7 Сәуір 14:24
...

«Жойқын жер сілкінісі бола қалса, метро құтқарады» – Сейсмолог Мұхтар Хайдаров

Сейсмолог
Фото: Коллаж NEGE

Технология мен ғылым дамып, жер сілкінісін болжау мен оған дайындық шаралары күшейгеніне қарамастан, Алматыда жер сілкінісінің жиілігі артқаны алаңдаушылық туғызып отыр. Алматының сейсмикалық белсенділігі қала тұрғындары мен мамандардың назарын өзіне аударып келеді. Күні кеше ғана Жамбыл облысында болған жер сілкінісі де осыған дәлел. 

NEGE тілшісі сейсмолог Мұхтар Хайдаровқа хабарласып, Алматының сейсмикалық қауіпсіздігіне қатысты бірқатар сұрақ қойды.

– Алматы маңында сілкінісінің жиілігі артып бара жатқан сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Алматыда жер сілкінісінің жиілігі соңғы жылдары айтарлықтай артты. Бұл тек Алматының ғана емес, бүкіл Азияның өзекті мәселесіне айналып отыр. АҚШ туралы айтуға мүмкіндік болмағандықтан, мен негізінен Азияға назар аударып, онда сейсмикалық белсенділіктің артып бара жатқанын байқаймын.

Біріншіден, табиғаттың өзгеруі мен климаттың жылынуы әсер етуде. Температуралық рекордтар үнемі жаңарып жатыр. Екіншіден, қалалардың көбеюі мен халықтың тығыз орналасуы да үлкен рөл атқарады. Адамдар барынша қалаларға көшуге тырысуы апатың ауқымын арттырады. Айталық, 28 наурызда жамбыл облысында жер сілкінді.

– Азия деп қалдыңыз, Мьянма мен Жамбыл облысындағы жер сілкінісінің байланысы бар ма?

– Мен күн сайын жердің картасын зерттеймін. Мьянма мен Қазақстан арасындағы белгілі бір байланыс бар екені байқалады, яғни олардың әсері бір-біріне жетіп, көрініс табады.

Басты айырмашылық – уақыт. Бұл табиғи құбылыстардың арасы бірнеше сағаттық кезеңмен анықталады. Сонымен қатар, Гималай тау сілемінің ұзындығы мен құрылымы Оңтүстік Америкадағы Аппалач тау сілемі сияқты маңызды рөл атқарады. Бұл таулар жер қыртысының қозғалысына айтарлықтай әсер етеді. Егер біз Азияның орталығы, оңтүстігі мен шығысындағы сейсмикалық белсенділікті қарастыратын болсақ, бәрі бір жүйеге бағынады. Тақта тектоникасының әсері барлығын бір-бірімен байланыстырып тұр.

Мысалы, 2011 жылы Жапонияда 9 балдық жер сілкінісі болғанда, Алматыда да 5 балдық дүмпу тіркелді. Бұл фактілер жер қыртысындағы қозғалыстардың тектоникалық жүйенің жалпы ауқымында бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетеді.

жер сілкінісі
Фото: dailymail.co.uk

– Сейсмикалық белсенділікті бақылау жүйесі тұрғындарға ескерту және дайындық үшін қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Жер сілкінісін болжау мүмкіндігі қандай?

– Жер сілкінісін болжау жүйесі – өте күрделі және қымбат технология. Жер сілкінгенде ең бірінші P-толқыны келеді, сосын бірнеше секундтан кейін S-толқыны келеді. Жер сілкінісі туралы ескерту жүйесі телефонда сол себепті қойылған. Бірақ менің ойымша, бұл жүйенің пайдасы шектеулі. Бізде автоматтандыру жүйесі дамымаған, техника жиі істен шығады, хабарламалар бәріне бірдей жетпейді.

Мысалы, ұйықтап жатқан адам жер сілкінісін байқамайды. Көп жағдайларда 10-15 секундтың ішінде бірдеңе жасау мүмкін емес. Бірақ егер бұл жүйе пайдаланылса, онда тек көмекші құрал ретінде ғана қарастырылуы керек. Әлемде мұндай жүйе Жапонияда да бар, олар оны пойыздарды тоқтату үшін қолданған.

– Алматыдағы сейсмикалық белсенділік соңғы жылдары қалай өзгерді? Қазақстанда күшті жер сілкінісі болуы мүмкін тағы қандай қала бар?

– Жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін қала – Алматы. Алматы тарихында бірнеше ірі жер сілкінісін бастан өткерген. Мәселен, 1887 жылдың 28 мамырда Верненское деп аталған жер сілкінісі болды. Бұл апаттан қалада 1799 тас және 839 ағаш ғимарат қирады. Сілкініс жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 04:35-те болды, магнитудасы Рихтер шкаласы бойынша 7,3-7,8 балға жетті.

Ғаламтордан
Фото: Ғаламтордан

1889 жылы 12 шілдедегі Шілікті жер сілкінісі – ХІХ ғасырдағы Орталық Азиядағы ең күшті апаттардың бірі. Бұл сілкіністің магнитудасы 10 балға дейін жетіп, көптеген афтердүмпулер болды. Олардың кейбірі Верный қаласында да сезілді.

Ал 1911 жылы 4 қаңтардағы күшті жер сілкінісі Кемин жер сілкінісі деп аталды. Таңғы сағат 04:26-да болған сілкіністің күші 9-10 балл болды. Бұл – ХХ ғасырдағы ең ірі дүмпулердің бірі.

Жер сілкінісі
Фото: Ғаламтордан

Алматының тарихындағы бұл оқиғалар арасында 1889 мен 1891 жылдар аралығында Верный тұрғындары шамамен 150-ге жуық кішігірім жер сілкінісін сезінген. Қазіргі кезде сейсмикалық қауіп-қатердің деңгейі айтарлықтай өскенін байқаймыз. Сол уақытпен салыстырғанда, сейсмикалық қауіп 100 есеге дейін артқан. Бұл жағдай біздің қырағылығымыз бен дайындық деңгейімізді жоғары ұстау қажеттігін көрсетеді.

– Алматы қаласы жер сілкінісіне дайындықты қалай қамтамасыз етуде? Қала инфрақұрылымы мен тұрғын үйлердің сейсмикалық қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қолға алынды?

– Әрине, бәрі «тревожный чемоданчиктен» басталады. Алдымен ең қажетті заттар дайындалып, әр адам үшін ең маңыздысы қамтамасыз етілуі керек. Бір-екі күн су жоқ болса, адам шыдамайды, сондықтан ең қажетті нәрселерді алдын ала дайындап қою керек.

Сондай-ақ, Алматы үшін ерекше маңызды нәрсе – метро. Мысалы, егер жер сілкінісі болса, мен бірінші кезекте метроға жүгіремін. Себебі метроның пайдасы орасан зор. Жер сілкінгенде жер бетінде 9 балл болса, жер астында 2-3 балдан артық болмайды. Шайқалатын – жер бетінде салынған ғимараттар ғана. Су қоймалары, зауыттар және газ құбырлары аса қауіпті, ал метро – ең қауіпсіз орын. 

Жер сілкінісі
Фото: Ғаламтордан

Метроны көптеп салу керек деп үнемі айтамын. Бірақ билік оның қымбаттығын алға тартады. Егер тек ақшамен есептейтін болсақ, қымбат екені рас. Бірақ егер жойқын жер сілкінісі, соғыс немесе басқа да апаттар болса, халық қайда тығылады?

Бұрынырақта Израильде және Түркияда болған кезде мен олардың жер астында салынған базарларына, дүкендеріне, үйлеріне таң қалғанмын. Олардың көбісі 1000 жылға жуық уақыт бойы тұр. Қазір бізде де егер құрылыс нормаларына сай салынса, тіпті бомба да оны зақымдай алмайды. Күшті жер сілкінісі бола қалса, жер бетіндегі ғимараттар құлауы мүмкін, ал жер астындағы нысандар бүлінбейді.