14 Сәуір 15:34

«Ескі көздер» Жаңа Қазақстанды қалай құрмақшы?

Фото:

Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанның» іргетасы қалай қалануы керектігін нақтылап айтып берген еді. Содан бастап билікте кадрлық ауыс-түйістердің легі басталып кетті. Бұл Жаңа Қазақстанды құрудың басы ма, әлде имитация ма?

Бұған дейін де көпшіліктің көкейінде ескі әдіспен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады деген ой туындаған еді. Билік басына жаңа мамандар келген жоқ, есесіне, бұрыннан келе жатқан кадрлар бір-бірінің орнын алмастырды. 

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Әділет министрі Қанат Мусин «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы баспасөз брифингін өткізді. 

Жаңа Қазақстанды ескі тәсілмен, ескі кадрлармен қалай құруға болады?

Nege.kz порталының тілшісі екі министрге осы сауалды жолдаған болатын. Алайда, бас министрлер сұрақты түсінбеген сыңай танытып, жауап беруді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековка сілтеп жіберді. 

«Жаңа Қазақстанды ескі кадрлармен құру деген түсініктің өзінде де мән беретін нәрсе бар. Жаңа Қазақстан болсын, ескі Қазақстан болсын оны Қазақстан Республикасының азаматтары құрады. Кез келген азамат өзінің кәсіби деңгейіне байланысты Қазақстан Республикасының дамуына өзінің белгілі бір үлесін қоса алады. Президент те өзінің телеарналарға берген сұхбатында айтқан болатын.

Яғни, қазіргі кезде жоғары деңгейде басқара алатын азаматтардың тізімі көп емес. Соған қарамастан, қазіргі таңда президенттің саясатымен жастар кадр резерві қалыптасқан. Сол кадр резервтің екі кезеңінен 350-дей жаңа толқын басшылық қызметке қосылып жатыр. Соның бірден бір дәлелі ретінде біздің министрліктің де құрамын айтса болады.

Жастар кадр резервінің мүшелері министрліктің басшылық құрамында да бар. Бұған дейін де басшылық қызмет атқарып келген азаматтар қызметке жаңадан тағайындалып жатыр. Сонымен қатар, жас буын да ел басқару жұмыстарына, билікке араласып жатқанын жоққа шығармау керек», – деп жауап берді экономика вице-министрі.

Жастардың кейбірі лауазымды қызметтерге тартылып жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Алайда биліктің негізгі тегершіктері әлі де «ескі көздердің» қолында екенін өздері де іштей мойындаса керек. Бірақ спикерлер әдеттегідей «бас жаққа» барыспады...  

Тегтер: