Экотуризм: Көлсайға дейін электромобильдер қатынайтын болады

Алматы облысындағы туристер жиі баратын шұрайлы жерлердің бірі – «Көлсай Көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.
Ұлттық саябақ туристік фирмалармен етене жұмыс істейді. Қазіргі таңда 9 туристік фирмамен келісімшарттар жасалды. Статискалық дерек бойынша, 2022 жылы Ұлттық паркке 210 269 адам келген. Шетелдік туристердің басым бөлігі де Көлсайды таңдайды.
2020 жылғы пандемия кезінде елімізде ішкі туризм дами бастады. Халық елімізде де демалуға болатынын байқады. Әсіресе жастар тауға шығып, серуендеуді әдетке айналдырып келеді. Сол себепті де Көлсайға дейінгі жол жөнделіп, асфальтталған. Туристердің келуіне барлық жағдай жасалды.
Көлсайға дейінгі жол жөнделгенімен, Қайыңдыға баратын жолдың нашарлығы айтылып жүр. Естеріңізде болса, 5 қазан күні түс ауа Кеген ауданы Саты ауылдық округінің аумағында, «Қайыңды-Саты» таулы автожолының 9-шақырымында жол апаты болды. Соның салдарынан бір адам қаза тауып, бірнеше адам зардап шекті. Осы оқиғадан кейін жолдың сапасы мен екі аралықта қатынайтын ескі автокөліктерге қатысты мәселе сөз болды.
Болашақта Қайыңдыға баратын жолды жөндеу жоспарда бар ма? Екі аралықта қатынайтын автокөлік мәселесі шешіле ме?
NEGE тілшісінің сауалына Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Хамит АХМЕТОВ жауап берді.
«Біз бірінші кезекте Көлсай көлі туралы айтып өттік. Ал осы Қайынды көліне апаратын жол мәселесі өткен жолы облыс басшысы келген кезде талқыланды. Келесі жылы, жоспарға сәйкес, Қайынды көліне жол салу жұмыстары басталады.
Екіншіден, бұл – нарық. Көлік мәселесіне келгенде ол Ұлттық парктің құзіретіне кіре бермейді. Өйткені, көліктің көпшілігі жеке меншік. Облыс бойынша үлкен іс-шараларды атқардық. Қазіргі таңда жол полиция қызметкерлері жай күндері болсын, сенбі-жексенбі күндері болсын тұрақты рейд жүргізіп отыр.
Қайыңдыға жүретін көліктердің техникалық жағдайына мониторинг жүргізіліп жатыр. Сенбі-жексенбі күндері полиция қызметкерлері жолда тұрып, жұмыстарын тұрақты атқарады. Егер талапқа сай келмейтін болса, ондай көліктерді жүргізбейді. Ұлттық парк жергілікті халықпен бірге», – деді Хамит Ахметов.
Қайыңды көлі. Фото: ғаламтордан
Табиғи парк директоры орынбасарының айтуынша, жолға қатысты тағы бір мәселе бар. Ол – бір күндік тур ұйымдастырушыларға қатысты.
«Жол мәселесіне қатысты тағы бір жағдайды айта кеткім келеді. Бізбен жұмыс істейтін туристік фирмалардың ішінде бір күндік тур ұйымдастыратындар бар. Бір күндік турдың кестесі уақыт жағынан шектеулі. Мысалы, таңертең келіп Қара каньонды, Көлсайды, Қайыңдыны бір күнде аралап үлгергісі келеді. Сол себепті уақыт жағын өздеріне ыңғайлап, барлығына үлгеру үшін жылдамдықты асырып, тез жеткізуге тырысады. Болашақта бір күндік емес, екі күндік тур болғаны дұрыс. Өйткені Көлсайға келген адам бір күн сол жерде демалып, келесі күні Қайыңдыны аралағаны дұрыс», – деді Хамит Ағабекұлы.
Сонымен қатар Көлсайдағы автотұрақты төменге түсіру жұмыстары қолға алынған.
«Көлсай көлдеріне қатысты қарастырылып жатқан үлкен жобамыз бар. Жобаға сәйкес, автотұрақты төменге түсіру ойымызда. Жергілікті әкімдік екі гектар жер бөліп, сол жерге автотұрақ салынады.
Туристер жеке көліктерін, турфирмалар автобустарын сол тұраққа қалдырып, ары қарай Көлсайға дейін заманауи талаптарға сай электромобильмен баратын болады. Облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, 10 жаңа электромобиль Көлсай көлдеріне қарай қатынайды.
Өздеріңіз де білесіздер, туристердің барлығы Саты ауылына келіп шоғырланғаннан кейін сол жерде автотұрақ болады. Сонымен қатар, жеке жеңіл көлік, автобустардан бөлек жанынан велосипед, самокаттармен Сатыдан Көлсайдың төменгі көліне дейін баратын жол салынады. Ол бір жағынан экологияға сай, таза. Мұның барлығы бір жылда бітпейді. 2-3 жылда нәтижесін көреміз деп ойлаймын», – деді Табиғи парк директорының орынбасары.
Көлсай. Фото: ғаламтордан
Хамит Ахметов Қайыңды көліне дейін салынатын жолға бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін айтты.
«Бюджетіне қатысты Қайыңды көліне дейін жол салуға 1,5 млрд теңгедей бөлінеді деді. Сонымен қатар жыл сайын Қайыңды көліне тоспа салу мәселесі қолға алынған. Оның құны – 600 млн теңге. Қазіргі таңда тек қана Көлсай көлі маңында ғана бақылау-өткізу тоспасында интернет қосылған, қызметтерді мобильді қосымша арқылы төлеуге болады. Болашақта Қайыңды көліне электр желісі тартылатын болса, жол салынса онда барлық мүмкіндіктерге қол жеткізе аламыз», – деді Хамит Ахметов.
Анықтама үшін: «Көлсай Көлдері» ұлттық паркі 2007 жылы Алматы облысының Кеген және Талғар аудандарының аумағында құрылған. Оның жалпы ауданы – 161 045 мың гектар. Оның ішінде Кеген ауданы бойынша – 148256, Талғар ауданы бойынша – 12807 гектар. Ұлттық парк Таушелек, Күрметі, Көлсай, Қарабұлақ ормандарынан тұрады.