15 Желтоқсан 17:00

Жақындаған сайын алыстап барады. Қазақстандағы үй бағасын НЕГЕ феноменге балауға болады?

Фото:

Пандемияға қарамастан елімізде үй бағасы шарықтап өсіп барады. Ал зейнетақы қорына «қол салуға» болатын 2021 жылдың басында баспана бағасы қымбаттауын одан сайын үдете түседі деген болжам бар.

Nege.kz редакциясына ипотекаға қатысы бар мемлекеттік ұйымның жабық сараптамасы келіп түсті. Соған сәйкес, 2018-2020 жылдары халықтың табысына сай өсіп бара жатқан тұрғын үй бағаларына 2021 жылы басталатын зейнетақы жинақтарын баспанаға бағыттау үрдісі үлкен қауіп төндіреді. Ипотека және құрылыс жүйелеріне екі есе артық салмақ түспек. Ол нарықтың едәуір қызып, баспана бағасының кем дегенде 10%-ға, ал негативті сценарий бойынша 30%-ға қымбаттауы мүмкін.

Қазір бір жылда орта есеппен 80 мың адамға ипотека беріледі. Ал келесі жылы оған жасанды түрде тағы 110 мың адам қосылуы мүмкін. Егер бір жылда 190 мың адам ипотека алуға ниеттенсе, онда бірден дайын үй тапшылығына ұрынамыз. Бұл жағдай бағаны бір мезетте қымбаттатып жібереді.

«Карантинге қатысты туындаған қазіргі экономикалық жағдайға қарамастан, жылжымайтын мүлік бағасы түседі деп күткен көпшіліктің үміті ақталмады», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген «DIXI» жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі әрі жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Нина Лукьяненко.

Оның айтуынша, теңгеге шаққанда нысандардың бағасы өсуде. Бұған не себеп болды?

«Біріншіден, баға – транзакциялар санымен тікелей байланысты. Елде пандемияға дейін ай сайын орта есеппен 21-22 мың транзакция болды. Артынша азаматтардың жүріп-тұруына шектеулер енгізіліп, нотариустар жабылып, келісімшарттарды тіркеуші органдар жұмыс істемеген кезде, мәмілелер саны күрт төмендеді. Ал қазір не көріп отырмыз? Мәмілелер санының едәуір өскенін көрдік, демек кейінге қалдырылған сұраныстың орындалуын күтеміз. Алайда, бұл жағдай ұзаққа созылмайды».

«Байқауымша, тұрғын үй бағасы зейнетақы жинақтарын алу басталмай тұрып өсе бастады», – дейді Tikmill халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Арман Бейсембаев.

«Бірақ оның әсері күшті болады деп ойламаймын. Қазір сол үрдісті күтуге негізделген алыпсатарлық өсім бар. Менің ойымша, шын мәніндегі жағдай әлдеқайда қарапайым болады. Сондықтан, алғашқы серпілістен кейін келесі жылдың ортасынан бастап баға бастапқы деңгейіне қайта оралуы мүмкін».

«Бірақ біз қазір теңгеге шаққанда барлық тауар бағасының өскенін көріп отырмыз. Ай сайынғы инфляция шамамен 0,9% деңгейінде. Мұның бәрі теңгенің сатып алу қабілетінің төмендегендігін көрсетеді», – деп жалғастырады Нина Лукьяненко.

«Егер жақын арада жылжымайтын мүлік нарығына қосылады деп күтіліп отырған зейнетақы жинақтары туралы айтатын болсақ, бұл ақшаны пайдалана алатын азаматтардың санын ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік портретін қарау өте маңызды. Ең алдымен, жылжымайтын мүлік сатып алуға келетін мөлшерде ақша шеше алатын азаматтардың осы уақытқа дейін баспана мәселесін шешуге бар мүмкіндігі болғанын атап өткен жөн».

Нина Лукьяненконың ойынша, зейнетақы жинағын шешетіндер жаппай бас қойып, барлық баспананы талап алма бермейді. Олар үйлерді орналасатын жері, сапасы мен әрлеуіне қарап таңдап алмақ. Бірақ қалай болғанда да, жылжымайтын мүлік нысандарына сұраныс артатындықтан, бұл фактор бағаларға әсер етпек. Ал Арман Бейсембаев, «зейнетақы жинағында қаржысы мол азаматтардың жылжымайтын мүлікке көп қызықпауы да мүмкін» деп болжайды.

Nege.kz есебінше, бағаның қымбаттауына септесетін екі фактор және оған қарсы тұратын бір фактор бар. Септесетін факторлардың ішінде пандемия кезінде бәсеңдеп қалған құрылыс қарқынының кесірінен келесі жылы болатын баспана дефициті мен салынып жатқан құрылысқа ипотека алуға мүмкіндік беретін бағдарламалардың пайда болуын атап айтуға болады. Ал бағаның өсуіне кедергі болатын жалғыз нәрсе – халықтың төмен табысы.

Тегтер: