12 Мамыр 18:04
...

Мейірбике болу – мейірімді іс

Фото:

Жыл сайын мамыр айының 12-сі күні Мейіргерлер күні аталып өтеді. Бұл күні көпшілік ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіреді.

Алматы, NEGE. Денсаулық сақтау саласында халық денсаулығын жақсарту жолында мейірбикелер еңбегі ұшан-теңіз. Мейіргерлер күні қарсаңында денсаулық сақшысының бірі ретінде балалардың өмірін арашалап, бар өмірін бала денсаулығын нығайтуға арнап келе жатқан Бейбітгүл Шойбекованың орасан еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Бейбітгүл Мұхаметқалиқызы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы №2 Ересек жастағы балаларға арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 28 жылдан астам мейірбике болып қызмет жасап, өзіне жүктелген сенімді абыроймен атқарып келе жатыр.

Бүгінгі қоғамның мейірбикесі тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, мейірбике – науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырының бірі. Біздің кейіпкеріміз Бейбітгүл Шойбекова 30 жылдан бері денсаулық саласында жүріп, жанына шипа іздеген талай адамға, қаншама мың кішкентай нәресте мен балаға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ата-ананың алғысын алған. Өзінің еңбек жолын абыройлы, тиянақты алып жүрген білікті маман.

Талдықорған облысы, Ақсу ауданының тумасы Жансүгіров совхозындағы Тоқтаров атындағы орта мектепті бітіре сала, дәрігер боламын деген бала арманымен Алматыға келеді. Төрт жыл бойы оқуға тапсырған бала Бейбітгүл бесінші жыл дегенде Алматы мемлекеттік медициналық институтының мейірбике дайындау факультетіне түсіп, арманына қол жеткізген.

–  «Бала кезімнен дәрігер болуды армандап өстім. Әр түрлі дәрігерлер болады. Мен тек балалар дәрігері боламын деп кішкентай кезімнен шешіп қойдым. Басқа дәрігер болу мүлде ойымда болмады. Орыс тілінен шорқақ болғандықтан түсе алмадым. Содан кейін мейірбике болуды шештім. Сыныпта менен басқа ешкім дәрігер болуды армандамады», – дейді Б.Шойбекова.

1991 жылы қолына диплом алып, кеудесі арман-тілекке толы жас мейірбике сол жылы  жолдамамен Талдықорған өңірінің Жансүгіров аудандық ауруханасына жіберіледі. Жас  маманның  еңбек жолы осылайша аудан орталығындағы  жұқпалы аурулар емханасында учаскелік мейірбикеліктен  басталады. Екі жыл қызметтен соң 1993 жылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына орналасады.  Бейбітгүл Шойбекова Педиатрия орталығында міне, биыл табан алмай 28 жылдан астам уақыттан бері өз ісіне, антынан айнымай,  жұмысын  жанындай сүйіп, зор сүйіспеншілікпен және абыроймен қызметін атқарып келеді.

Бойында мейірім мен жанашырлық қатар ұштасқан  Бейбітгүл Шойбекова  Ересек жастағы балаларға арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміндегі  ауыр халдегі балаларды қарайды, ем-шараларын жүргізеді. Оның қамқор қолдары мен мейірімді жүрегі науқастарға операциядан кейінгі алғашқы қадамдарды жасауға, ауруларды емдеуге, өз күшіне сенуге көмектеседі.

– «Жұмыс  бабы қиын да кызықты. Әр науқас баланың бабын тауып, жағдайын жасауға  тырысамын. Өйткені, өзіміз де анамыз, балаларымыз бар. Өзім балаларды жанымдай жақсы көремін. Балаларға деген сүйіспеншілігім осы дәрігерлік қызметке әкелді. Біздің бөлімде 14 мейірбике қызмет атқарады. Ұйымшылмыз, бір-бірімізді айтпай түсінеміз. Бірлігі жарасқан ұжымым, әріптестерім ұнағандықтан басқа клиникаларға ауысқым келмейді. Нағыз мейірбике өзінің кәсіби қабілетіне қоса, ең басты ерекшелік – мейірімділік қасиетіне  ие болуы тиіс. Қиындықтар көп болды, қиналған сәттерім де жоқ емес. Бірақ, мен ешқашан өз қызметімнен бас тартып, мамандығымнан көңілімді суытқан жоқпын. Мамандығымды  мейлінше  сүйемін», – дейді №2 Ересек жастағы балаларға арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің мейірбикесі  Бейбітгүл Шойбекова.

Медициналық мекемелердегі барлық жұмыстардың 80%-дан астамы мейіргерлердің мойнында. Олар күн сайын, күніне 24 сағат кішкентай пациенттерге қамқорлық жасайды – тамшылар қояды, таңғыштарды ауыстырады, қысымды, сатурацияны өлшейді, температурасы мен жалпы жағдайын бақылайды және т.б. ем-шараларды жүргізіп тәулік бойы ауыр науқастарды қарайды.

Бейбітгүл Мұхаметқалиқызы кәсіби шеберлігімен қоса, қарапайымдылығы  мен   жұмсақ  мінезімен көптің жүрегін  жаулап,  алғысын  алып,  мамандығының  мерейін  асырған  медбике.  Балалардың жанын, ата-аналарың уайымын жан-тәнімен түсінеді. Барынша мейірімін төгеді. Б.Шойбекова  жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесімен бөлісіп, өзінен кейінгі жас буынға білгенін үйретуден жалыққан емес. Қазіргі таңда жас мейірбикелерге кәсіби біліктілігін арттыруына қол ұшын беріп, көп көмегін тигізіп те келеді.

Бейбітгүл Мұхаметқалиқызы ҚР Денсаулық сақтау саласына сіңірген көп жылғы ерен еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2019) төсбелгісімен,  бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен және алғыс хаттармен марапатталған.

Тегтер: