Эльмира Әлиева: Біздің жұмыс қарапайым адамдарсыз бір адым ілгері жүрмес еді
Елімізде жыл сайын жасы 18-ге толмаған 500-600 бала қатерлі ісік дертіне шалдығады. Бұл көрсеткіш көбеймесе, азаймай тұр. Әрине, ерте анықталған диагнозды жеңіп шығуға отандық медицинаның қауқары бар. Онкологиялық дертпен ауыратын балаларға ерекше қамқорлық, ерекше күтім керек. Оған кейде ақ халаттылардың да уақыты, ерік-жігері жете бермейді. Сондай кезде көмекке келетін Help Today қоғамдық қоры балалар үшін көп жұмыс атқарып жүр. Біз осы қордың құрылтайшысы Эльмира Әлиеваны әңгімеге тарттық.
– Help Today қоғамдық қоры қашан құрылды? Оны құрудағы басты мақсат не?
– Біз жұмысымызды ерікті ретінде 2014 жылы бастадық. Пікірі, көзқарасы бір жерден шығатын бастамашыл топ болдық. Сол кездің өзінде қатерлі дертке шалдыққан балалардың диагнозын анықтауға, ем-дом алуға, дәрі-дәрмегіне ақша жинап, көмектестік. Осы еріктілер қозғалысы аясында 2016 жылы 22 қарашада Help Today қоры құрылды. Екі құрылтайшысы бар. Біреуі өзім және екіншісі мүгедек баласы бар құрбым. Сосын 3 қамқорлық көрсетуші бар. Бәріміз Фейсбук әлеуметтік желісінде таныстық. Дәлірегінде, қорды осы бес адам құрдық.
– Қор бүгінге дейін қандай жобаларды жүзеге асырды?
– Қордың ашылған күннен бастап алдына қойған мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы қайырымдылық жобаларды дамыту. Отандық медицинаға аз да болса көмек қолын созсақ дейміз. Әсіресе, бала ауырса – жаныңды шүберекке түйгенмен тең. Біз қатерлі ісікке шалдыққан балаларды диагностикалық тексеруден өтуіне, еміне ақша жинаймыз. Одан бөлек білікті дәрігерлердің қатысуымен балалардың анасына, медицина қызметкерлеріне семинар, конференциялар өткіземіз. Бұл жұмыстарды атқару үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті әкімдіктермен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Яғни, сырқат баланың құқығын қорғау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, диагностика, емі, мүгедектік алуына байланысты мәселе туындаса, дер кезінде тиісті мекемеге жазып, шешуге көмектесеміз.
Сондай-ақ, қордың міндеті – ақпараттық-ағартушылық қызметті арттыру. Help Today қоры бірнеше жобаны қатар атқарып жүр. Мәселен, «Шексіз денсаулық» жобасы аясында медициналық мекемеге балаларды диагностикадан тексеру жүргізуіне көмектесеміз.
Ал «Мен – жеңімпазбын!» жобасы аясында демеушілердің, продюсерлік компаниялардың көмегімен қатерлі ісікті жеңген балалар жайында тегін әлеуметтік роликтер түсіріледі. Олар кішкентай болса да, ерік-жігерінің арқасында дертті жеңіп шыққандар. Кейбірі екі рет ауырса да, өмір үшін күрескен бүлдіршіндер.
Мұнымен қоса Ресей консулдығы, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы және қуыршақтар қоғамдастығы ұйымдастырған «Періштелер уақыты» жобасына қолұшын береміз. Біз олардың қол еңбегі арқылы жасаған қуыршақтарын парақшамызда онлайн-аукционда сатып, ақшасына балаларға тыныс алу құралын сатып аламыз.
– Біз «Smart School» жобасы туралы көбірек естіп едік. Сіздер қолға алған жобалардың ішіндегі ұтымдысы да осы шығар...
– «Smart School» жобасы аясында Samsung компаниясының демеушілігімен 3 мектеп аштық. Оның екеуі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында, үшіншісі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты балалар бөлімінде ашылды. Инновациялық оқу класы ақ қан ауруына, онкологиялық дертке, сирек ауруларға шалдыққан балаларға үздіксіз тегін білім береді.
Жалпы білім беретін мектептен арнайы шақыртылған мұғалімдер қалып қойған сабақтарды өтеді, түсіндіреді. Себебі, қатерлі ісікке шалдыққан әр бала диагнозы анықталған сәттен бастап ұзақ емделуге кіріседі. Кейде бір жыл жатуы мүмкін. Бұл кезде бала мектеп бағдарламасынан қалып қоюы мүмкін. Енді орталықта ем алып жатқан балалар емін үзбей, замандастарынан қалмай, білімін одан әрі жетілдіріп, бос уақыттарын тиімді өткізе алатын болады. Сондықтан үздіксіз білім алуға мүмкіндік берген бастамашыл топқа, демеушілерге алғыс айтамын. Бұл 3 мектепте жыл сайын 500-600 бала білім алады. Help Today қоры демеушілердің көмегімен ұстаздарға, қызметкерлерге жалақы төлеп отыр.
Сол сияқты сабақтан тыс өтетін үйірме есебінде робототехника, сурет салу, лего құрастыру, ағылшын, шахмат, қолөнер бұйымдарын жасауды үйретеді. Одан бөлек аурухана қабырғасындағы балалардың көңілін көтеріп, музыкалық терапия ұсынатын клоун Самат Рамазановты ерекше атап өтуге болады.
Жаңа сыныптың ашылуы емделіп жатқан балалар үшін психологиялық тұрғыда үлкен көмегін бере отырып, бойындағы ынтасын ашады. Заманауи технологиялардың көмегімен олар құрдастарынан артта қалмай, зияткерлік және шығармашылық қабілетін дамыта алады.
Қор Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы қоғамдық кеңесінің мүшесі. Бұл балалар дертіне, құқығы мен еміне қатысты мәселелерді өткір қоятын алаң. Бәріміздің басымызды қосып, нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік берген қоғамдық кеңестің төрағасы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаеваға ілтипатымды айтқым келеді.
– Балалар үйлеріне де көмектесіп тұрасыздар ма?
– Бұған дейін психикалық-неврологиялық интернатқа жәрдемдесіп тұрдық. Қазір Алматы облысындағы №1 балалар үйіне азық-түлік жеткізіп тұрамыз. Одан бөлек жаңа жыл, Наурыз мерекесінде мейрам ұйымдастырып, сыйлық береміз. Біз жылына екі рет, яғни Ораза және Құрбан айтта Алматы қаласы және облыстағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ет, азық-түлік таратамыз.
– Негізінен сіздерге қаржылай қолдау көрсетін кімдер?
– Біздің ірі демеушілеріміз жоқ. Ақшаны қарапайым халық жинайды. «Көп түкірсе – көл» демекші, балалар үшін қолдағы барын аямайтын азаматтар көп. Біздің жұмыс тұла бойы адамгершілік пен мейірімге толы қарапайым адамдарсыз бір адым ілгері жүрмес те еді. Басты рөлде – балалар дәрігерінің өзі. Бәріне тегін қатысып, көмек беруден аянбайды. Осы денсаулық сақтау саласына қосқан азды-көпті үлесіміз ескеріліп, 2015 жылы еріктілер тобы «Алтын жүрек» қоғамдық ұлттық сыйлығының лауреаты атанды.
Былтыр қыркүйек айында ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі ретінде танылдым. Елбасының бастамасымен құрылған республикалық балаларды оңалтудан өкізетін «Қамқорлық» қоры қамқорлық кеңесінің мүшесімін. Сондықтан біздің жұмыс бір сәтке де тоқтаған емес. Біздегі тілек – балалар ауырмаса екен. Қазақтың «Баламның табанына қадалған шөгір менің маңдайыма қадалсын» деп айтатынының астарында үлкен мән бар. Ал сирек кездесетін дертке, қатерлі ісік ауруына шалдыққан балалардың тезірек сауығып кетуі үшін бар күш-қайратымызды жұмсауға әзірміз. Біз болашағымыз – балалар үшін жанын салып көмек беретін барлық қайырымды жандарға, дәрігерлерге алғыс айтамыз.