6 Қараша 19:27
...

ІІМ «чекистерінің» ісі де құпия қаралып жатыр. НЕГЕ?

Фото:

29 қазанда Nege.kz порталында «Шенділер шайқасы: Әзірге Антикор алып ұрды...» деп аталатын мақала жарияланды. Онда ІІМ-нің «Р» (Разведка) департаменті басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны баяндалған.

ІІМ-нің барлау департаменті бар екенін көпшілік біле бермейді. Өйткені бұл – аса құпия орган. Қылмыстық істерге қатысты барлау жасауға тиіс департамент «штаттан тыс» шаруаларды да орындай беретін көрінеді.

«Штаттан тыс» деген қандай шаруа? Айталық, күштік құрылымдар арасындағы «соғыста» диверсия жасау. Міне, осындай бір «шаруа» әшкере боп қалып, «барлаушылардың» үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдаған ресми сауалымызға агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтен жауап келген. Бектенов бұл істің Арнайы прокурорлар қызметіне жолданғанын хабарлады.

Редакция атынан ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровқа да ресми сауал жолдадық. Жауап көп күттірген жоқ. Бірақ Р.Ожаров та әдеттегіше Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сүйеніп, «сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді» деп сүйкей салыпты.

Арнайы прокурорлар қызметіне жолдаған сауалдарымыз мынадай еді:

1. Э.Рахметов пен А.Рахимов («Р» департаменті басшысы мен орынбасары) қарамағындағы қызметкерлерге тапсырма беріп, әлеуметтік желі арқылы Жемқорлыққа қарсы қызметтің құқығы мен беделіне нұқсан келтіргені рас па?

2. Рас болса, қандай жолмен нұқсан келтірген және бұл қанша уақыттан бері жалғасып келген?

3. Олар өз бетінше әрекет еткен бе, әлде басшылықтың бұйрығын орындаған ба?

4. Қылмыстық іске қатысты қанша адам жауапқа тартылды?

5. Қылмыстық істі тергеу қай деңгейде?

Жауап төмендегідей болды:

Қылмыстық-процессуалдық кодексте прокурордың рұқсатынсыз сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға болмайтыны туралы 201-бап бар. Мұны қазір қысқартып «тергеу құпиясы» деп жүр. Дәл осы бап журналистердің жұмысына көп кедергі келтіреді. Өздеріңіз байқағандай, Антикор – Арнайы прокурорлар қызметіне, Арнайы прокурорлар қызметі – 201-бапқа сілтеді. Осымен істі зерттеу тұйықталды.

Заңгер Жангелді Сүлейменовтің айтуынша, дәл осы 201-бапта дәлдік жоқ. Мәселен, «сотқа дейінгі тергеу деректері» дегеннің ішіне не кіретіні белгісіз. Біз келтірген дерек мысал болғаны сияқты, құзырлы органдар осы бапты пайдаланып, тұтастай істі құпиялай салады.

Егер әлдебір іске байланысты ақпарат ала алмаған БАҚ сотқа жүгінер болса, сот қайтадан сол 201-бапқа сілтей салуы мүмкін. Қысқасы, «құйрық ұстатпаудың» қырық түрлі амалының ең оңай жолы – осы бап.

Біз Арнайы прокурорлар қызметінен тергеудің жоспарын, адвокаттардың қорғану тәсілін немесе куәгерлердің аты-жөнін сұрағамыз жоқ қой. Ендеше, ІІМ «чекистерінің» қылмыстық ісі НЕГЕ құпия қаралып жатыр?

Е.Тұрғымбаевтың нөмірі әртүрлі қызметтік көлігі.

Әлде өзі де құпия жүргенді жөн көретін, қызметтік көлігінің нөмірін жиі өзгертетін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Арнайы прокурорлар қызметіне істі құпиялау жөнінде астыртын өтініш айтты ма екен?..

Тегтер: