13 Қазан 13:10

Журналистерді шығарып, жабық есік артында жиналыс өткізгендер нені жасырды?

Фото:
Nege.kz сайтында 

Шығыстан тағы ши шықты: «Шығыс ақпарат» журналистері НЕГЕ «таксовать» етіп жүр? атты мақала жарияланған еді. Онда жергілікті «Шығыс ақпарат» ЖШС-на қарайтын редакция тілшісі үш ай бойы жалақы алмай отырғаны, жұмысқа келуге ақшасы болмаған соң, біраз журналистің «таксовать» етіп кеткені туралы айтылды.

Тілші бұл мәселеге қатысты «Шығыс ақпарат» медиахолдинг басшысы Ерлан Төлеуұлына хабарласып, мән-жайды анықтаған. Оның айтуынша, Ішкі саясат басқармасы тендерді өткізу уақытын созып, кеш жариялап, қаражат уақытымен түспеген. «Сол себептен тапсырыстың ақшасын әдейі бөлмей, ұстап отыр. Қызметкерлердің маған қарсы шыққанын қалап, орнымнан алуды көздейді. «Біздің айтқанымызды істеңдер!» дейді. 200 адам қалай күн көреді?» деген тілшіге берген жауабында.

«Шығыстан шыққан ши» еліміздің бірталай ақпарат құралында жарық көрді. Бұдан кейін «Шығыс ақпарат» ЖШС бақылау кеңесінің отырысы өтіп, оған облыстың атқамінерлері мен облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхмедчинов бастаған шенеуніктер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл жерде шығармашылық топты тек еңбекақы мәселесі ғана алаңдатты. Олар жүз пайыз мемлекеттік кәсіпорын бола тұра еңбекақыны кешіктіргеніне наразы.

Мәселен, «Шығыс ақпарат» ЖШС-ға қарасты редакция қызметкері Екатерина Шендрик: «Биыл еңбекақы мәселесі туындады. Қарапайым қызметкер ретінде бұл мәселе немен байланысты екенін білмеймін. Біз жалақыны өткен айларда бөліп-бөліп алдық. Осында мән-жайды білу үшін келдік, себебі бәріміздің баламыз бар, төлейтін несиеміз бар, біз қалай өмір сүруіміз керек? Бізде «бұдан былай ақша болмай қала ма?» деген күдік басым. Себебі біздің мекеме дотацияға тәуелді, қаражат неліктен жетіспейді, түсініксіз. Мекемеміздің кейбір қызметкерлері басқа жұмыс іздеуді қарастыруда», – деді.

Бір өкініштісі, бақылау кеңесі мүшелері, облыстық шенеуніктердің бұқаралық ақпарат құралдарына мән-жайды түсіндіруге деген ниеті де болмапты. Бұл жиналыстың шұғыл өтуіне облыстық ішкі саясат басқармасы және «Шығыс ақпарат» ЖШС басшысы Ерлан Смағұлов арасындағы кикілжің түрткі болған.

«Қарамағында 200-ден астам адам жұмыс істейтін, тиражы көп екі облыстық, алты аудандық газеті, SMM департаменті, аймақтық коммуникация қызметі, ақпараттық орталық, типография мен баспаханасы бар мекемеде басшы жиі ауысады. Бұған дейінгі басшылар құрылтайшылар алдында үндемес саясатын ұстанып, «күн тәртібін» орындап, мемлекеттік тапсырыстарды алып отырған. Қандай да бір келіспеушілік туындай қалса, аузын басып отырды. Былайша айтқанда, бұл әңгіме облыстық әкімдік есігінен сыртқа шықпады», – дейді Ерлан Төлеуұлы.

Бір қызығы, олар «көптен күткен кеңесте негізгі түйін шешілетін шығар» деп күткен. Бірақ әкім орынбасары Азамат Мұхамедчиновтың ұсынысы бойынша, жиналысты күтпеген жерден жабық өткізуге шешім қабылдапты. Оған «Шығыс ақпарат» ЖШС басшысы Ерлан Смағұлов қарсы болса да, пікірі назарға алынбаған.

«Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков кеңесте коммерциялық құпияның талқылануына байланысты «есік барлығына бірдей жабылады» деп кесіп айтты. Ең негізгі мәселе залдан журналистер шығып, есік жабылғанда ғана талқыланған сияқты», – дейді Ерлан Төлеуұлы. 

 Ал жергілікті тілші қауымы: «Бұл жерде біздің еңбекақымыз, яғни әңгіме қаражат төңірегінде болып жатқанда қандай коммерциялық құпия болуы мүмкін? Тіпті, жиналыс қорытындысы бойынша мекеме басшысын ауыстыру ұсынылды дегенді естідік. Сонда бұлар басшыны тағы құртпақ па?», – дейді ашынып.

Басшы құтаймаған мекеме қаржылық қиындықтан арылмайтыны сөзсіз. Облыстық ішкі саясат басқармасы мәселені тек осылай шешемін десе, қатты қателеседі. Екі тарап не бөлісе алмай жатыр соншалықты? Тендер, мемлекеттік тапсырыс, қаражат... тағы басқа ақша «жеп» қалу сияқты ашкөздік саясат аясында жұмыс істеу – абырой әкелмеген ешқашан. Айналып келгенде, мұның зардабы қарапайым тілшілерге тиіп отыр. Ал өңір журналистерінің жалақысыз, «аш» отырғаны Лондонда аяғын алшаң басып, қаншама қаржыны шығындап келген Ахметовке сын.    

Тегтер: