19 Қазан 13:11
...

Ибрагим Күлшімбаев: Құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын арттыру үшін біраз жұмыс атқарамыз

Фото:

Қоғамда еңбегі ерекше еленуі тиіс мамандық иелері бар. Солардың бірі - құтқарушылар екені даусыз. Өйткені, олар қауіппен бетпе-бет келсе де өзінен бұрын өзгенің өмірін құтқарып қалуды мақсат тұтады. Мамандықтың басты міндеті де қауіптен, түрлі қатерден құтқарып қалу.

19 қазан  – Құтқарушылар күні. Бұл күнді мерекелеудің тарихи маңызы бар. 1995 жылы дәл осы 19 қазанда табиғи және техногендік сипаттағы Төтенше жағдайлар және елдің азаматтық қорғанысы саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде Қазақстан Республикасы ТЖ жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Биыл сол айтулы датаға – 27 жыл толып отыр. 

Аталмыш мерекеге орай Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев құтқарушылардың жұмысына қатысты сұрақтарға жауап берді. 

«27 жылдың ішінде елдің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша ауыз толтырып айтуға тұрарлық жұмыстар атқарылды. Бұл - заңнаманы қабылдау, төтенше жағдайлардан қорғау үшін жаңа объектілер салу, құтқару және өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарын сатып алу, Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру, қызмет атқару жағдайларын жақсарту, кәсіби кадрларды даярлау, өрт сөндіру-құтқару спорты мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосты. Қазіргі жағдайда Төтенше жағдайлар министрлігі өзінің аумақтық бөлімшелерімен және қарамағындағы ведомстволық  ұйымдармен және құралдармен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою жөнінде жедел қызмет көрсетеді», - деді ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.

Ал сол құтқарушылардың еңбегі тиісті деңгейде еленіп, ерліктері бағаланып жатыр ма? Елімізде құтқарушыларға қандай әлеуметтік көмектер көрсетіледі? Олардың денсаулығы бақылауда бола ма? Физикалық жағдайларын қадағалау үшін қандай шаралар қолданылады? Осы сауалдарды NEGE-нің тілшілері Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевқа қойып көрген болатын. 

Вице-министр аталған сұрақтардың өте маңызды екенін, әрдайым талқылауда болатынын атап өтті. 

«Бұл қазіргі таңда өте маңызды сұрақтардың бірі. Әлеуметтік көмек бойынша Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес барлық шара қарастырылады. Өзінің еңбекақысынан басқа, демалысқа шыққанда бөлек ақша беріледі. Сонымен қатар, жұмыс барысында жарақат алып қалған жағдайда Үкімет тарапынан көмек те көрсетіледі. Тек жеке өздеріне ғана емес туыстары, жақындарына да көмек көрсету қарастырылып отыр. Қазіргі Заңымыздың негізінде біраз сұрақтар бойынша өзгерістер талқыланып жатыр. Ол өзгерістер келесі жылға жоспарладық. Сол бойынша құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын арттыру үшін біраз жұмыс атқаруды министрлік алда  жоспарлап отыр», - деді ТЖ вице-минстрі Ибрагим Күлшімбаев. 

Қуантарлық жайттың бірі, әзірге бұл салада кадр тапшылығы жоқ. Саладағы әр маман уақытымен дайындықтан өтіп, құтқару жұмысына кіріседі. 

«Министрлікте 10%-дан кем бос орын бар. Әзірге кадр тапшылығы сезіліп жатқан жоқ. Мысалы, өрт сөндіру бөлімдеріне жұмысқа орта мектеп бітірген, 18-ге толған азаматтар орналаса алады. Әр облыста Азаматтық қорғау академиясының филиалдары ашылған. Жас мамандар сол жерде уақытымен жүйелі дайындықтан өткен соң жұмысқа кірісе береді. Содан кейін жыл сайын міндетті түрде дайындық курстарынан өтіп тұрады», - деді вице-министр.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылардың жалақысын арттыруды қолдаған болатын. Құтқарушылардың жалақысын арттыру мәселесі күн тәртібінде тұрған, маңызды шаралардың бірі. 

Құтақрушылардың орташа жалақы мөлшері қандай? Жалақыдан бөлек қандай сыйақылар төленеді?

Бұл сауалдарға Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев былай деп жауап берді. 

«Құтқарушылардың қазір алып жатқан жалақылары  турасында айтатын болсақ, ол жалақы жетеді деуге келмейді. Мысалы, өрт сөндірушілердің өзінде ең төменгі жалақы - 108 мың мен 110 мыңның маңайында. Ал орташа көрсеткішін есептесек, офицерлермен қоса екі жүз мыңнан аса болады. Осыған қарамай-ақ біз келесі жылға бюджетті қарастырмақпыз. Оны Мемлекет басшысы да, Үкімет басшысы да қолдап отыр. Келесі жылы айлық жалақыны 40 пайызға көбейтуді ұйымдастырып жатырмыз. Ол 2023 жылдың қаңтарынан бастап төленеді», - деді Ибрагим Күлшімбаев. 

От пен судың ортасында жүріп, өмірін қауіп-қатерге тігетін құтқарушылардың еңбегі қалай бағаланса да артық болмайды. Әлбетте, бұл мамандық иелері үшін атақ-абырой маңызды емес. Есесіне адам жанын арашалап қалған құтқарушы келбеті маңызды. Табиғатта жойқын апаттар өте көп кездеседі.  Апаттың да түрі көп: от, су, дауыл, жер сілкінісі, қар көшкіні, түрлі апаттар және т.б. Сол себепті, құтқарушылар кез келген қиындыққа дайын болады. 

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайда қызмет етіп жүрген құтқарушылардың ерлігін жоғары бағалады. 

«Табиғи және техногендік апаттар дәуірінде сіздердің еңбектеріңіздің мемлекеттік маңызы ерекше. Биылдың өзінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері 9,5 мың адамды құтқарды», - деді Twitter әлеуметтік желі парақшасындағы құттықтауында. 

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин төтеншеліктердің қызметіне қатысты кейбір статистикалық мәліметтерді баяндап берген болатын. 

«Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің авариялық-құтқару қызметтері түрлі төтенше жағдайлар мен өрттерді жоюға 1 466 883 рет шыққан екен. Олардың белсенділіктерінің, кәсіби шеберлігі мен жеделдігінің арқасында 389 017 адам құтқарылды, 353 973 адам әртүрлі төтенше жағдайлар аймақтарынан эвакуацияланды, 61 362 зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің 64 қызметкері қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты», - деді Төтенше жағдайлар министрі. 

Деректерге сүйенсек, 64 қызметкер адам жанын апаттан арашалап қалу үшін өз өмірін қиған. Сол себепті, құтқарушылардың абыроймен атқарған игілікті істерінің құны өлшеусіз!

Тегтер: