17 Наурыз 13:54
...

Кабинетінде қыз зорлаған бұрынғы полиция бастығының әйелі де тергеліп жатыр

Марат Күштібаев
Фото: gov.kz

Антикор Талдықорған қалалық полициясының бұрынғы бастығы Марат Күштібаевтың әйеліне қатысты іс жүргізіп жатыр.

Алматы, NEGE. Жетісу облысы прокуратурасының хабарлауынша, жергілікті Антикоррупциялық қызмет департаментінде ҚР ҚК 422-бабы, 1-бөлігі бойынша жәбірленушіге пара беру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», - деп хабарлады прокуратура.

Іс материалдарына сәйкес, Күштібаевқа қатысты сот процесі жүріп жатқан уақытта, оның жұбайы жәбірленушіге 40 миллион теңге беріп, айғақтарын өзгертуін сұраған. Бұл қаражат сот хатшысы арқылы табысталған. Алайда жәбірленуші ақшаны алғанымен, айғақтарын өзгертпеген, нәтижесінде Күштібаев «Қызметтік міндеттерін орындау кезінде зорлау» бабы бойынша 11 жылға сотталған.

Бұл ретте сот хатшысы құқық қорғау органдарына жүгініп, жәбірленушіні, оның адвокатын және Күштібаевтың әйелін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған.

Сот кабинетіндегі деректерге сәйкес, 2024 жылдың қараша айында Марат Күштібаевтың әйеліне қатысты тергеу сараптама жүргізу үшін тоқтатылған.

2024 жылғы 9 ақпанда бұрынғы полиция бастығына қатысты қылмыстық іс Талдықорған қалалық сотына келіп түсті. Мұнда сот хатшысы сотталушының әйеліне жәбірленуші өз айғақтарын өзгерткені үшін 50 млн теңге талап ететінін айтты. Сотталушының жұбайы келіскен. Кейін хатшы Көштібаевтың әйеліне талап етілетін соманың 40 млн теңгеге дейін төмендегені туралы хабарлады.

Сот хатшысы ақшаны екі бөліп алған. Алайда, жәбірленушіге тек жартысын берген, қалған 20 млн теңгені өз қалтасына басқан.

Естеріңізге сала кетейік, зорлық көрген қыз 6 жылға сотталды.