Қайрат Закирьянов НЕГЕ академияның ақшасына аңға барады?
Кешелі бері Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың кабинетіндегі аң-құстартың тұлыбы абың-күбің әңгіме болып жатыр.
- Тақырыпқа орай: «Барыс көздеріңе сілеусін боп көрінген». Закирьянов өзін айыптаған көпшілікті НЕГЕ кінәлады?
Қайрат Қайруллинұлы отандық БАҚ-тың біріне сұхбат беріп, аңшылыққа кімнің есебінен баратынын, жұмыс кабинетіндегі барыстың терісі қайда кеткенін айтыпты.
«Аңға шығуды алғаш рет 1991 жылы Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы университетінің ректоры болып жүргенде бастадым. «Сайга» мылтығын сатып алып, содан бастап аю, қасқыр, елік сынды аңдарды аттық. Аңшылыққа рұқсатым бар. Аң-құсты көзсіз ата бермеймін, браконьер емеспін. Қызметім Алматыға ауысқаннан кейін аңшылыққа шетелге баруды әдетке айналдырдым. Аңшылық менің хоббиім, атып алған аң-құсты академияның спорт базасына қойғызамын», – депті профессор Қайрат Закирьянов.
Аңшы-профессордың айтуынша, күні бүгінге дейін әлемнің жүзден астам елінде болып, жыл сайын шетелге аңға шығуды әдетке айналдырған.
Ол Африка, Еуропа, Шығыс Азия елдерінде және солтүстік полюсте аңшылықпен айналысқанын мақтанышпен айтады. Оңтүстік Африкада – арыстан, Замбияда – зебра, Намибияда – түрлі антилопалар мен жирафқа дейін атып алған. Тіпті, Аустралияда аулаған алып аллигаторын да Алматыға әкелген.
Мейлі ғой, қазір қалталы азаматтардың көпшілігі аңшылықты хобби етеді. Егер аңшылығы заңды болса, мұның ешқандай әбестігі жоқ. Закирьяновтың хоббиіне де түсіністікпен қарар едік, егер ол аңшылыққа академияның есебінен баратынын айтпағанда...
«Оңтүстік Африканың мына еркек арыстанын үш жыл бұрын атқам. Министрлігінен арнайы рұқсатын алған соң, жергілікті екі жігіт жол көрсетті. 7 жасар арыстанды екі оқпен құлаттым. Бірінші оғым шабына, екінші оқ арыстанның маңдайына тиді. Терісін шынайы, тірі арыстан секілді сақтау үшін арнайы фабрикада бальзамдаттым. Аңшылыққа академияның ақшасына бардым, бұл аңдар менің меншігім емес. Осы оқу орнының мүлкі. Мына арыстанды атып әкелуге отыз мың доллардай кетті, негізі 70-80 мың доллар тұрады, өзара қарым-қатынасқа байлансты құнын арзандатты. Атуға, әкелуге қанша ақша кеткені туралы құжаттардың бәрі бухгалтерияда бар», – деп мақтаныпты аңшы-академик.
Айтпақшы, кешегі суреттегі қар барысы қайда кетті? Бұған қатысты академик былай дейді: «20 жылда көптеген адам кабинетімде осы аңдардың терісімен суретке түсті. Ұзақ жылдан бері тұрған терілердің неге бүгін қоғам назарын аударғанына таңым бар? Қар барысының шынайы емес, жасанды терісін танысым менің 50 жылдық мерейтойымда сыйлаған. Шу шыққан соң оны өзіне беріп жібердім».
Қар барысының терісі қайда кеткенін, жасанды тері ме, әлде шын тері ме, оны анықтауды құзырлы органдардың еншісіне қалдырайық. Біздің айтпағымыз басқа еді...
Аңшылықтың спортқа қатысы бар екені рас, бірақ Қазақ спорт және туризм академиясында туризм деген факультет болғанымен, «аңшылық» деген факультет барын естімеппіз. Және академик атып алған арыстанның, жирафтың антилопалардың немесе аллигатордың терісінің академияға қандай пайдасы барын түсінбедік.
Өзінің айтуынша, арыстанды атып әкелуге 30 мың доллар жұмсаған. Теңгеге шақсаңыз, 12 540 000 теңге болады. Бұдан екі жыл бұрын академияда ақылы негізде оқу құны жылына 500 мың теңге еді. Оқу орнының басшылығы оқу құны уақыт өте келе өсуі мүмкін екенін де ескерткен. Оқу құны күні бүгінге дейін қымбаттамаса, арзандамағаны анық.
Қарапайым арифметикаға салсақ, академия президентінің Африкадан арыстан атып әкелгеніне кем дегенде 25 студенттің бір жылдық оқу ақысы жұмсалды деген сөз. Бұған академиктің «әлемнің жүзден астам елінде болып, жыл сайын аңға шығуды әдетке айналдырғанын» қосыңыз.
2018 жылы тамызда бір топ ата-ана академияның алдында наразылық танытып, спорттан жетістігі бар балаларының мемлекеттік грантқа іліне алмай қалғанын айтып шағымданғаны да есте.
Академия алдына жиналған наразы халық. Фото: azattyq.org
Аңшылық – хобби. Біздің елде аңшылыққа тыйым салынбаған. Әрине, егер бәрі заңды болса. Қажетті құжаттарын құнттап, рұқсат қағазын рәсімде де, аңға шыға бер, ешкімнің сенде шаруасы жоқ. Бірақ Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Қайруллинұлының қалай «аңшылыққа академия есебінен шығатынын» әлі түсіне алмай отырмыз. Бәлкім, өзі түсіндіріп берер?
Сол себепті де Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа және Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновқа Nege.kz порталының атынан ресми сауал жолдаймыз.