27 Қыркүйек 15:29

Ерлан Тұрғымбаев пен Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс қозғалды ма? Министр жауап берді

Фото:

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, NEGE тілшісінің Е.Тұрғымбаев пен С.Әбішке қатысты сауалына жауап берді.

Қаңтар оқиғасы кезінде елдегі күштік құрылымдардың жұмысы мен позициясы үлкен сынға ұшырады. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімов 8 қаңтар күні «Мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша қамалған еді.

Кейін ҰҚК төрағасы орынбасарларының бірі экс-президенттің немере інісі Самат Әбіш те «тергеу орбитасында» деген мәліметті айтты. Алайда Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдері ол тек Мәсімов ісіне қатысты куәгер ретінде тергеліп, оған қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын нақтылады.

Қаңтар бүлігі кезінде экс-министр Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты да қоғам тарапынан абақтыдағы азаптаулар мен кісі өліміне қатысты айыптаулар айтылды. Тіпті оның отставкаға кетуін сұрап, мыңдаған адам қол қойған петиция да жарияланды. Дегенмен министрлік тарапы ведомство басшысының бұрынғыдай штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген.

Кейін Тұрғымбаев 25 ақпан күні Президенттік кеңесшісі лауазымына ауысып, ол қызметтен 17 тамыз күні босатылғаны хабарланды.

Экс-министрдің қаңтар оқиғасына қатысты айыптаулар негізінде тергеуге алынғаны туралы ақпарат шыққанымен, ол туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Ал Самат Әбіштің бостандықта жүргені Қайрат Сатыбалды соты кезінде белгілі болды.

Осы мәселені анықтамақ болған NEGE тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа сауал қойды. Министр аталған азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жоққа шығарды.

– Ішкі істер органдарында оларға қатысты ешқандай шаралар тіркелмеген. Сондықтан біздің өндірісте не Тұрғымбаевқа, не Самат Әбішке қатысты қозғалған ешқандай қылмыстық іс жоқ, – деп жауап берді министр.

Сондай-ақ Марат Ахметжанов қаңтар оқиғасында азаматтарды азаптаған полицейлерге қатысты шаралар да ІІМ құзіретінен тыс қаралатынын мәлімдеді.

– Бұл – біздің өндірісімізде емес. Ол полицейлер қамақта ма, басқа ма, оны құзырлы органдар шешеді. Ол істердің өз тергеушісі бар, қадағалайтын прокурор бар. Азаматтардың процессуалдық құқығын шектейтін іс-әрекеттер прокуратура құзіретінде. Сол үшін де ешқандай болжам айта алмаймын, – деді министр.

Тегтер: