1 Қазан 16:54

Шығыстан тағы ши шықты: «Шығыс ақпарат» журналистері НЕГЕ «таксовать» етіп жүр?

Фото:

Кеше сенатор, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп Парламентте журналистердің мәртебесін анықтайтын уақыт жеткенін айтқан еді. Осы пікір әсер етті ме, түстен кейін Altaynews.kz сайтының редакторы Дарын Нұрсапар Фейсбуктегі парақшасында мәселе көтерді. Оның айтуынша, «Шығыс ақпарат» ЖШС-на қарайтын журналистер үш айдан бері жалақы алмаған.

«Біз артқа, 90-жылдарға бір-ақ секірдік. Жыл сайын креслоталас, тақталас, бақталас, боқталас интрига, тендер, ақшаның әңгімесі. 150 мыңның ар жақ-бер жағында сараң байдың садақасы сияқты жалақы алып, күн-түні аттан түспей шапқылаған тілшілердің жағдайы қиын. Тамызда балаларын оқуға дайындай алмай қалған. Одан бері қыркүйек бітіп, қазан келді. Ал енді осыған кім кінәлі? Жауап беретін біреу бар ма?», – деп жазды ашынып.

Nege.kz тілшісі Altaynews.kz сайтының редакторы Дарын Нұрсапарға хабарласты.

– Тамыз, қыркүйек айлық алмадық. Әріптестерімнің жұмысқа келетін, интернетке төлейтін ақшасы жоқ. Үйден жұмыс істеуде. «Шығыс ақпарат» холдингінде жыл сайын бастық ауысады. Биыл көктемде басшы болып Ерлан Смағұлов келген. Басшының да бұлай ауыса беруі біздің жұмысымызға кедергі келтіреді. Ішкі саясат басқармасы мен «Шығыс ақпарат» не шеше алмай жүргенін білмейміз. Біздің басшылық пен әкімшілік арасындағы ойын сияқты. Ақша мен тендер арасындағы интрига ғой. Қарапайым журналистерге ол жағы белгісіз.

Мұның бәрі бізге моралдық және материалдық тұрғыдан қысым. Медиахолдингте 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Көлігі барлар «таксовать» етіп кеткен. Алдында 30 мың аванс берді, болды. Ал жұмыс қалыпты жүріп жатыр. «Шыдамның да шегі бар» деп жаздым, – дейді ол.

Бұдан кейін «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің басшысы Ерлан Смағұловтан пікір сұрадық.

«Ішкі саясат басқармасы мені бағындыра алмай жүр»

–​ Ерлан Төлеуұлы, медиа холдингке қарайтын журналистер неше айдан бері жалақы алмай отырғаны рас па?

– 2019 жылы Ішкі саясат басқармасымен мемлекеттік тапсырыс аясында байқауға қатысып, заңды түрде 410 млн теңгенің келісіміне қол қойдық. Былтыр 376 млн теңгені ұтып алдық. Биыл 182 млн теңгеге ғана келісімге отырдық. Бірақ бәрібір сол баяғы жұмысты істеп жатырмыз. Бізде SММ департаменті бар. Оған жылына 130-150 млн кетеді. Биыл 67 млн-ға ғана (қосымша құн салығымен) келісімге отырдық. Сонда мелекет тапсырыс бойынша 90 млн теңге бермей отыр. Алайда, жұмыс көбейді. Бөлінген ақша баяғыда бітті.

Сосын біздің қарамағымызда екі тілде жұмыс істейтін Altaynews.kz сайты бар. Қазір қазан айы болды ғой, мемлекеттік тапсырыс берілген де жоқ. Бірақ жұмыс істеп жатырмыз. Ішкі саясат басқармасының ақпараттарын салып жатырмыз. Ал ақша қайдан келеді? Сосын өңірдің басты екі газеті – «Дидар» мен «Рудный Алтай». Оған да тендерді созып жарты жыл өткен соң, яғни маусымда ғана жариялады. Екінші байқау жыл бітейін деп жатқанда болып жатыр.

Мұның бәрі жұмысқа да, жалақының кешігуіне де кері әсер етеді. Мемлекеттік тапсырыс уақытында өтіп, шешімі дер кезінде шықса, ешқандай қиындық болмас еді. Бірақ оны әдейі созып тастайды. Сосын біз қарызға кіріп кетеміз. Ақша түссе, қарыздан құтылуға ғана жетеді. Бірақ бізге мемлекеттік тапсырыс түспесе де, жұмыс тоқтаған емес. Содан кейін тілші мәселе көтеріп, жазған шығар. Бірақ ол да жалған сөйлеп отыр. Тамыз айында 70 пайыз айлықты бердік. 30 пайызына ғана қарызбыз. Қай күні қанша ақша алғандары қағазда тұр. Бізде ішкі аудит тексерісі өтті. Айлық бойынша қарыз жоқ. Ақша ұрланған жоқ. Заң бұзушылық тіркелген жоқ. Қыркүйектің айлығын қазанның 10-ына дейін беруге әлі уақыт бар. Сондықтан 3-4 ай дегені дұрыс емес. Орынбасарым екеуміз «қызметкерлерге жетсін» деп өз айлығымызды алмай отырмыз.

– Сонда тілшілер жалған сөйлеп отыр ма? «Жұмысқа келетін ақшасы жоқ, көлігі барлар адам тасып кетті» дегені ше?

– Осы мәселені жазған тілші тамыз, қыркүйек айында жұмысқа сирек келетін. Жазсын, айтсын, дұрыс. Бірақ 3-4 ай жалақы алмай отыр дегені шындыққа жанаспайды.

– Білуімізше, аймақтық журналистердің жалақысы төмен. Оның үстіне қазір бәрі қымбаттап кетті.

– Журналистің жалақысы – 140 мың теңге. Жалақыны былтыр желтоқсан айында көтердік. Қаламақы қоры да көбейді. Газетке, төрт сайтқа үзбей жазып тұрса, қаламақысын алады. Ерінбейтін, еңбектенетін адам ақша табады.

– «Шығыс ақпарат» медиахолдингіне неге басшы құтаймайды?

– Иә, соңғы төрт-бес жылды қарасаңыз, ең ұзағырақ, яғни бір жарым жыл отырған мен ғана шығармын. Мені жазда жұмыстан алғысы келді. Бірақ себеп жоқ. Ешқандай қателік жіберген жоқпын. Ішкі саясат басқармасы әдейі мемлекеттік тапсырысты бермей, ақшадан қысып отыр. Олардың мақсаты – холдингтегі қызметкерлерді маған қарсы шығарып, қызметімнен алып тастау. Айталық, жазда байқау жарияланады. Сол кезде «Мынаны мынаған, ананы анаған береміз. Сендер бұған қатыспаңдар!» дейді. Оған келіспей, «заңды түрде қатысып, ұтып көрейік» деймін. Ол біздің табысымыз ғой. Соған да маған тісін қайрап жүр. Кей ұжымда 20 адам болса, бізде 200-дей қызметкер бар.

Тамыз айының басында бақылау кеңесінің отырысы болды. Сонда Ішкі саясат басқармасының бұрынғы бастығы, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Мұхамедчинов Азамат Маратұлы «Шығыс ақпарат» маған бағынбай, өз дегенін істеп жүр. Қосымша көзден ақша алмайтындай, басқа редакциялар арасына іріткі салып отыр. Маған бағынбаса, олардың қаражатын қысқартамын» деді. Яғни, біздің мемлекеттік тапсырыстың ашық байқауына қатысуымызды құптамайды. Осыдан кейін бе, байқауды уақытында жарияламай, ақшадан қысуға көшті. 9 ай болды Altaynews.kz сайты қатысатын байқау әлі жарияланбады. «Дидар» мен «Рудный Алтай» газетінің байқауын аддыңғы күні ғана сайтқа салды. Сонда біз екі айда қалай орындап үлгереміз?

Ішкі саясат басқармасының көп жұмысымен келіспей жүрмін. Өйткені, заңсыз деп санаймын. Ал олар «Біздің айтқанымызды істеңдер!» дейді. 200 адам қалай күн көреді? Қысқасы, мені бағындыра алмай жүр. Қатем болса, баяғыда-ақ алып тастайтын еді. Сол себептен тапсырыстың ақшасын әдейі бөлмей, ұстап отыр. Қызметкерлердің маған қарсы шыққанын қалап, орнымнан алуды көздейді. Ақша бермес үшін тапсырған есепті де созып жүр.

Өзім бұл қызметке былтыр 10 сәуір айында келдім. Келгелі бес рет сыйақы бөлгіздік. 70 ақсақалға азық-түлік себетін бердік. Кеңседегі бөлмелердің төбесінен су ағатын. Оған жөндеу жұмысын жүргіздік. Айлықты, қаламақы қорын көбейттік. 8 айда ұпайға шығып, 100 млн қарызды қайтарып бердік. Алда «Дидар» газетінің 90 жылдығы келе жатыр. Атаусыз қалмасын деп жарты жылдан бері айтып жатырмыз. Хат жібердік. Оған жауап та бермеді.

Бәріне кінәлі Ішкі саясат басқармасы кінәлі ме?

– Егер Ішкі саясат басқармасы заңды түрде байқауды қаңтарда, әрі кетсе наурыз айында жарияласа, мұндай қиындық болмас еді. Биыл жарты жыл қаражатсыз жұмыс істедік. Әкімнің қолдауы, бас санитардың қаулысын жариялаймыз. Бәрі Ішкі саясаттың жұмысы. Мұның бәрі ақша ғой. Бәріне ресми дәлелім бар. Неге екенін білмеймін, бұл басқарма менімен «соғысып» жүр. 9 маусымда «арыз жаз, жұмыстан кет» деді. «Кетпеймін» дедім, содан бері ізге түсу басталды. Шынымды айтсам, арызымды жазып кететін едім. Бірақ жыл сайын басшы ауысатын жерді біреу ретке келтіру керек қой.

P.S. Бұл жерде мүдделер қақтығысы жатқан сияқты. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» демекші, зардабын қарапайым тілшілер тартып отырғанға ұқсайды. Біз Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасына да хабарластық. «Бұл жағдай бойынша «Шығыс ақпарат» ЖШС-не Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасы тарапынан берешек қарыз жоқ, атқарылған  міндеттер бойынша барлық төлемдер дер кезінде толық көлемде жүргізілген, әрі қарай түскен қаражатты бөлу «Шығыс ақпарат» ЖШС жауапкершілігінде» деп жауап берді.

Тегтер: