ЕЛБАСЫ мәртебесінен айырылған НАЗАРБАЕВТЫ алда не күтіп тұр?

НАЗАРБАЕВ – енді Елбасы емес. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заңның күшін жоятын конституциялық заңға ақыры қол қойды.
Бұған Ақорда бір жылдай уақыт жұмсады. Халықтық референдум өткізді. Соңғы кезде бұл үдеріс жылдам жүрді. Жұрт «Тоқаев пен Назарбавтың арасынан қара мысық жүгіріп өткенін» айтып жүр. Кейбір қазақстандық сарапшылардың болжамынша, Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған шенділердің берген куәлігі мұның басты себебі болуы мүмкін.
«Қазіргі президент пен экс-президент арасындағы қарым-қатынастың қалай өрбіп жатқанын дөп басып айту қиын. Десе де, Кәрім МӘСІМОВ пен оның сыбайластарына қатысты жүріп жатқан сот барысында осы қарым-қатынасқа тікелей әсер ететін деректер су бетіне қалқып шығуы мүмкін. Бұл мәліметтер Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ да абырой-беделіне нұқсан келтіруі ықтимал», – деп жорамалдаған еді саясаттанушы Андрей ЧЕБОТАРЕВ.
Елбасы туралы заңның күшін жоюдың мәні неде? Астарында не жатыр? Еліміздің алдағы болашағына тигізетін ықпалы қандай болмақ?
Бұл сауалдарға қоғам қайраткерлері мен белсенділері NEGE арқылы жауап берді.
Жәнібек ҚОЖЫҚ, қоғам белсендісі:
Назарбаевқа келіп-кететін ештеңе болмайды
– Бұл заң – тек қана диктаторлық мемлекеттердің пешенесіне жазылған заң. Кезінде Назарбаевтың төңірегіндегі жағымпаздар шығарған. Мұндайлар шығарған заңның мәңгілік салтанат құрмайтыны белгілі.
Тоқаев – Назарбаевтың сенімді шәкірттерінің бірі. Оны Назарбаевтың өзі тағайындады. Орнына қалдырды. Сайлауда оның көп дауыс алуына кепіл болды. Осы заң шыққан кезде де Тоқаев Қазақстанда болды. Сенатта отырды. Билікте болған адамдардың бірі.
Енді Елбасы туралы заңның күшін жойды. Бірақ одан Назарбаевқа келіп-кететін ештеңе болмайды. Тоқаев президент болып билікте отырған кезде өзінің ұстазын қудалап, жамандық жасамайды. Әрине, туыстарынан жауапкершілік сұралатын болар. Десе де, туыстары мен қыздарын жаппай қудалауға бармайды.
Өйткені, Тоқаев – Назарбаевтың айналасындағы жүздеген сенімді адамдарының ішінен таңдаған, керек болса, күйеу балалары мен туған қыздарынан артық сенімді деп ойлаған адамы. Ол сенімін Тоқаев түбегейлі жоқ етпейді.
Бұрынғы президенттер туралы заң бар. Онда қауіпсіздігін сақтау, қаржы бөлу, қолсұғылмастық көзделген. Осы заңды басшылыққа алып жүре береді. Сондықтан Назарбаевтың үстінен іс қозғау әрекеті жасалынбайды.
Оразалы СӘБДЕН, экономист:
Қазіргі басты міндет – билік пен халықтың арасын жақындату
– Жұрттың дені қазір жазаға тартуды ойлайды. Бірақ халыққа керегі – жағдай. Біреуді жазаға тартқанмен, халықтың тұрмысы жақсармаса, одан не пайда?
Заңсыз байыған Машкевич, Шодиев, қазақтың басқа да олигархтары мен миллиардерлері толып жатыр. Солардың бәрінің мүлкін тәркілеу керек. Тез арада.
Өзіміздегі өндірістерді, мүліктерді тәркілеу қиын емес. Ал шетелдегі қаражатты қайтарудың өз үдерістері бар. Бұл – оңай дүние емес. Бірақ мұнымен де тікелей айналысу қажет. Халықтың бағасы да осыған байланысты болмақ. Бұл мәселе жедел шешіліп жатса, халық көреді.
Қазіргі басты міндет – билік пен халықтың арасын жақындату. Осы көпірді тезірек салса, билік халыққа жақындай түседі. Сенім пайда болады. Сайлауға дейін бір жарым ай бар. Тездетіп осыны қолға алу керек еді. Сонда халық сайлауға да баратын болады.
Президент сайлауына Алматыдағы дауыс берушілердің 80 пайызы қатыспаған. Алматы – ең зиялы қала. «Осы білімді адамдар не айтады?» деп, еліміздің түкпір-түкпірі Алматыға қарап отыр. Ал бұлар дауыс бермейді. Бұл – сенім жоқ деген сөз. Осындай мысалдар арқылы халықтың сенімі артады. Ел арасында сайлаудың таза өтетініне сенім жоқ.
Халықпен ойнауға болмайды. Шенділер «Бәрі біздің қолда тұр» деген ойдан арылуымыз керек. Бюрократиядан толық тазару қажет.
Хасен ҚОЖА-АХМЕТ, қоғам қайраткері:
Басқарған тартылмай, орындаушылары ғана жауапқа тартыла ма?
– Назарбаевтың былықтырғанын қазіргі биліктің өзі де айтып жатыр. «Өзі де және туыстары да түйені түгімен жеген» дегендей. Сөйте тұра, қолсұғылмаушылық сақталады екен. Туыстарынан ғана алынбақ.
Ұрлағаны, бүлдіргені, Желтоқсанда Горбачев екеуінің былығы, Жаңаөзендегі қырғыны бар. Қаңтар қырғынына да сол кінәлі. Соның өзі мен туыстары таққа таласып, бүлдірген. Осының бәріне кім жауап береді?
Сонда, басты кінәлі Назарбаев жауап бермегенде, басқалар қалай жауап береді? Басқарған адам емес, орындаушылары ғана жауапқа тартыла ма?
1990 жылы қаңтар айында Назарбаевпен кездескеніміз бар. Сол кезде ол Желтоқсанда халықты қудалағандарды басшылықтан алып тастауға үш ай мерзім сұраған еді. Үш ай емес, отыз жыл өтті. Кімді жазалапты? Өзін қорғап қалған адам бұйрығын орындағандарды да қорғап қала алады. «Неге бүйтесің?» деп ешкім айта алмайды. Өйткені, қолсұғылмаушылығы сақталып тұр.
Қазақ езіліп жата береді. Әбден отаршылдардың құлдыққа салуына еті үйреніп кеткен. Осы мінезден арыла алмай жүр. Бірін-бірі қолдамайды, бірақ басшылыққа немесе сырттан келгендерге жалбақтайды. Ешқандай әрекетке бармайды. Сондықтан бұған да көнеді.