Елімізде ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендеп келеді

Ана мен бала денсаулығы кез келген елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіш.
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша елімізде ана мен бала өліміне қатысты бірқатар жағымды өзгерістер тіркелді. Денсаулық сақтау саласындағы жаңа реформалар мен алдын алу шараларының нәтижесінде медициналық көмектің сапасы артып, өлім-жітім көрсеткіштері біртіндеп төмендеп келеді.
Ресми деректерге сүйенсек, сәби өлімі 26,3%-ға, ал ана өлімі 9,7%-ға азайған. Ұлттық статистика бюросы тіркеген нақты көрсеткіштер осылай дейді. Ана мен бала өлімінің азаюына перзентхана қызметтерін жетілдіру мен балаларға медициналық көмекті күшейту бағытындағы жүйелі жұмыстар себеп болды. Жаңа туған нәрестелер хирургиясының дамуы нәтижесінде туа біткен патологиясы бар 1500-ге жуық сәби жыл сайын шұғыл ем алады. Бұл бағыттағы тиімділік ел аумағында жұмыс істейтін мамандандырылған инфрақұрылым, бір күндік клиникалар мен ұрықты сақтау және ерте араласу орталықтарының арқасында қамтамасыз етіліп отыр.
Бүгінде елімізде туа біткен кемістігі бар (ТБК) балаларды емдеуге арналған 40 арнайы орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, көру мен есту қабілетін сақтауға бағытталған 20 орталық жүйелі түрде қызмет көрсетіп отыр. Бұл орталықтарда балалардың жағдайын ерте кезеңде анықтап, уақтылы араласу арқылы оң нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болып отыр.
Аталған медициналық және оңалту қызметтерінің нәтижесінде ТБК бар балалар арасында алғашқы мүгедектік деңгейі 7,5%-ға төмендеген. Бұдан бөлек, жаңа туған сәбилердің өмір сүру көрсеткіші де айтарлықтай жақсарды – соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл көрсеткіш 88%-дан 93%-ға дейін өсті. Бұл еліміздегі педиатриялық және перинаталдық көмектің сапасы артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Соңғы жылдары елімізде балалардың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған оңалту қызметтерінің көлемі айтарлықтай артып келеді. Бүгінде республика бойынша 75 оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар балалардың қозғалыс, сөйлеу, когнитивті және басқа да даму бұзылыстары кезінде сапалы көмек көрсетуді көздейді.
Атап айтқанда, «Қамқорлық» ұлттық бастамасы аясында 25 жаңа оңалту орталығы іске қосылып, көптеген аймақтарда қолжетімді медициналық оңалту инфрақұрылымы қалыптасты. Мұндай орталықтардың ашылуы ерте жастан бастап кешенді көмек алуға мұқтаж балалар үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Оңалту орталықтарының заманауи жабдықтармен жабдықталуы, білікті мамандардың тартылуы – оңалту шараларының тиімділігін арттыруға сеп. Мұндай жүйелі жұмыстар нәтижесінде көптеген балалар өз әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік алуда.
Соңғы жылдары Қазақстанда педиатриялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында кадрлық әлеуетті нығайтуға баса мән беріліп келеді. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – «Педиатрия» мамандығының қайта қалпына келтірілуі болды. Бұл шешім балалар денсаулығына жауапты жеке мамандарды даярлау қажеттілігінен туындады.
Сонымен қатар, балаларға мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіру үшін 14 түрлі балалар бағыты бойынша резидентураға орындар бөлінді. Аталмыш резидентура бағдарламалары елдегі медициналық жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады және тәжірибеге бағытталған, заманауи біліммен қамтылған мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Бұл шаралар өңірлерде білікті педиатр, неонатолог, балалар хирургі, балалар неврологі сынды мамандар тапшылығын азайтуға бағытталған. Нәтижесінде балаларға дер кезінде және сапалы медициналық көмек көрсету деңгейі арта түспек.
2024 жылдың маусым айынан бастап елімізде ана мен бала денсаулығын қорғау бағыты бойынша қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Атап айтқанда, босандыру және балаларға медициналық қызмет көрсетуге жауапты бес негізгі бейін бойынша тарифтер 40 пайызға артты.
Бұл шешім медициналық мекемелердің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін жақсартуға, сондай-ақ дәрігерлер мен орта буын мамандардың жүктемесін азайтып, қызмет сапасын көтеруге оң әсер етті. Қаржыландырудың артуы босанатын әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін көмектің қолжетімділігін едәуір арттырды.
Сонымен қатар, бұл өзгеріс өңірлік деңгейдегі перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларының әлеуетін күшейтуге ықпал етіп отыр. Медициналық қызмет сапасының жақсаруы – ана мен бала өлімін төмендетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Жүргізілген реформалар мен жаңғырту жұмыстарының арқасында ана мен баланың өмірін сақтау, аурулардың алдын алу және медициналық көмекті қолжетімді ету деңгейі айтарлықтай жақсарған. Денсаулық сақтау инфрақұрылымының кеңеюі, жаңа технологиялар енгізілуі, сондай-ақ кадрлық әлеуеттің артуы елдегі медициналық қызмет сапасына тікелей әсер етуде.
Медицина саласының басты басымдығы ана мен бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар алдағы уақытта да тұрақты оң динамиканы сақтауға сеп болады.