«Еш сөкеттігі жоқ...» – Танымал әншінің «таксовать етіп» жүргені рас па?

Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті, қоғам белсендісі Бекнұр Қисықовтың жазбасынан кейін әлеуметтік желіде елімізге еңбегі сіңген әртіс, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев «таксист болып жүр» деген әңгіме тарады. NEGE тілшісі әншіге хабарласып, мән-жайды сұрады.
– Рамазан аға, сізді «таксист болып кетіпті» деп жатыр ғой...
– Өткенде Көктөбеде президент ауызашар беріп, шақырту келді. Соған кетіп бара жатқан жолда бір азамат қол көтеріп, такси ұстап тұр екен. Тоқтап едім: «Төбеге қарай бара жатыр едім, ала кетесіз бе?», – деді. Өзі орыстілді жігіт екен, жеткенше шүлдірлеп әңгімесін айтып барды. Бірақ ол мені, мен оны танымаймыз. Межелі жерге жеткенде рақметін айтып түсіп қалды.
Кешкісін жігіттер «мына кісі сізге риза болыпты, анасы сіздің әндеріңізді тыңдайды екен» деп жеткізді. Әлгі кісінің пікірі тарағаны сол екен, «Рамазан Стамғазиев таксист болып кетіпті» деп жалаулатып жіберген көрінеді.

Жолай адамдардың қол көтеріп тұрғанын көргенде, ақыры көлігім бос бара жатыр ғой деп, ала кететінім бар. Оған бола ақы алатындай, күніміз соған қарап қалған жоқ. Шүкір, Өнер академиясында, консерваторияда және Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде дәріс беремін. Арасында қатысатын концерт, той-томалақта ашатын беташарым бар. Осылайша Құдайдың ризығымен күн кешіп жатырмыз.
– Кейбір атақты адамдар қоғамдық көлікке отырып, жол-жөнекей әңгімелескенді жақсы көретінін айтады. Сіздің де сондай әдетіңіз бар ма?
– Күнде шығуға қолым тие бермейді. Бірақ үйге алыстан қонақтар келгенде метроны аралататыным бар. Қоғамда қандай өзгеріс болып, қандай өркениет орнап жатқанын үлкен кісілерге көрсетіп тұрған жақсы ғой. Кейде көлігіміз бұзылып қалатын немесе бауырларымыз сұрап алатын кездер болады. Сол сәттерде қоғамдық көлікпен не болмаса таксимен жүремін. «Танымал әртіспін, сондықтан көлікпен ғана жүруім керек» демеймін.
– Көптеген білікті, білімді азаматтар дипломды сандыққа салып қойып, таксист болып жүр. Бұл қоғам азаматы ретінде жаныңызды ауыртпай ма?
– Менің таныстарымның арасында ғылым кандидаты, тарихшы, физиктер бар. Бірақ олардың үкіметтен алатын жалақысына жан баға алмайтыны анық. Оқытатын балалары, төлейтін несиелері, ішер ас, киер киімі бар. Жетпеген соң не істейді, еріксізден қосымша табыс табуға ұмтылады. Ешқайсысы намыстанып жүрген жоқ, қалайда жан бағу керек.
Біздегі атағы дардай әртістер де бәрі бірдей концерттік бірлестікте жұмыс істемейді. Сондықтан қосымша жұмыс істейді. Оның еш сөкеттігі жоқ. Дегенмен, жағдайымыз мүшкіл деп жылайтын емес, шүкір.
Өнер адамы жан-жақты болғаны жөн деп ойлаймын. Қол қусырып отыратын емес, шақырса эстрадалық, оркесторлық концерттен бастап, беташары, той-томалағы, бәріне бірдей барамын. Егер мен дәстүрлі әншімін, домбырамен ғана айтамын деп отыра берсең, онда аш қаласың.
– Наурызға қалай дайындық көріп жатырсыз?
– Өнер академиясы Ұлттық мерекені бастап кетті. Мейрам күндеріне концерттерге шақырту да түсті. Арасында «жақсы адамдар демалады, біз қызмет жасаймыз» деп қалжыңдап қоятынымыз бар.

– Жұбайыңыз Ұлту Қабаеваны сұрайтындардың қарасы көп. Неге көрінбей кетті?
– Қазір радио-телеарнаның дені Астанада болғандықтан, ол жақтағы шақыртуларға жиі бара берудің реті болмайды. Ал жалт-жұлт еткен концерттерге менің форматым келе қоймайды. Ұлтуды да арасында шақырып тұрады. Біз көбіне облыстардағы жиын-концерттерге қатысып, халықтың арасында жүреміз.
– Дәстүрлі өнердің өкілдерін Наурыз мейрамында ғана іздейтіні қынжылтпай ма?
– «Айта айта алтайды, Жамал апам қартайды» дегеннің кері ғой. Көбіне эстрада әртістерін шақыратыны рас. Дейтұрғанмен, түрлі өнер мекемелерінде өтетін мерейтойлық немесе еске алу кештер де жетіп артылады. Өзіміздің форматқа сай келетін сондай кештерден қалған емеспіз. Оркесторлық кештерге де қатысамыз. Әншілердің арасында ақсақал жасқа жетіп қалдық қой, арасында шәкірттеріміздің концерттеріне де барып өнер көрсетеміз.
– Жуырда өткен Құрылтайда ел президенті мәдениетке, оның ішінде кино түсіру саласына тоқталды. Мұны қалай қабылдадыңыз?
– Президенттің киноны тілге тиек еткені – қазір қазақ киногерлері арасында қып-қызыл қырғын болып жатыр. Ерлан Төлеутайдың Қазақ анимациясы мен киносы жайлы жанайқайын оқып біліп отырмыз. Бұған дейін «Қазақфильмде» болып жатқан жағдайға президент әкімшілігінен, министрліктен, депуттаттардан еш жауап болмауы қамсыз қоғам қалыптастырғанымызды анық көрсетті. Бұл іске амалсыздан президенттің өзі араласуына тура келді.