Теңге мен инфляция. Ұлттық валюта алдағы қыстан НЕГЕ қорқып отыр?
Мемлекет басшысынан тапсырма алған Ұлттық Банк үшін инфляция деңгейін бекітілген коридорға қайтару ең маңызды мәселеге айналды. Бірақ бұл жоспардың барлығын теңгенің құлдырауы құртуы мүмкін. Қадағалаушының қолында валюта нарығындағы интервенциядан басқа құрал бар ма?
Теңге бағамының құлдырауы импорттың қымбаттауына алып келіп, одан әрі «домино» эффектісімен инфляцияны өршітетіні түсінікті. Сауда балансының құрылымына қарап, бізде инфляцияға әсер ететін тауарлар тобының басым бөлігі сырттан тасылатынын байқауға болады. Импортты алмастыруы тиіс жалпыұлттық жоба – «Қарапайым заттар экономикасы» әлі өз жемісін бере қойған жоқ. Тіпті "жеміс бере ме?" деген сұрақ бар.
«Теңгенің жақын болашағын мемлекеттің төлем балансынан болжауға болады. Егер баланс теріс болса онда валютаның әлсірейтіні анық. Егер оң болса - валютамыз әлі де жарамды деген сөз», - деп жазады, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. Оның пікірінше бүгін АҚШ-та тұтынушылық бағаның өсуі тамызда 0,3% -ға дейін төмендегені тіркелген. Демек, доллардың теңге мен басқа да әлсіздеу валюталарға қатысты күрт күшеюі күтілмейді.
«Бірақ теңгенің әлсіреуінің барлық алғышарттары бар. Сондықтан Ұлттық Банк базалық ставканы инфляция жоғары болғандықтан емес, теңгенің тағдырына алаңдағандықтан көтеріп отыр. 8,7% инфляцияны біз бұған дейін де бастан кешкен болатынбыз. Ал қазіргі жағдайда теңгенің құнсыздануы біз үшін өте жағымсыз әсер беретін еді»
Расул Рысмамбетовтың жазуынша айырбас бағамын басқару әдістеріне күшті экономиканы құру мен салмақты сауда балансын қалыптастыру кіреді. Ал Ұлттық Банк қысқа мерзімді ставкалармен кей өткір бұрыштарды тегістеп отырады.
Экономист Мұрат Темірхановтың пікірінше мемлекет инфляцияны ауыздықтауда әлі күнге дейін коммунистік әдістерін қолданып келеді. Бірақ ол мүлде тиімсіз. «Нарықтық экономикасы бар дамыған бірде-бір мемлекетте инфляцияны қалай тоқтатамыз деген талқылауларды және оған қарсы мемлекеттік шаралар бастаудың өзін елестету мүмкін емес».
«Қазір ұсынылып отырған шаралардың бізде 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан бері бірнеше рет қолданғанын, одан еш нәтиже болмағандығын ұмытпауымыз керек. Әкімшіл-әміршіл принцип инфляцияға одан сайын жел береді»
Ұлттық Банктің мәліметінше қазір депозиттердің долларлануы 36% -ға дейін төмендеді. Бірақ ұлттық валютаның құлдырауы депозиттерін теңгеде ұстап отырған азаматтарға соққы болып, олардың қайтадан долларға ауысуын туғызуы мүмкін. Сондықтан Ұлттық Банк теңге бағамының жайлы коридорда тұруын күнделікті бақылауда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда интервенцияға да кет әрі емес.
Елдегі депозиттердің сомасы 25,2 триллион теңгеге жетіп отыр. Оның 14,7 триллионы заңды тұлғаларға, ал 12,2 триллион теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі.