Үкімет жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін шекарадағы бақылауды күшейтеді
Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдері нарығындағы жағдайға қатысты кеңес өткізіп, шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды. Жиынға жауапты министрліктер мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Астана, NEGE. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ішкі нарық бензин, дизель және авиациялық отынмен толық қамтамасыз етілген. Елдегі мұндай өнімдердің қоры 1 млн тоннадан асады.
Министрлік жанармай тапшылығы байқалмайтынын, өндіріс көлемі, жөнелту және қорлар тұрақты бақылауда екенін хабарлады. Жанар-жағармай алдымен автожанармай құю стансаларына, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне және отандық әуе тасымалдаушыларға жеткізіліп жатыр.
Кеңесте мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазір Қазақстаннан автомобиль көлігімен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін, ал теміржол арқылы жеңіл дистилляттарды шығаруға тыйым салынған. Сонымен қатар көліктердің мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу енгізілген.
Олжас Бектенов ішкі мұнай өнімдері нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиялық маңызы бар міндет екенін айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр ҰҚК Шекара қызметіне Қаржы министрлігімен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау схемаларын анықтап, олардың жолын кесу қажет екенін атап өтті.
Үкіметтің мәліметінше, соңғы бір айда 12 тоннаға жуық жанар-жағармайдың заңсыз экспорты тоқтатылған. Конверттелген газ бактары бар 54 көлік анықталып, олардың иелері жауапқа тартылды.