Jysan иісі. «Jysan bank» НЕГЕ Kcell-ге ауыз салды?
жазады Bloomberg. Бірақ банк та, ұялы байланыс операторы да ол ақпаратты әзірге ресми растамады. Әңгіме Ксell-дің «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына тиесілі 75 пайыз акцияларында болып отыр.
Қазақтелеком 2018 жылы Ксell акцияларын 446 миллион долларға сатып алған болатын. Қазір ұялы байланыс операторының нарықтағы капитализациясы 1,2 миллиард доллар құрайтынын ескерсек, Kcell-дің 75 пайыз акциясы кем дегенде 450 миллион долларға бағалануы тиіс. Оған Jysan bankтің шамасы жете ме?
2020 жылдың қортындысы бойынша Jysan bank біріктірілмеген қаржылық есебі. Фото: jysanbank.kz
2020 жылдың біріктірілмеген қаржы есебі бойынша, Jysan капиталы 311 миллиард теңгеден асады. Активі 1,6 триллион, ал міндеттемелері 1,3 триллион теңге шамасында. Ұялы байланыс операторының 75 пайыз акцияларын сатып алу үшін банкке өз капиталының жартысынан астамын шығындау керек болады.
- Тақырыпқа орай: Кезінде 2 миллиард доллар еді. «АТФБанк» бағасы НЕГЕ 90 миллион доллардан аса алмайды?
«Бұл әзірге тек әңгіме, демек нақты келісімді көріп отырған жоқпыз. Тіпті келісімнен мәмілені жабуға дейін де үлкен қашықтық бар», – деп түсіндіреді TikMill брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев.
«Жалпы, мен үшін банкке ұялы байланыс операторының не үшін қажет екендігі әлі түсініксіз. Банктің өзі жақында 1 триллион теңгеге қосымша капиталдандыруды бастан өткерді, иелері ауысып ребрендинг жасады және қазіргі қаржылық ахуалы сын көтермейді»
Карантин басталғаннан бері Jysan bankтегі проблемалық несиелердің (NPL) көлемі 26 миллиардқа артып, 421,2 миллиард теңгеден асты деп жазады Анатомия рынка. Сонда елдегі барлық банктердегі ортақ проблемалық кредиттердің 30 пайызы Jysanға тиесілі болып отыр. Бұл өте жағымсыз сигнал.
«Жаңа қожайындар банкті түбегейлі өзгертіп, нарық көшбасшыларын қуып жетуге тырысып жатқанын бөлек атап өтуге болады», – дейді Арман Бейсембаев. Оның сөзінше, ұялы байланыс операторын сатып алу ықтималдығы банкті жедел цифрландыру мен әлеуетті клиенттік базаны кеңейту жолындағы тағы бір қадам болып табылады.
Nege.kz есебінше, Jysan Kaspi банк жүріп өткен жолды таңдап отыр. Бірақ нарықтан өз үлесін алуға берілген уақыттың аз екенін біледі және Ксell абоненттік базасын иелену арқылы жаңа клиенттерге өз қызметін ұсынбақ. Стратегиясы дұрыс, бірақ қаржылық жағдайдың мәз еместігі банктің бұл жоспарын болдырмауы мүмкін. Онымен қатар, монополияға қарсы агенттіктің қандай шешім шығаратыны да белгісіз.
2020 жылдың қортындысы бойынша Kcell аудиторлық есебі. Фото: kcell.kz
Kcell Ernst&Young жүргізген аудиторлық есеп бойынша 2020 жылы 17,5 миллиард теңге таза пайда тапқан. Активтерінің қаржылай көлемі 216 миллиард теңге, ал міндеттемелері 134 миллиард теңгені құрайды. Оны ішінен шамамен 73 миллиард теңге қаржы ұйымдарына қарыз. Бірақ қарызын уақытылы төлеп келеді.
- Тақырыпқа орай: Тұрғыза білді! Kaspi.kz Қазақстанның ең қымбат компаниясы атанды
Jysan – әлеуеті бойынша еліміздегі үшінші банк болып табылады. Оның алдында тек Kaspi мен Халық банкі тұр. Әрине, егер ол Kcell-ді сатып алса, одан сайын күшейетініне сөз жоқ. БІрақ біздің есебімізше, Jysan bank тіпті өзі жұтқан АТФ Банкті әлі қорытып үлгермеді.
Сондықтан бір істі шешпей жатып, «АТФБанк» мәселесіне нүкте қоймай тұрып, мүлде басқа секторда жұмыс істеп жатқан компанияға ауыз салуы асығыс шешімге ұқсайды. Және ол кейін банктің қаржылық жағдайына жағымсыз әсер беруі мүмкін.