30 Мамыр 20:49
...

Гонконгтың ақыры

Фото:

«Бір ел – екі жүйе». 1997 жылы Қытай Гонконгты қаратқан кезде осындай ұран көтерген. Әрине, Қытай билігінде отырған миллиардер-коммунистер «капитализмді» тәп-тәуір меңгеріп алғаны құпия болмаса керек. Капитализм мен социализмді кіріктіріп, үйлестіргенімен, Қытай тәжірибесі автократия мен демократияның қатар өмір сүре алмайтынын нақты көрсетіп отыр. Гонконгтегі соңғы оқиғалар бұған нақты дәлел бола алады.

Бейжің ерекше еркін шаһарды түбегейлі бас идіріп, өзінің темір құрсау тәртібін орнатуға мықтап бел байлаған тәрізді. Гонконг қазір көзден жас ағызатын газға тұмшаланып тұр. Соған қарамастан, бостандық сүйгіш Гонконг тұрғындары автономиясын сақтап қалуы үшін жанын шүберекке түйіп шеруге шығып, қарсылық білдіріп келеді. Мұздай қаруланған Қытайдың арнайы жасағы наразыларға аяп жатқан жоқ. Күні кеше 360 адамды қамауға алған.

Гонконг көшелеріндегі шеру

Наразылықтың қайта өршуіне «Ұлттық қауіпсіздік туралы заң»  түрткі болып отыр. Бұл заң күшіне енсе, онда Азиядағы ірі қаржы орталығы – Гонконгті саяси түрде басып-жаншумен пара-пар жағдай болмақ. Айта кетерлік жайт, Британия шаһарды Қытайға қайтарған кезде, Бейжің бұл алып шаһарға 2047 жылға дейін автономия беріп, ұзын арқан – кең тұсауда ұстауға кепілдік еткен.

«Тяньаньмэнь алаңы маңындағы сталиндік үлгіде алтынмен безендірілген «Халықтың үлкен залында» қытай депутаттары бейсенбі күні жаңа заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Бұл заң жобасы Гонконгтегі оппозицияны басу үшін қауіпсіздік саласындағы жаңа заңды қару болғалы отыр», – деп баға берді Францияның Le Figaro басылымы.

Айта кетерлік жайт, осы заң жобасын Вашингтон сын тезіне алып отыр. АҚШ-тың пайымдауынша, арал автономиясын басы бүтін жоғалтқан. Француз сарапшысы Себастьян Фаллеттидің болжамына қарағанда, Ақ үй қожайыны Дональд Трамп «арнайы әкімшілік ауданға» берген сауда артықшылықтарын қайта қарап, қытайлық жоғары лауазымды шенеуніктерге санкция салуы мүмкін. Бұл – АҚШ пен Қытай арасындағы дау-дамай одан әрмен ушыға түседі деген сөз.

«Бұл – қиын-қыстау сәт. Біз Гонконг жүйесінің «путинизациясына» куә болып отырмыз. Бейлибералды режимнің кейпі енгізіліп жатыр. Бұл демократия қосынына қысымды едәуір күшейтіп, азаматтық бостандықтарды шектейді», – дейді Гонконгтегі Баптистік университеттің профессоры Жан-Пьер Кабестан.

Бейжіңнің қауіпсіздік қызметі осы уақытқа дейін көлеңкеде болып келген. Кітап сатушылар және танымал бизнесмендер секілді сыни көзқарастағы адамдарды ұрлап, жасырын құрлыққа әкететіп отырған. Енді олардың оппозициялық көзқарастағыларды «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірді» деген сылтаумен қамап, үйін тінтуге толық құқығы болады. 

Бұл заң жобасы бекерден бекер пайда болған жоқ. Ел ішіндегі жағдайға Бейжіңнің алаңдаушылығынан туып отыр. Гонконгтің қарсылығы Си Цзиньпин ту етіп көтеріп отырған «ұлттық өрлеуге» кедергі келтіреді. Гонконгтің тәуелсіздігі жайында сөз қозғаудың өзі күшті ұлтшылдық көңіл-күйдегі қытай тұрғындары алдында коммунистік партияның қадірін кетіреді.

ИА Regnum

Өткені, Гонконгті бағындыратын заң жобасы ішкі Қытайда қатты қолдау тауып жатыр. Қытайдың әлеуметтік желілерінде «Малғұндардан (Гонконгтегі наразыларды айтып отыр – автор) тезірек тазарту керек!» деген сипаттағы ұрандар қаптап кеткен.

Батыс елдері пандемиямен алысып әуре. Гонконгті қолдау жалаң мәлімдемелерден әрі аспай тұр әзірге. Ресей басылымдарында Бейжіңнің Гонконгке қатысты ұстанған саясатын қолдаған материалдар жиі көрінетін болды. Әлемдік үстемдікке ұмтылып, аузын айға білеп отырған Қытай үшін алдымен Гонконгті тізе бүктіру алғашқы қадам болмақ. Гонконг әзірге қарсыласып бағуда. Десе де, бұл – аралдағы азаттықтың, азаматтық қоғамның ақырғы демі, соңғы тұяқ серпуі секілді.

Тегтер: