Референдум Референдум
USD
USD
USD

Германияда ұсталған «қазақстандық» киллер

Биылғы жылдың тамыз айының соңын ала Германияда, Рейхстагтың маңында, неміс елінен саяси баспана сұрап жүрген ресейлік шешен азаматы Зелимхан Хангошвилиді ту сыртынан атып кеткен еді. Қылмыскер ізі суымай ұсталғанымен, кім екені дер кезінде анықталмай, неміс құқық қорғау қызметін едәуір әбігерге салған. Араға The Insider, Bellingcat и Der Spiegel басылымдарының тілшілері араласып, журналистік зерттеудің нәтижесінде ғана қандықол қарақшының кім екені анықталды.

Германияда ұсталған «қазақстандық» киллер
Фото: NEGE.kz

ГФР-дің бас прокуроры Петер Франктің өзі тікелей бақылауына алған қылмыстық істің бас күдіктісі басқа емес, тұп-тура Қазақстанның тумасы боп шықты. 1965 жылы 10 тамызда қазіргі Түркістан облысы Кеңестөбе ауылында туған. Шын есімі – Вадим Красиков. Сексенінші жылдары ол ата-анасымен Бурятияға көшіп кетеді де, кейінірек ол жақта үйленіп, екі перзент сүйген соң өз отбасын алып Иркутскіге қоныс аударады.

Биылғы жылдың басында Мәскеуге табан тіремес бұрын, оның үстінен бұған дейін 2007 жылдары да қылмыстық іс қозғалған болуы мүмкін. Ондай болжамға неміс журналистерін жетелеген күмән – құрықталған кезде Красиковтың қалтасынан 3 мың еуро мен «Вадим Соколовтың» атына берілген күмәнді паспорт табылған. Алайда, Интерполдың түр-сипат арқылы анықтайтын Microsoft Azure бағдарламасы арқылы тексергенде, 2014 жылы Ресей Федерациясы іздеу салған Вадим Красиковтың бейнесі мен «Вадим Соколовтың» түрі 80 % сәйкес келген. Оның сыртында, Вадим Соколов Мәскеуден Францияға ұшып барып Еуропа кеденінен өтеді де, одан кейін Франциядан Польшаға ұшып барады, ол жақтан жеңіл көлікпен Германияға өткен. Осыдан кейін-ақ, неміс тергеушілері Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың «Германиядағы кісі өліміне орыс билігінің қатысы жоқ» деп ат-тонын ала қашқан ресми жауабына сенбей, әуелде қылмыстық топтар арасындағы қақтығыс па деген болжамынан бас тартты.

Тексере келе, Красиковтың бұған дейін де тапсырыс арқылы кісі өлтіруге қатысы болуы мүмкін деген күмән туды. 2013 жылдың 19 қаңтары күні түнде Мәскеу көшелерінің бірінде белгісіз бір жалдамалы Кабардино-Балкариядан шыққан бизнесмен Альберт Назаровты атып кетеді. Құрбандығын ата салып, велосипедке міне қашқан жалдамалы атқыштың қолтаңбасы Красиковтың қимылымен ұштасқан. Сірә, Интерпол арқылы іздеу сол кезде жарияланса керек.

Қазір Вадим Красиков жайлы Ресей ішкі істер министрлігінің «Қылмыстық кеңейтілген базасында» ешбір мәлімет жоқ. Тек, қылмыскерге іздеу жарияланған 2014 125 нөмірлі мәліметтің офлайн нұсқасында Красиковқа қатысты іздеу амалдарының тоқтатылған күні (26.06.2015) мен базаға енгізілген жаңа дерек туралы (26.06.2015) ақпараттың даталары ғана сақталған. Басқадай бірде-бір мағлұмат жоқ. Красиковтың суреті мен саусақ таңбасы бола тұра, алдында Германия тарабы Ресейден сұрау салдырғанда, орыстар ешбір жауап қатпай қойған екен. Осының бәрін неміс журналистері анықтап отыр.

Германиядағы оқиға қалай болған? 2019 жылдың 23 тамызы күні жұма намазға кетіп бара жатқан Зелимхан Хангошвилиді белгісіз бір қылмыскер дыбысы шықпайтын тапаншамен арқасынан, басынан ата салып, велосипедке мініп тұра қашқан. Біршама жер ұзағаннан кейін, ол басындағы паригі мен үстіндегі күртесін шешіп тастап, велосипеді мен тапаншасын Шпрее өзеніне лақтырып жіберіп, дайын тұрған мопедке мініп қашпақшы болады. Сол маңда оны байқап қалған жүргіншілер дереу полицияға хабар беріп, Красиков-Соколов көп ұзамай қолға түседі.

Ал енді Зелимхан Хангошвили кім? Ол Грузияның Панкис шатқалында Дуиси ауылында туған. Ұлты шешен. 2012 жылы Грузияның Лопота шатқалына Дағыстан жақтан ауып келіп, бір ауылды кепілге алған террорлық топқа қарсы бас көтерген ерікті жауынгер. Кейінірек Грузия қарулы күштерімен бірлесе отырып көзі жойылған 11 террористің 5-еуі Ресей әскерінің арнайы дайындалған десанты екені анықталды. Сол кезден бастап Хангошвилиге «Екінші Шешен» соғысында тәуелсіздігі мойындалмаған Ичкерия республикасы үшін Шәміл Басаев пен Аслан Масхадов қатарында орыс әскеріне қарсы соғысты деген жалаға ілінген. Кейін соғыс аяқталғаннан кейін де Грузияда бейбіт өмірін жалғастырмақ болған оған жалдамалы кісіөлтіргіш екі мәрте шабуыл жасайды. Грузия билігінен жеке басына, отбасы мүшелеріне қорған таппаған соң, Зелимхан Хангошвили «Торник Кавтаришвили» боп шешесінің фамилиясына жазылған жаңа паспортпен Германияға қоныс аударады. Ресей сыртқы істер министрлігінің араласуымен «босқын» мәртебесіне қол жеткізе алмай ұзақ жүрген. Грузия әскери шенділерінің куәлік етуімен биыл ғана ол «саяси баспана алу» құқығына қол жеткізіп, жақсы жаңалық күтіп жүріпті...

2008 жылы «Чечен-пресс» ақпараттық агенттігі Ресей ФСБ-сінің жасырын бұйрығымен жасалған «Кездескен жерде көзі жойылуға тиіс орыс дұшпандарының астыртын тізімін» жариялайды. Ол тізімде Хангошвилидің аты аталмағанымен,  «Кавтаришвили» есімді адамның бар екені айтылады.

PS.

Германия канцлері Ангела Меркель мен Ресей президенті Владимир Путин әзірге бұл іс жөнінде пікір білдірген жоқ. Алайда, Зелимхан Хангошвилидің өлімі халықаралық саяси сахнада 2018 жылы Англияда улап өлтірілген Сергей Скрипальдің өлімінен кем соқпайын деп тұр...

Қанат Ескендір

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

LRT

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Иэн Армитидж

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

Қарашығанақ кен орны

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты

Михал Лабенда