер нақты оң қорытынды келетін болса, онда жас ғалымдарға осындай мүмкіндіктер беріледі. Бірақ бұның толық шешімге келмеген тағы да бір мәселесі бар, ол – жас ғалымдар туралы түсінік. Яғни бізде ғалым деген түсінік бар. Ол – арнайы ғылыммен айналысатын оның нәтижелерін анықтайтын белгілі бір жұмыс істейтін адам. Ал жас ғалымдар дегеніміз кім? Оны жасына қарай анықтаймыз ба, не болмаса, ғылымда атқарған еңбек өтіліне байланысты қараймыз ба? Егер мысалға, адам 60 жасында енді ғана PhD дәрежесін алатын болса, онда оны жас ғалым деп санаймыз ба, санамаймыз ба? Себебі кей бір мемлекеттерде ғылымда атқарған еңбек өтіліне байланысты қарастыру қалыптасқан екен. Бұл жерде де түрлі ойлар айтылды. Сол бойынша біз ары қарай жұмыс тобында талқылап, белгілі бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Бірақ менің өз жеке позициям – жасқа қарауы керек шығар. Себебі мысалы депуттарды алсақ, депутаттыққа 50 жасында келсе, оны жас депутат деп айта алмаймыз ғой. Бірақ бұл жерде ғалымдардың өз ерекшелігі бар екенін де ескеру керек.

Депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

– Көптеген елдерде ғылым-білім салалары жекелеген бизнесс өкілдерінің қаржыландыруымен өсіп, өркендеп жатыр. Ал бізде кәсіпкерлерді ғылымды дамытуға тарту мәселесі қарастырылған ба?

– Осы заң жобасы Ғылым және технологиялық саясат деп аталады, бірақ бұған ілеспе заң жобасы бар. Онда біз кәсіпкерлік кодекске ұсыныстар беріп жатырмыз. Бұл жерде нақты жер қойнауын пайдаланушылар және толыққанды ғылыми циклды өндіретін тауар өндірушілер белгілі бір қаражат соммасын сол ғылымды дамытуға жіберу бойынша нормалар енгіздік. Ол да әлі талқылануда. Бұл жерде түрлі ойлар айтылуда.

Себебі елімізде қазір үлкен мәселе – ғылымды қаржыландыру дамыған елдерде жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 пайызы ғылымға бөлінеді, ал бізде оған әлі жеткеміз жоқ. Сондықтан оны осы бизнес арқылы да қарастырып жатырмыз. Сол себепті де біз мұнда облыстық деңгейде ғылыми кеңестерді құру дегенді енгізіп қойдық. Яғни, әрбір облыста кеңес құрылғанымен, ол жерде тек қана мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, сол сияқты қосымша сол жердің бизнес субъектілері де кіретін болады.

Неге керек десеңіз, әрбір өңірдің өз ерекшеліктері бар, өзінің кәсіпорындары бар екенін ескеру қажет. Оларға жаңа тауар шығару немесе өнімін одан әрі жетілдіру үшін тиісті ғылыми жаңалықтар да керек. Сол себепті олар сол кеңестер арқылы қаржыландыру алып, тиісті ғылымның бағытын дамытып, өзіне, кейін өз өндірісіне пайдалана алады.

– Аталған заң жобасына қатысты тағы да алып-қосарыңыз бар ма? Заң жобасында тағы қандай ерекше ескерілуі тиіс тұстары бар?

– Бізде қазіргі таңда елімізде бірнеше Жоғарғы оқу орындары зерттеу институты немесе университеті деген статусқа ие болды. Бірақ олардың «зерттеу» деген дәреже алғаннан кейін, ешқандай қосымша ерекшеліктері айқындалмайды. Егер «зерттеу университеті» деген статус алғаннан кейін оған қаражат көбірек құйыла ма немесе басқа да преференциялар бола ма деген түсінік әлі қалыптаспаған. Сондықтан, менің байқауымша, жалпы оқу орындары арасында осы зерттеу статусын алу үшін ешқандай бәсекелестік жоқ. Сондықтан өз ойым, жұмыс тобында да пікірлер айтылды, осы зерттеу институттарына белгілі бір басымдықтар берсе немесе көбірек қаржыландыру бөлінсе, не болмаса басқа да бір тетіктер қарастыру керек. Соның арқасында барлық ЖОО өздерінің мекемесінде тиісті ғылыми бағыттарды ашып, соны ары қаратай дамытып, кейін осы деңгейге жету үшін белгілі бір әрекеттер жасай ма деген ойларымыз бар. Оны бұл заң жобасы аясында да қарастыруға дайынбыз. Егер белгілі бір тетіктер қабылданатын болса, бұл да ғылымның дамуына үлкен септігін тигізер еді. Себебі, бізде қазір ғалым аз. Әлемге белгілі ғалымдарымыз, мысалы Жақсылық Сәбитов деген сияқты ғалымымыз бар, олар көбіне өз жобаларына шетелден қаржыландыру алады. Кейбір ЖОО мемлекеттен нысаналы бағдарламалар аясында қаржыландыру нәтижесінде ешқандай жаңалық ашпаған, ешбір жаңа идея ұсынбаған.

Бұл депутаттарға да пайдалы болар еді. Заң жобасын жасаған кезде немесе үкіметке қандай да бір ұсыныстар білдірген уақытта байқағанымыз бойынша нақты мысал келтірейін, жайылымдық жерлер туралы заң жобасы қабылданған кезде елімізде кейбір университеттер жер пайдалану бойынша қаржыландыру алған екен. Кейін нәтижелерін сұрастырған кезде нәтиже жоқ болды. Сосын сол университеттер осы қаражатты басқа бір жаққа жұмсап қойды, дұрыс пайдаланбады деген жаңалықтардан көрдік. Сол себепті, менің ойымша, бұл жерде Ұлттық ғылыми кеңес болсын, Ғылым Академиясы болсын, жалпы қаражат бөлген кезде ол жердің жай ғана уәкілетті орган мүшелері ғана емес, сонымен бірге оның ішінде қоғам белсенділері, бизнес өкілдері мен депутаттардың өздері болса, қаражат дұрыс бағытқа кетер еді. Біз мұны заңда қарастырдық. Ұлттық ғылыми кеңестен депутаттарды алып тастау деген жұмыс тобының мүшелерінен ұсыныстар болған, бірақ оны ешкім қолдамады. Ақыры депутаттар соның мүшелері болып белгіленіп отыр әзірге.