13 Қазан 15:49

Ұстаз қауымы жаңа пән туралы: Бірінші сынып оқушысы әріп танып, қосып-азайтып алсын

Фото:

Оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап бірінші сынып оқушылары  «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқитын болды. Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, балаларды цифрлық сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне мүмкіндігінше ертерек үйрету маңызды. Сонда бұл пәнді бастауыштан оқытпасақ, неден кешігіп қалады екенбіз? 

Алайда, әріпті таңбалап, санды қосып-азайтуды енді үйреніп жатқан баланың миына шамадан тыс салмақ салу жөн бе? Бұл сауал ата-ана ретінде мені де мазалаған. Бізге жаңа оқу жылының басында мектеп берген оқулықтардың тізімінде «Цифрлық сауаттылық» кітабы болды. Бірақ бұл пәнді қашан оқып бастайтынымыз туралы ләм-мим делінген жоқ. Сірә, мұны «сүйінші» ретінде хабарлауды министрлік өз міндетіне алған сияқты.

Елімізде «цифрландыру» термині жаппай қолданысқа ене бастаған тұста, мұндай пәннің оқу бағдарламасына енгізілгені дұрыс та шығар. Бірақ бірінші сыныптың оқушысына артық жүктеме екенін неге ескермейміз? Аты өзгерген демесеңіз, бұл баяғы «Информатика» пәні. Мұны оқушылар бұрын 5-сыныптан бастап оқитын. Ал дәл осы сабақты бірінші сыныптан өтетіндей ешқандай қажеттілік жоқ. Себебі, пән бойынша 1-11 сынып бойы айтатын, үйрететін дүние көп емес. Тіпті, арнайы пән ретінде емес, қосымша сабақ негізінде өтуге болады. Шын мәнінде, қазір смартфон мен компьютерді мектепке дейінгі жастағы балалар да «шемішкеше шағады». Олар бізге үйрететін жағдайға жетті.  

Сонымен, оқулықты біз де парақтап көрдік. «Арман-ПВ» баспасынан жарық көрген оқулықты Ж.У.Кобдикова, Г.А.Көпеева, Ә.Ә. Қаптағаева, А.Ғ. Юсупова сынды авторлар ұжымы дайындаған. «Оқу бағдарламасына сәйкес, оқушылардың жас ерекшелігі ескеріліп, жеңіл тілде жазылған» делінген. Бұған сенгіміз келеді, әрине.

Әрі қарай кеттік. Біздің көзімізге бірден сөзді дұрыс қолдану бойынша кеткен қателіктер түсті. Бұрын ауызекі тілде, ал соңғы кезде тіл қолданысында жиі айтылатын «жұмыс жасау» сөзі осы оқулыққа да еніп кетіпті. Мәселен, «Сен компьютерде жұмыс жасап көрдің бе?» деген тақырып назарымызды аударды. Бұл «жұмыс жасау» тіркесі бірнеше жерде қайталанады. Қазіргі авторлар ауызекі мен жазба стилін шатастырып бітті. Мұны осы оқулықты қолымызға алғанда, тағы бір мәрте көз жеткіздік.  

Кітапта компьютермен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережесі, ескертулер, желілердің пайдасы мен зияны туралы қайталана береді.

Сосын бірінші сынып оқушысына «Алгоритм деген не?», «SCRATCH» программасында жоба құру» тақырыбы туралы әңгімелеген. Мұнымен қоса, «скрипт», «спрайт», «файл», «сызықтық алгоритм», «браузер», тағы басқа терминдер туралы жеке-жеке тоқталады. Жаңа заман балалары мен жасөспірімдеріне цифрлық сауаттылықты үйрету дұрыс та шығар, бірақ бастауыштағы баланың білімін бір қалыпқа түсіріп алмай, әр нәрсені тықпалау қажет пе?

Біз осы сауалды Фейсбук желісіндегі ұстаз қауымының парақшаларына жазып, пікірін білгіміз келген. Бұл пәнге ата-ана тұрмақ, мұғалімдердің өзі қарсы. Айталық, мұғалім Фарида Болатбаева: «Бастауыш сынып маманы ретінде өз тәжірибемнен күнделікті көріп отырмын. Өз тілін меңгермей жатып, әр нәрсені жаңалық ретінде тықпалай берудің қажеті жоқ. Оның орнына оқып, жазып үйренсін. Ең бастысы, оқуға, жаздыруға дағдыландыруымыз керек. Біріншіден, «Әліппені» 4 айда бітіріп тастап, «Ана тілге»         өтіп кетеміз. Бала меңгере ме, жоқ па бәрібір. Екіншіден, «Көркем жазуды»  бірінші сыныптан алып тастапты. Бірінші сыныпта каллиграфиясын қалыптастырмасақ, қашан қалыптасады сонда? Бастауыш сыныптың балалары қап емес, бәрін толтырып сала беретін. Нақты айтсам, 42 әріпті бір жыл оқыту керек. Өз тілін толық меңгертіп барып басқа пәндерді қосу керек. «Цифрлық сауаттылықтан» бұрын, әріпті танып сауатты жазуға үйрету керекпіз» деген пікірін білдірді. Тағы бір желі қолданушысы: «Бұл пән керек. Бірақ бастауыштан емес, 5-сыныптан бастау керек» десе, келесі бір мұғалім: «Мектепте компьютер кабинет жетіспейді. Бірінші сынып балалары кітап оқи алмайды, сонда не өтеді?», – дейді таяқтың екі ұшы барын меңзеп.       

Ал мұғалім Нұрғали Сәбденов: «Күні кеше інім күнделікті істейтін жұмысын ұмытып отыр. Күнде жеті пән оқимыз дейді.

Керегі бар, керек емесі бар балаларға тықпалап, әбден милары су болып жүр. «Менің атым – Қожадағы» Рахманов ағай айтпақшы, баланың миы құты емес шығар, не болса соны толтыра беретін!? Маған салса, бала сол пәннің ішінен керегін ғана таңдап, соны ғана оқуына жағдай жасар едім. Қазір ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда басқасын өзі-ақ интернеттен тауып, оқып алар еді. Сол цифрлық сауаттылықты қазіргі балалар үлкендерге үйретер.

Смартфонды түсінбесеңіз, балаңыз бәрін тәптіштеп айтып береді. Тіпті, кешегі «Өрлеудің» курсын оқушы түгілі өзіміз қақпай қиналдық. Үлкендердің миын ашытқан цифрлық сауаттылық, баланың не теңі. Алдымен әріп танып, оны қосып, азайтып алсыншы. Одан да баланы қазіргі нарық заманына қарай бейімдеп, ақша табу жолдарын, оны сақтауды, үнемдеп жұмсауды үйретсе, ертең тарықпай, зарықпай күнін көрер еді. Жоғарыда отқандар күніне бір жаңалық ашпаса, ішкен шәйлері батпайтын болған ба деген ой келеді екен», – дейді.

Ұстаз қауымының пікірінен түсінгеніміз, министрлік оқу бағдарламасына «Цифрлық сауаттылық» пәнін қызды-қыздымен енгізіп жіберген сияқты. Тіпті, 2018-2022 жылдар аралығында жүзеге асуы тиіс «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының дүрмегіне осылай үн қосуды жөн көрді ме екен, кім білсін? Әйтпесе, үш жылдың ішінде білім беру, денсаулық сақтау саласы, жалпы мемлекеттік мекемелердің цифрланып кеткені шамалы. Енді бірінші сынып баласының «цифрлық сауаттылығын» арттыруға кіріссек, «бағдарлама толығымен орындалды» деген есепке таптырмайтын көрсеткіш шығатын түрі бар. 

Тегтер: