6 Мамыр 18:44
...

Ержан Көлдеев, проректор: Арзан хайп не керек?

Фото:
Кеше Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық

техникалық университетінде өткен Rock-Fest қоғамда түрлі пікір тудырды. Көпшілік университет ұйымдастырған шараны ерсілікке балады.

Бүгін Nege.kz порталына оқу орнының корпоративтік басқару және стратегия жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев хабарласып, кешегі даулы концертке қатысты пікірін айтты.

– Ержан Итеменұлы, Rock-Fest шарасын өткізудің қандай қажеттілігі туып еді?

– Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор ұйымдастыру шарасының басы-қасында болды. Ал біз студенттердің тәртібін сақтау үшін арасында жүрдік. Онда біз ғана емес, директорлар кеңесінің мүшелері, ғылыми, халықаралық байланыс жөніндегі проректорлар қатысып, ән айтты.

Сәтпаев университеті «Гүлдене бер, Алматы» шарасын алғаш рет өткізіп отыр. Оған басқа да оқу орнының студенттері қатысты. Бұған дейін А.Байтұрсыновтың 150 жылдығы, бұлбұл әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына, «Дос-Мұқасан» тобының 50 жылдығына орай түрлі іс-шара өтті. Ал мына шара – экологияны қорғау аясында өткен эко-фестиваль. Студенттер 3 сағаттың ішінде 84 келі қоқыс жинады.

Rock-Fest – шарадан кейін студенттердің қалауы бойынша ұйымдастырылған рок-фестиваль еді. Өзім де сол күні осында болдым.

– Видеода билеп жүрген сіз бе?

– Мен билеген жоқпын. Бірақ студенттердің арасында болу үшін, тәртібін қадағалау үшін телефонмен әлеуметтік желіге тікелей эфирге шығып, видео түсіріп жүрдім. Алдыңғы қатарда, артқы қатарда кім бар? Бәрін бақылау үшін жүрдім.  

– Жігіттердің көйлек киіп алып ән айтып, би билеуі ерсі көрінбеді ме?

– Солай киінгендерін студенттер айтқан соң ғана байқаппын. Ол жігіт алды ашық халат киген екен. Біздің басты жұмыс берушіміз – студенттер ғой. Солардың көңіл-күйін де түсінуіміз керек.

Сол рок-фестивальге 18 топ қатысты. Оның жетеуі – біздің жоғары оқу орнынан, қалғаны – сырттан келгендер. Кей топта кіл қыздар болыпты. Жастар емес пе, топтың ішіндегі қыз жалғыз жігітке «Біз ерекшеленіп, жеңіске жетейік» деп көйлек кигізген екен. Онда да сол сәтте ғана қабылдаған шешімдері ғой. Өзім тәрбие жағына қарамаған соң, байқамаппын.

– «Ұлттық университет қандай шәкірт тәрбиелеп жатыр?» деген қоғамға айтар уәжіңіз қандай?

– «Атың шықпаса, жер өрте» демекші, бүгін сұрастырдым әлгі жігітті. Ол әскери академияда оқыған. Алматының экологиялық мәселесіне көңіл бөлетін жастың бірі. Біздің оқу орнының студенті.

Сол видеоны түсіріп алған жігіт бізге, яғни оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректорға кіріп, жұмысқа тұрғысы келгетінін айтқан. Әрі жоғары жалақы төлеуін сұраған. Оны кейіннен естіп жатырмыз. Өзінің өкпесін осындай жолмен шығарғысы келген сияқты.

Баланың тағдырымен ойнамау керек қой. Арзан хайптың не керегі бар? Ертең бірдеңе болса, кімнен көреміз? Біреулер жақсы оймен, енді біреулер жаман пиғылмен жазып жатыр. Бірақ ол жігіт ондай емес. Қазір өзі де уайымдап отыр. Болашағына балта шаппауымыз керек.  

Алдағы уақытта осындай нәрселер тағы ұйымдастырыла ма?

– Мұны тәрбие ісі жөніндегі департамент қадағалайды. Шараға қатысқан себебім, өзім де политехтың түлегімін. Жастармен бірге бір толқында, бір көңіл-күйде жүрдік. Себебі, оларды әркез қадағалап, қамқорлық жасау керек. Яғни, бірге қарым-қатынаста болуымыз қажет. 

Тегтер: