23 Қараша 09:00

Проблемалық кредиттер қорының қателігі НЕГЕ нарықты дүр сілкіндірді?

Фото:

Проблемалық кредиттер қоры АТФБанктің жұмыс істемей тұрған кредиттерін сатып алады деген жаңалық жарияланды да, бірден теріске шығарылды. KASE-ге ақпарат жолдайтын ірі компаниялар бұрын бұлай қателеспейтін еді.

Өткен аптаның соңында Қазақстан қор биржасының сайтында 18-ші қараша күнгі датамен Проблемалық кредиттер қорының екі құжаты жарияланғаны белгілі болды. Бірі 174 миллиард теңгеге облигациялар шығару, екіншісі Jysan bankке жұтылып жатқан АТФБанктің кредиттерін сатып алу бойынша шешім.

Проблемалық кредиттер қорының жарамсыз деп танылған құжаты. Дереккөз: KASE

Осы мәліметтердің негізінде ақпарат құралдары АТФБанктің нашар кредиттерін мемлекет алады деп жазған. Бірақ Проблемалық кредиттер қоры мұндай шешімнің жоқтығын айтып, құжаттарды кері қайтарып алды. KASE-ге шыққан құжаттардың жарамсыз деп танылуы сирек кездесетін жағдай.

«Үлкен техникалық қателік жіберілді. Проблемалық кредиттер қорының жауапты адамдары қателесіп, Қазақстан Қор биржасына басқа файлдар жіберіп қойған», - дейді, жағдаймен таныс ақпарат көзі. Оның айтуынша, электронды құжат алмасу жүйесінде құжаттар шатасып кеткен.

Проблемалық кредиттер қоры отандық Documentolog электронды құжат алмасу жүйесін қолданады. Техникалық қателік, адами фактор әр компанияның жұмыс барысында кездесетін жағдай болғандықтан оған түсіністікпен қараған жөн. Мұнда әңгіме басқада. Кері қайтарылған құжаттың жобасына қарап, қорда АТФБанктің проблемалық активтерін қабылдау бойынша шешімнің қарастырылғанын байқауға болады. Қордың аты айтып тұрғандай, ол проблемалық, жағдайы нашар активтермен айналысатын мекеме. Бұған дейін Казком, Цесна банктердің балансын тазалап беріп, барлық жұмыс істемейтін кредиттерін өзіне қабылдады. Логикаға сүйенсек, оның АТФБанк активтерін сатып алуы заңды құбылыс.

«Тараптар әлі саудаласып жатыр», - дейді, сенімді ақпарат көзі. «Jysan bank АТФБанкті тап-таза, еш олқылығы жоқ мөлдір портфельмен алғысы келеді»

Бірақ АТФБанктің жұмыс істемейтін нашар кредиттерін қайда қоямыз? Дисконтпен Қорға сатқан жағдайда, жеңілдіктің көлемі қандай болады? Мұнда мемлекет үшінші жақ ретінде саудаға араласып отыр. Ақпарат көзінің айтуынша, мәселені шешудің үш жолы бар. Нашар кредиттерді Jysan сатып алады немесе мемлекетке өтеді. Үшінші компромистік жолы - нашар портфельді Jysan bank пен мемлекет бөліп алуы мүмкін.

АТФБанк активтерінің ортақ сомасы қазан айында 1,4 триллион теңгені құраған. Оның құрылымын сараласақ, басым бөлігі кредиттер екенін байқаймыз. Активтер құрылымында кредиттер көп болса, тиісінше түрлі тәуекелдер де арта түседі.

Былтыр AQR қортындысы бойынша, банктің провизиясында 44 миллиард теңге дефицит бар екені анықталған. Қазіргі дефицит бойынша ашық ақпарат жоқ. Бірақ бұл жерде де жағдайдың мәз еместігін шамалай аламыз. Банктің әдемі ертегісі аяқталғанын осының алдында жаздық. Енді қорқынышты ертегісі басталды.

Тегтер: