Ерлан Сайыров: «Халық сайлаған әкім халықтың мүддесі үшін жұмыс істейді»

Биыл 5 қарашада 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтеді. Сайлау өткізу мерзімі 60 күнді құрайды. Ал алдағы жылы, яғни 2025 жылдан бастап сайлау жаппай барлық облыстар мен аудандарда өтетін болады.
Еске салсақ, былтыр ауыл әкімдерін сайлау жүйесі іске қосылған. Енді аудан әкімдерін халық өзі сайламақ. Саясаттанушы Ерлан Сайыров мұны еліміздегі демократияның көрсеткіші деп бағалайды:
– «Өздеріңізге белгілі аудан әкімдерін сайлаудың алдында ауыл әкімдерінің сайлауы болды. 1700-ден астам ауылдың әкімдерін халқымыз тікелей сайлап алды. Енді аудан әкімдерінің сайлауы биыл пилоттық режимде өтеді. Келесі жылы Қазақстандағы барлық аудан әкімдері, яғни 181 аудан тікелей сайлаудан өтеді. Бұл біздің еліміздегі демократия мен плюрализмнің артуының нақты белгісі болып табылады. Өйткені, халық сайлаған әкім – ол халықтың мүддесі үшін және халықтың шешілмеген түйінді мәселелерін шеу үшін жұмыс істейтін болады. Сонымен бірге бұл сайлаулар біздің еліміздегі халқымыздың саяси мәдениетін арттыру үшін де жұмыс істейді. Өйткені өздеріңіз де көріп отырсыздар, қазір Қазақстанда перманенттік сайлау болып жатыр. Осыдан үш-төрт ай бұрын мәжіліс сайлауы болды, енді аудан әкімдерінің сайлауы басталды, келесі жылы толығымен аудан әкімдері сайланады. Бұл осы сайлаудың өзі біздің еліміздегі үлкен бір үрдіске, саяси дәстүрге айналғандығын көрсетеді», – дейді Ерлан Сайыров.
Қазір елімізде 180-нен астам аудан бар және олардың 25 пайызы жаңадан жүзеге асып жатқан сайлау жүйесімен әкім сайлайды. Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл болады. Бір адам қатарынан екі реттен артық аудан немесе облыстық маңызы бар қала әкімі болып сайлана алмайды.
Сондай-ақ, аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын ұйымдастыруға жауапты Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, әкім болуға кандидат 25 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт және жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі керек. Сонымен қатар, еңбек өтілі бойынша талаптардың 11 нұсқасының бәріне де сәйкес болуы міндет.
Сонымен бірге, былтырғы жалпыхалықтық референдумнан кейін облыс әкімдерінің кандидатурасына жанама дауыс беру тетігі іске бастағаны белгілі. Яғни Президент жергілікті мәслихат депутаттарының қарауына облыс әкімдігіне кандидаттарды ұсынады. Мәслихат депутаттары олардың арасындағы лайықты кандидатқа дауыс беру арқылы өз таңдауын жасайды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу маңызды қадам болғанын мәлімдеген болатын. Ол бұл шешім қазақстандықтардың 40 пайыздан астамын құрайтын ауыл тұрғындарының мүдделерін тікелей қозғайтынын айтқан.
– «Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылдың өзінде азаматтар, ең болмағанда, пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлауға мүмкіндік алады», – деді Тоқаев.
2021 жылғы мамырда Президент «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдер сайлауын енгізуді және барлық кандидаттарға қарсы дауыс беруді көздейтін түзетулерге қол қойды.
Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асып, халықтың саяси өмірге тікелей араласа алуына зор мүмкіндік жасалып отыр. Былтыр ауыл әкімдерін сайлау басталғаннан бері мыңнан артық елдімекенде халық өз әкімдерін тікелей сайлап алды. Оның 215-і өзін өзі ұсынса, 116-сы – қайта сайланған бұрынғы әкімдер. Бір жылдың ішінде елдегі ауыл әкімдері корпусы 55,6 пайызға жаңарған. Осы жылдың соңына дейін мың жарымға жуық ауыл әкімі қайта сайланбақ.
Сонымен қатар 2022 жылғы 5 маусымда өткен Республикалық референдум елдегі саяси өзгеріс пен демократиялық қадамдарға адымдап келе жатқанымызды көрсетсе керек. Еске салатын болсақ, елде өткізілген Коституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы референдумды президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалдаған болатын:
– «Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын», – деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алдағы уақытта ауыл мен аудан және қала әкімдерін тікелей сайлау жалғасын тауып, азаматтардың мемлекетті басқару ісінде белсенділігі мен рөлі арта түспек. Мұны біз саяси реформалар мен атқарылып жатқан жұмыстардан көре аламыз. Десе де халықтың мұң-мұқтажын естіп, қажеттіліктерін қанағаттандыратын, дауысына құлақ салатын демократиялық қоғам құруға әлі де көп жұмыс атқарылуы керек. Қазіргі істер соның бастамасы деуге болады.