Онлайн оңай емес. «Удаленкада» отырғандарға НЕГЕ салық салынуы мүмкін?
Deutsche Bank сарапшылары «қашықтықтан жұмыс істеп отырғандар салық төлесе, экономика балансы реттеледі» деген пікірде. Ал біздің сарапшылар ондай теорияның Қазақстанда жұмыс істемейтінін айтады.
Deutsche Bank стратегі Люк Темплеменнің «удаленкада отырғандар өз табысының 5 % мөлшерінде қосымша салық төлеуі тиіс» деген шешімге келгенін осыдан біраз уақыт бұрын BBC жазған болатын. Батыста бұл сұрақ бірнеше рет талқыланды. Бірақ нәтижесінде әлі ешқандай шешім қабылданған жоқ.
Темплемен идеясы бойынша қашықтықтан жұмыс істеп отырған жандар бұрынғыдай жалақы алады әрі оқшау отырғандықтан, олардың коронавирус жұқтыру қаупі шамалы. Сонымен бірге, жол мен басқа да шығындардан құтылған. Есесіне, жұмысын онлайнға көшіре алмайтын, тек қана сыртқа шығып жұмыс істейтін азаматтар бастарын күнде қауіп-қатерге тігіп жүр. Әрі ешқандай үнем жоқ. Осы теңсіздікті реттеу үшін удаленкада отырғандарға салық салынып, одан жиналған ақша далаға шығып жұмыс істеп жүргендерге қосымша төлену керек.
-
Тақырыпқа орай: Бара бер, боссың! НЕГЕ мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту экономикаға кері әсерін тигізуі мүмкін?
«Бірақ бұл идея бізге келіңкіремейді», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Бізде ресми табыс алатын жандардың елдегі экономикалық белсенді азаматтар арасындағы үлесі көп емес. Және қазіргі жағдайда биліктің оған бара қоюы екіталай».
«Біздің адамдар ауырамын десе, үйде отырып-ақ коронавирус жұқтырып алады. Бізде оқшаулану мәдениеті толық қалыптаспады. Жұмысты үйде отырып істесе де, дүкенге, базарға, түрлі той-томалақтарға емін-еркін бара береді. Сондықтан, Қазақстанда онлайндағылар ковид жұқтырмайды, ал жұмыс орнына барып жүргендер басын бәйгеге тігіп жүр деп айта алмас едік».
«Менің ойымша, бұл тәсіл мүлдем дұрыс емес», – деп түйеді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов. «Мүмкін бұл дамыған елдерде іске асатын шығар. Ал бізде жағдай мүлдем басқа. Егер мемлекет экономиканы қолдағысы келсе, онда әлеуметтік төлемдерді көбейте алады».
«Естеріңізде болса, бізде ең төменгі жалақыны күнкөріс деңгейінен асыру бойынша бастама қарастырылған болатын. Сонда бір жылда елге 96 миллиард теңге қажет болған. Менің ойымша, удаленка біз үшін күн тәртібінде тұрған проблема емес».
Марат Қайырленовтың айтуынша, бұл – жалпыға ортақ ұзақ уақытқа созылатын үрдіс. Мысалы, интернет-банкинг пайда болғалы бері азаматтар мен есепшілер банкке жиі баруды доғарды. Бірақ оған ешкім тиым салған жоқ қой. «Бәрі онлайн режиміне ауысып жатыр және ол – әлемдік тенденция. Тек коронакризис бұл үрдісті жеделдетті», – деп түйіндейді Марат Қайырленов.
Nege.kz өз кезегінде отандық сарапшылардың пікірімен келіседі. Бізде жаппай қашықтықтан жұмыс істеу пандемия кезінде, үкімет бекіткеннен кейін ғана болып отырған құбылыс. Вакцина кеңінен егіліп, пандемия біткеннен кейін үйде отырғандардың көбі кеңсеге қайта оралатын болады.