15 Мамыр 15:35
...

ЕРДОҒАН ба, ҚЫЛЫШДАРОҒЛЫ ма? Түркиядағы сайлау нәтижесі бізге қалай әсер етеді?

Фото:

Түркиядағы сайлаудың қазақтарды да елеңдетіп отыр. «Кім жеңеді? Ердоған ба, әлде Қылышдароғлы ма?» деп өзара қауқылдасып, дауласып, өңешін жыртып жатқандар да аз емес. Сайлауда алыстағы ағайын елдің ынтымағы мен бірлігі жеңсін деп тілейміз.

Ердоғанның тұсында Қазақстан мен Түркия арасындағы туыстыққа негізделген қарым-қатынас жаңа белеске шыққаны рас. Ғайыптан тайып, түрік елінің билігіне оппозиция өкілі Кемал  Қылышдароғлы келсе, екі ел арасындағы алыс-беріске, барыс-келіске қандай да бір әсері бола ма? Кімнің асығы алшы түседі? Бұл бізге не береді? 

NEGE тілшісі саясаттың төңірегінде жүрген бірқатар қазақстандық азаматқа осы сауалды қойып көрді.

Тоғжан ҚОЖАЛЫ, қоғам белсендісі:

Түрік қоғамы қазір екіге жарылып тұр

– Түркиядағы сайлауды жіті бақылап отырмын. Түрік халқы сайлауға өте белсенді қатысып жатыр. Қоғамдық санасы өте жоғары дәрежеде дамыған ел екен.

Десе де, түрік қоғамы қазір екіге жарылып отырғаны байқалады. Ердоғанның сыртқы саясатта жасаған жұмыстары, жеткен жетістіктері өте көп. Бұрынғы кезбен салыстырғанда Түркия әскери және экономикалық тұрғыдан мықты ел болып тұр. Әлемдік деңгейде беделі өсіп, қуатты арта түсті. Бірақ сыртқы саясатқа көп күш-жігер жұмсаған Ердоған ішкі саясатта біраз кемшіліктер жіберіп алды.

Ұлттық валютасы қатты инфляцияға ұшырады. Босқын сириялықтарды елге кіргізді. Бұл жағдайлар түрік экономикасына қатты әсерін тигізіп отыр.

Сириялықтардың Түркияға келуі ел ішінде наразылық тудырды. Олардың менталитеті басқа. Өйткені, олар – арабтар. Ататүрік Түркияны арабтанудан арылтқан болатын. Түрік қоғамы «сириялықтардың келуі қайта арабтануға әкеп соғады» деп қауіптенеді. Қылыштароғлы осы жайттарды пайдаланып, көп дауыс алып жатыр. Өйткені, Түркияның негізгі идеологиясы – кемализм. Ердоған ішкі саясатта кемализмнен ауытқып жүр. Оның тұсында пәренже жамылған әйелдер, дінді берік ұстанатындар, діни радикалдар көбейді. Бұл қоғамда қарсылық туғызып отыр. Басты қайшылық осыда.

Меніңше, екінші тур болуы тиіс. Десе де, сайлауда кім жеңсе де,  Түркияның Қазақстанға қатысты ұстанымы өзгермейді. Түркияның басшысы сан мәрте ауысты. Сүлеймен Демирел, Тансу Чиллер және Ердоған таққа отырды. Бірақ одан үлкен өзгеріс болған жоқ.  Демек, кім ел тізгінін ұстаса да, Түркия Қазақстанға бауырлас ел деген көзқарастан айнымайды.

Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, дипломат:

Түркиядан үйренеріміз көп

– Ердоған билікке келгелі Қазақстан мен Түркияның арасындағы қарым-қатынасы жандана түсті. Ердоғанның Қазақстанға қатысты ұстанымы, көзқарасы жақсы. Екі ел арасындағы қарым-қатынас нығайып жатыр. Оған біз де үйреніп қалдық. Лайықты әрі танымал басшы. Түркі тілдес елдердің мәселесін көтеріп, түркі халықтарын жақындатқысы келеді.

Қылышдароғлы түрік билігіне келген жағдайда да, Түркияның Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға қатысты ұстанымында өзгеріс болмайды. Өйткені, біз – ағайын, туыс елдерміз. Солай болдық, солай болып қала береміз.

Кім жеңеді, кім жеңбейді, бізге бәрібір. Бірақ Ресейге олай емес. Кремльге Ердоғанның жеңгені қажет.

Түркия бізге үлгі көрсетіп жатыр. Тіл, дін, діл жағынан жақын мемлекет. Біз кімді сынасақ та, қолдасақ та, Түркияда әділ әрі ашық сайлау өтіп жатыр. Басшысын халықтың өзі сайлап алады. Түркиядан үйренеріміз көп.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

Әр мемлекеттің өз мүддесі бар

– Менің пікірімше, Қылышдароғлы жеңіске жетсе де, Түркияның Қазақстанға қатысты ұстанымы түбегейлі өзгермейді. Түрік қоғамында қолдау табу үшін саясаткер міндетті түрде түркі идеясына, түркі бірлігі идеяларына арқа сүйейді.  Өйткені, бұлар – Ататүрік негізін қалап кеткен фундаменталды идеялар. «Тұран», түркілік бірлестік, түркі халықтарын қолдау – түрік халқында бар құндылықтар. Қарапайым халқының өзі қолдап шығады. Олар әзірбайжандарды да, өзбектерді де, қырғыздарды да, қазақтарды да қолдауға дайын.

Түрік оппозициясы билікке келсе, қарым-қатынас жақсармаса, төмен түспейді.

Дейтұрғанмен, қиын-қыстау кезде түріктер әскерімен келіп, бізге көмек көрсетеді дегенге сенбеймін. Әр мемлекеттің өз мүддесі бар. Соған қызмет етеді. Әрине, Қазақстанға моральдық тұрғыдан көместесуі мүмкін. Қару-жарақ беруі ықтимал.

Сондықтан біз ең алдымен өзімізге сенуіміз керек. Мемлекетімізді, әскерімізді, экономикамызды және демографиялық ахуалымызды күшейтуіміз қажет. Басқа жол жоқ.

Әрине, Түркиямен жақсы қарым-қатынас жасау керек. Түркиядан сапалы тұрмыс заттарын аламыз. Оларға көмірсутегімізді, газымызды экспортқа шығаруға болады.   

Тегтер: