Грекиядағы ереуілге не себеп?
Әлемдік саяси соғыс әсерінен қарапайым халық зардап шегіп жатыр. Ел ішіндегі келеңсіздіктер себебінен туған жерінен босып жатқандар қанша?! Алғашқы жылдары өзге мемлекеттер босқынға құшақ жайғанымен, бертін келе шекараны сергек күзететінді шығарды.
Алматы, NEGE. Босып келген көшке достық пейіл танытпаса да, үрке қарамаған елдің бірі Балқан түбегінің оңтүстігін мекен еткен гректер еді. Бірақ соңғы жылдары ел ішіндегі мигранттар қақтығысы, экономиканың тым әлсіреуі белсенді топты ереуілге шығуға мәжбүрледі. Тіпті, олар босқындардан елді тазалауды айтып, билікке талап қойды. Сарапшылардың айтуынша, Грекияда мигранттарға арналған орталық көбейіп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі қиындаған.
Шектен тыс қонақжайлық танытқан ел билігі санға назар аудармаған.
Сыйымдылығы 3 мың орынды құрайтын кейбір орталыққа 19 мыңнан астам босқын жиған.
Сан жағы ескерусіз қалғанда сапа жайлы айту қисынсыз. Орталықтардың көбінде жағдай төмен. Бұл ереуілдің басы 2016 жылғы Еуропалық одақ пен Түркия арасындағы келіссөзге барып тіреледі. Сол кезде ЕО Анкараға босқындарды қадағалауда ұстауын сұрап 6 млрд еуро ұсынған. Кейбір деректерге қарағанда Одақ уәдеден тайып, жарты сомманы аударған. Оны Түркия президенті Ердоған да ресми мәлімдеп еді.
Осы келіссөзден соң түрік шекарасына бас сұға алмаған босқындар тікелей Грекияға көш түзеді. Солай бола тұра Түркия шекарасына азаматтық соғыстан қашқан 3,6 миллион сириялық босқын кіріп үлгерген. Бұл өзі бір мақалаға жүк болар тақырып.
Не де болса. Грекиядағы ереуілдің салқыны Еуропа асуды көздеген мыңдаған босқынға тигелі тұр. Оларды жаппай көшіру де қыруар қаржыны талап етеді.