23 Желтоқсан 14:30

Бәрі облигация мен акцияда. Зейнетақы қоры НЕГЕ ақша таппай қиналатын болады?

Фото:

Болжам бойынша, келесі жылы азаматтар зейнетақы қорынан 1,7 триллион теңге шешуі мүмкін. Бірақ БЖЗҚ-да ондай «кэш» бар ма?

Парламент зейнетақы қорындағы артық қаржыны алуға рұқсат ететін бабы бар заң жобасын мақұлдады. Енді президент қол қояды да, биыл ең көп талқыланған бастама заңға айналып, өз күшіне енеді. Бірақ зейнетақы қорында қаржы ақша түрінде жатпайды дейді, сарапшылар. Инфляция азаматтардың қаржысын жеп қоймауы үшін БЖЗҚ қаржыны инвестиция ретінде құнды қағаздарға салып отырады.

«Біздегі инфляция деңгейін ескерсек, егер ақшаны құнды қағазға салмай, кэш күйінде ұстағанда жылына 7% құнын жоғалтып отырасыз», - дейді, EXANTE халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Андрей Чеботарев. «Бір де бір басқарушы компания қаржыны ақша күйінде ұстамайды. Тек нарықтар құлайтынын білген ғана кезде, ақшаға ауысуы мүмкін».

БЖЗҚ деректері

Қазір БЖЗҚда 11,4 миллион жинақ ашылған. Қордаланған сома көлемі 12,7 триллион теңгеге жетті. Оны Ұлттық Банк өз басқаруына алып, инвестицияға бағыттап отыр. Инвестициялық қоржынның қазіргі құны 11,7 триллион теңгені құрайды. Ал инвестициялық шоттағы «кэш» бар-болғаны 172,7 миллиард теңге ғана. Демек, қолма-қол халыққа төлейтін ақша жоқ. Оны БЖЗҚ қайдан алады?

«Ақша қажет болғанда зейнетақы қоры өзінің ең өтімді, нарыққа қызықты активтерін сататын болады», - деп жалғастырады Андрей Чеботарев.

«Ал бұл қалған салымшылардың салымдарының табыстылығына кері әсер ететін фактор»

Әлеуметтік желілерде "БЖЗҚ бір мезетте 1 триллион 200 миллиард ақша бере алады. Ал қалған 500 миллиард теңгені Ұлттық Банк Халық банкінен талап етіп отыр" деген қауесеттер тараған болатын.

Оның рас-өтірігін тексеру үшін, БЖЗҚ портфеліндегі Халық банкінің үлесін шолу керек. Шынымен де, БЖЗҚ қоржынында Халық банкінің номиналды сомасы 500 миллиард теңгені құрайтын облигациясы, 88 миллиард теңгеге бағаланып отырған акциялары мен 9,7 миллиард теңгелік депозитарлық қолхаты бар.

БЖЗҚ деректері

Акцияларды БЖЗҚ қалаған уақытында сатып жібере алады. Ал облигацияларға қатысты ондай мүмкіндік жоқ. Әр облигацияның айналымда жүреді деп бекітілген мерзімі бар. Алдағы қаңтар айында зейнетақы қорына Халық Банкінен тек 63 миллиард теңгеге шығарылған облигация сомасы қайтуы тиіс. Ал қалған 440 миллиард теңгенің қайту мерзімі 2022-2025 жылдар деп көрсетілген.

Nege.kz есебінше, жақын арада БЖЗҚ активтерін ұстап отырған Ұлттық Банк нарықта белсенді қимылдап, акцияларды сата бастайтын болады. Егер ол орын алмаса, басқа қауыпті трендті көруіміз мүмкін. Ол - теңге принтерінің қосылуы.

Ұлттық Банк 1,7 триллион теңгені станокта басатын болса, инфляцияны ауыздықтау оңай тимесі анық.

Тегтер: