7 Қыркүйек 17:10

ИВЛ жасап жаны қалды. «Қазақстан Инжиниринг» НЕГЕ әскери техника саласынан медицинаға ауысуы мүмкін?

Фото:

Танктен көрі ИВЛ пайдалы сияқты. «Қазақстан Инжиниринг» өзі үшін жаңа салаға аяқ басып, одан жақсы пайда таба бастады.

Әскери техника жасап, жыл сайын қарызға батып жүрген «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы былтыр пандемия өршіп тұрған кезде ИВЛ аппараттар жасап, өткен жылдың қортындысы бойынша 464 миллион теңге пайдаға шыққан.

Мысалы, 2019 жылы компания 6,9 миллиард теңге шығын көрген еді. Бұл – ұлттық компанияның соңғы 5 жылда тұңғыш рет кіріс түсіруі. «Қазақстан инжиниринг» өзінің әкімшілік шығыстарын 1,2 миллиард теңгеге қысқартқан. Бірақ басты кірісті оның құрамына кіретін «Қазақстан АСЕЛСАН инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әкеліп отыр. Бір жыл ішінде олар 1500 ИВЛ аппаратын құрастырып, елдің түкпір-түкпіріндегі 297 емханаға жеткізген.

«Қазақстан Инжиниринг» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржы есебі. Аудитор: Moore Stephens Kazakhstan

«Әскери зауыттардың конверсияға бет тұрып, тұрмыстық тауарлардан орасан зор кіріс тапқан сәттері тарихта аз емес», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Бірақ ұлттық компанияның негізгі саласы – отандық әскери техника жасау және қолданыста барын жаңартып, модернизациядан өткізіп отыру».

«Стратегиялық және ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан бізге, әрине, отандық әскери техниканың көптен өндірілуі маңызды. Әсіресе оқ-дәрі, снарядтар мәселесіне басты назар аудару керек. Ірі қоймалардағы жарылыс біздің әскери потенциалымызға айтарлықтай зиян тигізді. Ұлттық компанияның түрлі жолдармен кіріс алуына қарсы емеспіз, бірақ ол негізгі бағытынан ауытқымауы тиіс. Қазір Орталық Азия аумағында соғыстың басталу мүмкіндігі өте жоғары болып тұр»

Ұлттық компания былтыр бар-жоғы 2 дана Ми-8АМТ/Ми-171Е тікұшақтарын құрастырып үлгерді. Биыл Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық гвардия үшін тағы 6 тікұшақ құрастыру жоспары бар.

Қазір компанияның жеке капиталы 42 миллиард теңгеден асады. Ал міндеттемелері 101 миллиард теңгеге жеткен.

Тегтер: