«Ханға ақыл айтамын деп...» Мырзатай Жолдасбеков сөз естіп қалды
Қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков Бұқар жырауға қатысты нақыл сөз айтам деп, жұртшылықтан оңбай сөз естіп қалды.
Алматы, NEGE. Ғалым М.Жолдасбеков қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Бұқар жырауға қатысты бүй дейді:
«Ханға ақыл айтамын деп, Бұқар жырау қартайғанда қайыршының күнін кешіпті. Ақылың болса, ханға ақыл айтпа!».
Жұрт Жолдасбековтың «нақыл сөзін» дұрыс қабылдаған жоқ. Әлеуметтік желіде ғалымды жерден алып, жерге салып жатқандар көп.
«Осылай, ақсақал болғанда абыройсыз қалған жаман-ау!», – деп жазды белгілі журналист Қайнар Олжай Фейсбук желісінде.
«Осы «данышпан» биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, алдына қара салмай «оза шауып» келе жатыр ғой...», – деген пікір қалдырды белгілі айтыскер ақын Бауыржан Қалиолла.
Сұлтан Ыбырай деген желі қолданушы былай депті:
«Жарықтық Асқар Тоқпановтың өзін Бұқар сезініп тұрған біреуге «Сен Бұқар емес, бухариксің» дегені еске түсті».
Ал Бақыт Шабданов деген әлемжелі белсендісі бұған тіпті қатты шамданыпты.
«Мырзатай, Абылай хан Бұқар жыраудың малын тартып алып па?! «Қайыршының күйін кешті», – деп қазақтың ұлы жырауының әруағын қорлап отырсың! Бұқар жыраудың қайыр тілегеніне дәлелің бар ма?! Мүмкін қартайған кезінде жоқ-жұқана өмір сүрген шығар. Атамыз сендер сияқты берген жуындысына тойып алып, иесін мақтай беретін ит болғанда, бай-бақуат өмір сүруге мүмкіндігі бар еді ғой. Атамыз сендер сияқты қарақан басының емес, халықтың қамын ойлаған адам. Бұқар жыраудың тырнағына да арзымайсың ғой. Бұқар жырау қазақтың тарихына алтын әріппен жазылды. Халық сен сияқтыларды өмірем қапқандарыңнан кейін, біраз жылдар бойы иттіктеріңді еске алып, айтып, жазып жүретін болады. Үрім-бұтақтарың сендер үшін ұялып жүреді. Ақырын-ақырын тарих сахнасынан жоғаласыңдар! Сосын, қазір хан жоқ!», – деп жазыпты Б.Шабданов.
Редакциядан: Бұқар жырау Қалқаманұлы – қазақтың ұлы жырауы (1684-1781), қазақтың ұлы хандарының бірі Абылайдың ақылшысы. Шыққан тегі Арғыннан тарайды, Сүйіндік-Қаржас руынан. Замандастары Бұқарды «көмекей әулие» деп атаған. Өйткені сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең төгіледі екен. Бұқар жырау қиын-қыстау кезеңде Абылай ханға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңес беріп отырған. Абылай да Бұқар жырауды ерекше құрметтеген.