26 Наурыз 18:15

Фарида Гасизова: Елімізге келген 4 мыңға жуық дүнген Жетісу өңіріне табан тіреген

дүнген этносы
Фото: жеке мұрағаттан

Дүнген этносының Қазақстанға қоныс аудару тарихы әрқилы. Олар жазалаушы әскерден бас сауғалап қазақ жеріне табан тіреген жылдары түрлі қиындықты бастан кешірді.

Елімізде өмір сүріп жатқан 70 мыңға жуық дүнген ұлтының өмірі жайында Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «ShinSyn» дүнген этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Фарида Гасизова Айдырқызы әңгімелеп берді. 

Дүнген ұлты Қытайға сауда жасау арқылы келген

– Ертедегі аңыз бойынша дүнген ұлтын арабтар мен қытайлардан тараған деседі. Таң әулетінің императорының билік құрған кезінде оның түсіне жасыл тақия киген адам еніп, оны құтқарып қалған екен. Содан кейін император астролог маманын шақырып, оны құтқарып қалған Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі екенін айтады. Император Мұхаммед Пайғамбарды (с.ғ.с.) шақыру үшін елші жібереді, бірақ ол Қытайға сапарға жолдастарын жөнелткен деседі. Империяны сол кезде Қытай аумағындағы 3 мыңға жуық сарбаз қорғады. Бірақ үйіне қайтуды сұраған ержүрек, адал жауынгерлерін император жібергісі келмей алып қалудың жолын іздей бастайды. Сөйтеді де, маңайындағы шенеуніктердің қыздарын шақырып ұлан асыр той жасайды. Жауынгерлер өздеріне ұнайтын кез келген қызға үйленуге рұқсат етілді. Содан бері бұл аралас некеден кейін мұсылман дінін сақтаған, ана тілінде сөйлей бастаған балалар дүниеге келген екен. Әрине, бұл аңыз болса да шындық бар. Бірақ ғылыми талаптарға толық жауап бермегендіктен бұл туралы пікірталас күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

дүнген
жеке мұрағаттан

Демек, дүнгендер Таң-Сұң династиясы кезінде Қытайға сауда жасау арқылы шығысқа келген мұсылман қауымы. Олар даму, қалыптасу сатысында маңайындағы ұлттардың мәдениетін сіңірген. Яғни, дүнген Қытайдағы аз ұлттар ішіндегі саны көп және шашырап қоныстанған ұлт. 2000 жылы өткен санақ бойынша Қытайда 9 миллион 816 мың 805 дүнген бар делінген. Соған қарағанда сан жағынан қытай, жуаң, манжүр ұлтынан кейінгі төртінші орынға дүнген ұлты жайғасқан.

Ал дүнген этносы Қазақстанға 1877 жылдың желтоқсан айында және 1884 жылы қоныс аудара бастады. Елімізге қашып келген 4 мыңға жуық дүнген Жетісу өңіріне табан тірейді. Патша үкіметі оларды екі мақсатта пайдалануды көздеді. Бірінші, Құлжа аймағындағы экономикалық жағдайды әлсірету керек болса, екінші, егер саяси жағдай күрделене түссе дүнген ұлтын Қытайға қарсы әскери күш ретінде қолданбақ болды.

«ShinSyn» дүнген этно-мәдени бірлестігіне – 35 жыл

– «ShinSyn» дүнген этно-мәдени орталығы осыдан 35 жыл бұрын құрылған болса, биыл мерейтойын атап өтеміз. Осы бірлестіктің төрайымы ретінде дәстүрді, әдет-ғұрыпты, халық өнерін сақтау мен насихаттауды басты міндет ретінде орындауға тырысып келемін. Бүгінде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, туған елі мен тілін құрметтеуге шақырып, патриоттық рухта тәрбиелеуге көңіл бөлу маңызды.

дүнген этносы
жеке мұрағаттан

Дүнген ұлты Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекетінде де бар. Қазір Қазақстанда 70 мыңға жуық дүнген тұрады. Дүнгендердің негізгі шоғырланған жері Жамбыл облысының Қордай ауданы. Олар қытай тілін ортақ тіл ретінде пайдаланғандықтан кейде ислам дінінің ықпалымен араб және парсы тілін араластырып сөйлейді. Яғни, мұсылманның сүннет жолын таңдаған дүнгендер араб жазуын көбірек қолданып, тіпті атты да азан шақырып қоятын болған. Ал Тибет аймағында тұратын дүнгендер тибет тілін меңгеріп алса, ішкі Моңғол және Шыңжаң аймағындағылар қазақ, ұйғыр тілін біледі. Бір сөзбен айтқанда, түрлі ұлттың мәдениеті мен тілін сіңіріп, күнделікті өмірде қолдана берген.

Қазақстан халқы ассамблеясы – ең қуатты институт

– Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздің аумағында тұратын қаншама этностарды біріктіріп отырған маңызды ұйым. Кейде қоғам өкілдері мұндай мекеменің пайдасы мен қажеттілігі туралы жиі сөз етеді. Жауап түсінікті және қарапайым. Әрине қажет, өйткені біздің көпұлтты қоғамымызда Қазақстан халқының бірлігі идеясы қажет. Халық бірлігі – ең басты құндылық. Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысын біздің тамаша аналарымызбен және үй шаруасындағы әйелдермен салыстырамын. Бүл орынсыз салыстыру шығар, бәлкім. Бірақ үй таза болса, тәртіп әдеттегідей қабылданады, бірақ үйдің айналасында ештеңе жасамасаңыз, тәртіпсіздік бірден байқалады. Осының өзі біраз жайттан хабар беретін шығар.

дүнген ұлты
жеке мұрағаттан

Біз қазақ халқына алғысымызды өмір бойы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеміз. Қазақтың мейіріміне, жылы шырай жүзіне, қонақжайлылығына, махаббатына мың алғыс! Ең бастысы, Отанымыз бар, шаңырағымыз бар, аспанымыз тыныш, барлығына шүкіршілік етеміз! Бәріміз бір шаңырақтың астында тұрамыз, бәріміз бір қазақстандық отбасының мүшелеріміз.

Дүнген шаш үлгісін жасау да бір дәстүр 

– Басқа халықтар сияқты біздің де қызықты салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз өте көп. Біздің үйлену тойымыздың өзі бір дәстүр. Келін түсіру, сыйлық алмасу, бойдақ кеші, келіннің сыңсу айту да салтқа енген. Мерекенің өзінде қыз үшін құн сұралып, түрлі салт-дәстүр ойындары мен күрестер ұйымдастырылады.

Үйлену алдындағы ең қиын жұмыстың бірі – қалыңдықты дайындау. Дәстүрлі дүнген шаш үлгісін жасау үшін шашты біріктіретін фиксатор гелі мен жіптер қолданылады. Қалыңдықтың шаш үлгісі гүлдермен және үйлену тойының бас киімімен толықтырылады.

дүнген этносы
жеке мұрағаттан

 Бұрынғы уақытта мұндай зергерлік бұйымдар күмістен жасалған және тек бай отбасылардың қыздарына ғана қолжетімді болды. Бұл күні күйеу жігіттің костюмінде де ерекше белгілер бар. Костюмнің жоғарғы жағына қызыл және жасыл ленталар бекітіледі. Менің ойымша, мұндай үйлену тойын өмірде бір рет көрсеңіз барлық қызықты элементтеріне бірден назар аудара аласыз.

Тағы бір айтарым, бізде де кез келген халық сияқты халық өнерін жалғастырушы тамаша өнерпаздар бар. «Чунтянь» дүнген халық ән-би ансамблінің өнерін тамашалаған жұрт таңдай қағады. Одан бөлек қолөнер бұйымдарын, ұлттық шаш үлгісін жасай білетін мамандар ұлттық стилді сақтап келеді.