10 Тамыз 17:08

Қуаңшылық, қайда апарасың?!

Фото:

Пандемиядан кейін қазақ қоғамын қуаңшылық қысып тұр. Мал басы арзандап, ет пен жем-шөп бағасы шарықтап кетті. Тіпті, бірнеше өңірде төтенше жағдай жарияланып, іске нағыз мамандар кіріссе де, мәселе шешімін таппай тұр. Неге?

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Көкшетауға барған-ды. Президент сапар барысында басқа-басқа, ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударды. Үкіметке ауыл шаруашылығы мәселелерімен тікелей айналысу керек екенін айтты. Өйткені ауыл шаруашылығы өнімдері күн санап қымбаттап барады. «Өткен жылмен салыстырғанда азық-түлік бағасы 40 пайызға қымбаттаған», – дейді сарапшылар.

«Біз еліміздегі бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Бірақ бұл оңай емес. Аталған мәселелерді шешеміз. Әрине, Қазақстан ауыл шаруашылығы дамыған ел болуы тиіс. Біз іс жүзінде өзімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етуге көшуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл салада түйіні тарқамай тұрған бірқатар мәселе бар. Соларға жеке-жек тоқталайық.

Мал азығыда мәселеге айналды

Жоғарыда қуаңшылық жайлы айттық. Бұл бір ғана Қазақстанды тығырыққа тіреп отырған жәйт емес. Бүкіл әлем оның зардабын шегуі әбден мүмкін. Біріккен Ұлттар ұйымының сарапшылары кезекті жаһандық пандемия «қуаңшылық болуы мүмкін» деп дабыл қаққан-ды. Бұны күн санап көбейіп жатқан табиғи апаттардан аңғаруға болады. Түркия мен Грекиядағы апталап тоқтамай жанған өрт әлем назарын аударды.

Қазақстанда да ауа-райының қолайсыздығынан жайылымдық жерлерге өрт түсті. Қуаңшылық қысып тұрған Қызылорда облысында шаруалар қысқа азық деп жиған мая-мая шөбін өртеп алды. Арал, Қазалы өңіріндегі төрт түлік шөп-жемнен тарығып, арам өліп жатқанын көрдік.

Маңғыстаулық шаруалар картон қағазды жем орнына пайдаланып, мәселенің уақытша шешімін тапқандай кейіп танытқан. Мұның бәрі мал басының арзандауына әкеліп соқты. Құлынның құны – 30 мың, қойдың құны – 5 мың теңгеге дейін түсіп кетті.

Мәселені осыншалық ушықтырып жіберген басшылық соңы қызметтен кетуге мәжбүр болды. Экс-министр Сапархан Омаров отставкаға кетті. Бірақ бұл еш мәселенің шешімі емесі белгілі. Жергілікті атқарушы билік өкілдері мәселеге басқа қырынан келді. Біз Қызылорда облысына сапарлап барғанымызда ауыл шаруашылы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев шалғай өңірлерде кеңестік кезеңде жұмыс істеп, кейіннен көміліп қалған ұңғымалы құдықтарды қайта ашып, жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайтуды қолға алып жатқанын айтқан-ды. 

Егер шалғай орналасқан жайылымдарда тіршілік көзі саналған су болса шөп шығып, қуаңшылыққа төтеп беруге болады екен. Сәйкесінше, мал басы да артпақ. Ал, маңғыстаулық шаруаларға Қазақстанның әр түкпірінен көмек ретінде шөп жөнелтіліп жатыр.

Жалпы, осы аптадағы есепке сүйенсек, республика бойынша 16,1 млн тонна азық дайындалды. Аталған көрсеткіш жылдық көлемнің 68 пайызына пара-пар дейді мамандар. Негізгі жағдай Үкіметтік тұрақты бақылауына алынған. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайты хабар таратты. Ел ішіндегі қуаңшылық мәселесін түбегейлі шешіп алғанша экспортқа уақытша тоқтау салынды.

Ведомствоаралық комиссия биылғы жылғы 15 тамыздан бастап республикадан ірі азықты әкетуге және жемдік астық экспортына квота беруді уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім қабылдады. Жемдік астық экспортына квоталар көлемін айқындау кезінде ауыл шаруашылығы министрлігі бірінші кезекте, отандық малшылардың мұқтаждықтары үшін жемдік астықтың жеткілікті көлемінің болуын негізге алатын болады.

Тамыз айының соңына дейін темір жол көлігімен азық тасымалдауға жеңілдетілгені тарифтерді ұзарту туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, шөп дайындау қарқынын күшейту үшін өңірлерге қосымша 43,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, шөп шабу үшін табиғи резерваттардан 211 мың гектардан астам жер бөлінді. Бұл шаралар алдағы уақытта оң нәтиже көрсетуі әбден мүмкін.

Тағы бір мәселе

Ел ішінде «Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға әбден болады» деген пікір бар. Сын бар, бірақ, қарқынды жұмыс байқалмайды. Сарапшылар оның себебін жалақының аздығымен түсіндіреді. Яғни, Ауыл шаруашылығы жұмысшылары елдегі орташа айлықтан қарағанда, табысты екі есе аз табады.  Тіпті балық шаруашылығы саласындағы қызметкерлер айлықты бұл көрсеткіштен үш есе аз алады екен. Арнайы зерттеу жүргізген energyprom.kz осындай жазба жариялады.

«Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында еңбек ететін жұмысшылардың табысы 2021 жылдың алғашқы тоқсанында 116,1 мың теңге болған. Бұл көрсеткіш – елдегі орташа айлықтан екі есе аз. Қазақстанда орташа айлық жалақы 15,2% өскенімен, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында бар-жоғы 10,4% көбейген. Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында еңбек ететін жұмысшылардың сатып алу қабілеті бір жылда 2,9% өсті. Қазақстанда бұл көрсеткіш орташа есеппен бір жылда 7,4% артқанын атап өту керек. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешенінде сатып алу қабілеті өсімдік және мал шаруашылығында ғана байқалғанын атап өту керек», -– деп жазады сайт. Яғни, «ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін мамандар жалақысы аз болғаннан кейін сала дамымай жүр» деген пікір туындап отыр.

 

Сарапшылар зерттеуі мен нарықтағы бағаны безбенге салсақ, тепе-теңдіктің бұзылғанын байқауға болады.

Сайтымызда осыған дейін «Қуаңшылық зардабы: Құлынның құны – 30 мың теңге» атты тілшіміздің авторлық мақаласы жарияланған болатын. Материалда Қызылорда облысының Қазалы, Арал аудандарындағы төрт түлік мал бағасы мүлдем арзандап кеткенін тұрғындар айтқан. Бұл оқиға еліміздің өзге де облыстарында байқалуда. «Оған басты себеп мал азығының қымбаттауы» дейді сарапшылар. Өйткені Қызылорда облысының шаруалары қымбат деп алмай отырған нығыздалған шөптің құны әр данасы үшін 1 200 (бір мың екі жүз)  теңгеден саудаға түсіп жатыр. Түркістан облысында да дәл осы баға. Осы жерде логикалық негізге салып бір ірі қара орта есеппен күніне екі бума шөп жейді десек, ай сайын 60 пресс қажет екен. Ай сайын алпыс шөп үшін шаруалар 72 мың теңг беру керек. Ал жылға шаққанда 864 мың теңге екен. Бұл ірі қараның өз құнынан асып түседі. Сол себепті қазір оңтүстіктегі мал басы арзанға сатылып жатыр. Керісінше, ет бағасы өте қымбат. 

Қазір нарықта ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы аспандап тұр. Халық жиі тұтынатын ет өнімі соңғы уақытта тым қымбаттап кеткен.

Алматыда жылқы етінің келісі 3000-3500 теңгеге дейін, сиыр еті 2000-3000 теңгеге, ал қой еті 2500-3000 теңгеге дейін сатылып жатыр. Саудагерлер қауымы «егер қуаңшылық басылмаса, баға қымбаттай береді» деп жүр. Ал, министрлік мамандары қазіргі баға тым қымбат емес деген пікірде екен.

ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы Ерлан Ілиясов ет бағасы айтарлықтай қымбаттамаған деп БАҚ өкілдеріне сұхбат беріпті.

«Ет бағасына қатысты статистикалық мәліметтерге қарасақ, былтыр желтоқсан айында еттің бір келісі 1947 теңге болса, қазір 2200 теңгеге жетіп отыр. Сонда ай сайын ет бағасы 13 теңгеге өсіп отырған. Бұл айтарлықтай көп көрсеткіш емес. Қыста жайлауда жүрген мал қыстыққа келеді және фермерлердің көбі еркек малды, бұқаларды етке өткізеді. Сол кезде еліміздегі базарлар мен сауда орындарында жеткілікті ет көлемі қалыптасады. Жалпы ет қымбаттайды деген болжам жоқ. Қазір ішкі нарықты сиыр және қой етімен 100% қамтамасыз етіп отырмыз», – дейді Ерлан Ілиясов. 

Бұл бір тоқсанда 162,3 мың теңгеге ет өнімдерін пайдаланатын Атырау облысының немесе 148,8 мың теңге етке шығынданатын Түркістан облысының тұрғындарына арзан тиіп отыр деп айта алмаймыз. Аталған деректі ұлттық статистика бюросы дайындаған. Етке шығынданатын өңірлер көшін Жамбыл (130,3 мың тг), Қызылорда (129,5 мың тг), Маңғыстау (129,5 мың тг) облыстары жалғап тұр.

P.S: Қазақстан ауыл шаруашылығы саласы үлкен реформаның алдында тұрғандай. Қазір ел ішінде шағын шаруа қожалықтары пайда болып, өз өнімдерін шетке экспортқа шығаруды қолға алды. Осылайша ішкі нарықта бәсекелестік пайда болып, біздің өнімдер шет мемлекетте сұранысқа ие болатын кезең жақын қалғандай.

Тегтер: