Ақиқат пен аңыз: Лос-Анджелестегі өртті қазақ ғалымы тоқтата ала ма?
АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы алапат өрт бүкіл әлемді алаңдатты. Апат төңірегінде түрлі ақпараттар таралып, шындық пен жалған деректер араласып кетті. Бұл оқиға көптеген мәселені жалаңаштап, жасанды интелект көп жағдайда жұртты шатастыратынын тағы тәлелдеп берді.
7 қаңтарда Калифорния штатында басталған өрттің ауқымы Лос-Анджелес қаласынан асып, үлкен апатқа айналды. Өрт салдарынан 10 мыңнан астам тұрғын үй толығымен күлге айналып, 12 мың гектардан астам алқап жанып кетті. Сарапшылардың бағалауынша, өрттің жалпы шығыны 50 миллиард доллардан асады. Өрттің салдарынан 24 адам көз жұмып, 180 мың адамға қауіпсіз аймақтарға көшуге нұсқау берілді. Ел басына ауыртпалық түскен кезде ұры-қары пайда болды. Полиция иесіз үйлерді тонап жатқан 20 қылмыскерді ұстады. Кейбір аудандарда коменданттық сағат жарияланды. Бұл – қаланы экологиялық дағдарысқа ұрындырған, экономикалық құлдырауға әкелген ең ірі табиғи апаттардың бірі.
Байденнің «мұрасы»
Дональд Трамп бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіде сын айтты. Ол мұны Джо Байден мен Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсомның нашар жұмысымен байланыстырды. Трамптың пікірінше, өрттің таралуына Байден мен Ньюсомның әлсіздігі себеп болған. Ол әсіресе, өртке қарсы күреске қажетті ресурстардың болмауына, сондай-ақ Лос Анджелестегі өрт сөндіру гидранттарында судың жоқтығына назар аударды.
«Міне, Джо Байден маған не қалдырды! Рахмет, Джо!» деп жазды Трамп өз парақшасында. Сонымен қатар, ол Калифорния губернаторы Ньюсомды отставкаға кетуге шақырды.
Гэвин Ньюсом Трамптың бұл мәлімдемелеріне қатысты ешқандай пікір білдірмеді, тек CNN телеарнасында: «Таң қалып отырмын. Осындай аласапыран кезде де ол саясатпен айналыспақ. Адамдар үйінен, тіпті жақындарынан айырылып жатыр, ал Трамп болса бізбен жағаласпақ», – деді ол.
Джо Байден бұл апатты «Калифорния тарихындағы ең үлкен және жойқын өрт» деп бағалады. Ол Ақ үйде арнайы жиын өткізіп, өрттің салдарын жою үшін қосымша федералдық көмек бөлетінін мәлімдеді. Өрт салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін федералдық бюджеттен 100% қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Байденнің айтуынша, өртке қарсы күреске 400 өрт сөндіруші, 30 ұшақ және тікұшақ жолданса, Пентагон да арнайы 8 ұшақ пен 500 маман жібермек.
Ақиқат пен аңыздың арасы
Журналист Әлия Әшім әлеуметтік желідегі парақшасында Лос-Анджелестегі өрт туралы пікір білдірді. Ол Instagram платформасында жариялаған видеосында халықтың өтірік пен ақиқаттың ара жігін ажырата алмай жатқанын айтты.
Әлия Әшім қаланың толықтай қираған фотолары жасанды интеллект арқылы жасалғанын айтады. Шынында да әлеуметтік желіде «Голливуд» деген жазуы бар беткейдің тіпті тұтастай қаланың өртеніп жатқанын бейнелейтін қорқынышты видеолар тарап кетті. Жасанды интеллект жасаған бұл видеолардың шынайы жағдайға ұқсастығы соншалық, оны көргендер жағасын ұстап таңырқап жатты. Тіпті кейбір әріптестеріміздің өзі сеніп қалып, «ГОЛЛИВУД белгісі өртенді» деген ақпарат таратты.
@motivated.kingdoms Цените то, что имеете♥️👑 •@motivated.kingdoms •@motivated.kingdoms •@motivated.kingdoms #голливуд #лосанджелес #пожар #новости #саморазвитие #мотивация ♬ оригінальний звук - МЕНТАЛЬНОСТЬ КОРОЛЯ🫅
Ақиқатында, атақты жазу өртенбепті. АҚШ-та тұратын қазақ жігіті Бақдаулет Есенгелді өрт шалмаған жазудың видеосын жариялап, қаладағы қазіргі жағдай туралы ақпарат берді.
@baqdaulet_yesengeldi -1 арман емес! Hollywood деген жазу жанған жоқ. Бүгін келіп қыдыра берсеңіз болады 😁💯❤️🩹 -> Лос анжелес үшін дұғада болайық 🙏🏻 #лосанджелес #ла #қазақстан #fyp #путешествие #калифорния #пожар #рек #дом #мечта ♬ original sound - АҚШ-тағы қазақ
Лос-Анджелеске жаңбыр жаудыруға бола ма?
Қазақстандық ғалым және экология сарапшысы Алтай Айнабек АҚШ-тағы өртке қатысты пікір білдірді. Ол жұртшылықтың «Лос-Анджелеске жаңбыр жаудырып, өртті тоқтата алмайсыз ба?» деп сұраған соң, Алтай Айнабек бұл сұраққа арнайы видео арқылы жауап берді.
«Достар, Лос-Анджелестегі жағдай тезірек шешілуіне тілектеспін! Маған осыған қатысты көптеген сұрақ қойып жатыр. Дәл қазір климаттық технологияны пайдалану қауіпті. Себебі климаттық технология жұмыс істеген кезде ол циклондық процесстерді жүзеге асырады. Циклондық процесс әрдайым желмен басталады. Бұған Аралда жұмыс істеген кезде көзіміз жетті. Алдымен жел басталды, желден соң жауын келді. Д қазір Лос-Анджелесте климаттық технологияны пайдалансақ, жел өртті одан бетер үдетіп жіберуі мүмкін», – дейді ол.
Лос-Анджелестегі өрт тек апат қана емес, сонымен бірге ақпараттық һәм саяси күрес алаңына айналды. Жалған ақпараттар жұртты дүрліктіріп, саясаткерлер мұны жеке басының пайдасына жарата бастады.
Жексенбі күні Лос-Анджелес мэрі Карен Басс Дональд Трампты апат болып жатқан ауданға шақырды. Әзірге Д.Трамптың апат аймағына баратын-бармайтыны белгісіз.