16 Қыркүйек 14:55

«Енді ешкімнің алашты, қорлығына бермейміз...» – танымал топтың кеші қалай өтті?

ән
Фото: "Алашұлы" тобының инстаграм парақшасынан

Рухты әндерімен тыңдарманға терең ой салып жүрген «Алашұлы» тобы тағы көпшілікті сүйсінтті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, өнерлі жігіттердің бұл жолғы тартуы тіптен ерек болды.

Республика сарайында өткен спектакль-концертке еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жиылды. Алды Атырау, Астана, Орал сынды еліміздің шалғай өңірлерінен ат артып келген.

Өзгерек дейтініміз, кештің сценариі «Алашұлының» астарына үңілуден бастау алды. Мәселен, тиктокпен тамыр жайып келе жатқан жас ұрпақ сахнаға көтеріліп, топтың тренд пен тойда төбе көрсетпейтінін алға тартып, «сонда «Алашұлы» деген не?» деп сауал тасатады. Осы сәттен бастап өнерлі жігіттер «бір атаның емес, барша Алаштың ұлы болайық» деген мақсатты ұрандарын дәлелдеуге жұмылады. Бір сөзбен айтқанда, Абайдың тілінде қара сөз оқып, Ахаң болып алашқа ой салып, Құлагердей тұяқ серпіп, Қайрат пен Ләззатай күңіреніп, өткенді жаңғыртты.

тобы
инстаграмнан

Иә, Алаш идеясы – ұлттың иедеологиясы болса, «Алашұлы» этно-тобының әні ұлттық әуенге айналды. Осыдан болса керек, жиылған жастар легі әр сөзге тебіреніп, әр әнді тікесінен тік тұрып топпен бірге қосыла шырқады. Ал өткенді сахна тілінде көріп тебіренген кейуаналар мен қариялардың алды тебірене көзге ыстық жас алды. «Батырлар ұраны» басталғанда жиылған жұрт бірлесе шырқап, үш мың орындық залдың іші бір кісідей алаш үнін асқақтатты.

Айта кетейік, «Алашұлы» 2009 жылы негізі қаланып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген этно топ. Ұмыт болған термелер мен жырларды жаңғыртып жүрген жігіттер Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Башқұрстан сынды көптеген мемлекеттеде қазақ өнерін танытумен бірге, Түркия және Индия республикасында жеке шығармашылық кештерін берді. Олар шырқаған «Жүрегің Қазақ», «Далам –ай», «Махамбет», «Тұраным», «Жекпе-жек», «Елім менің», «Көкпар», «Алға», «Биіктік» сынды әндерді естігенде делебесі қозып, арқаланбаған қазақ баласы жоқ шығар.

ән
Nege

Ұлттық дәстүрді ұлықтау мақсатында Өнер академиясының қабырғасында құрылған топ Мақсат Рахмет, Берік Атаханов, Ерзат Рамазанов сынды үш солистен тұрады. Бүгінгі таңда Назгүл Қарабалина жетекшілік жасайтын ұжым өнер әлемінде үлкен сахнаға қадам бастырған белгілі продюсер Алуа Қонароваға да алғыс білдірді.

Кештің көркем өтуіне «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, Әуезов атындаағы қазақ ұлттық драма театрының және Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры әртістері, Nomad Stunts халықаралық каскадерлер тобының жігіттері ат салысқан.

Аталшым топтың өнер әлемінде алар орыны ерек десек, біз де жаңылыспайтын шығармыз. Себебі, биліктің суқаны сүймеген ат төбеліндей оппозициялық топ жерді сатуға қарсы талай жиын өткізгенде, әнші атаулының ішінде ән арқылы жұртты жігерлендіруден танбаған да осы «Алашұлының» азаматтары болды. Қайтпас қайсар жігіттер бүгін де сол ұраннан жазбағандарын жеткізді.

«Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз, Енді ешкімнің алашты, қорлығына бермейміз...»