Экономика министрлігі халық табысы не себепті азайғанын түсіндірді
2025 жылдың қорытындысы бойынша нақты кірістің төмендеуі экономиканың 6,5%-ға өскенінің әлі де халықтың әл-ауқатына толық әсер етпейтіндігін көрсетеді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрлігінің түсіндірмесінде айтылған.
Бүгін Ұлттық статистика бюросы халықтың нақты табысы индексін жариялады. Соған сәйкес, инфляцияны ескергенде, нақты өсім 1,1%-ға төмендеген, жан басына шаққандағы орташа табыс – 238 070 теңге, ал табыстың номиналды өсімі 10,2% болды.
«Нақты кірістің төмендеуі экономикалық өсімнің әлі де халықтың әл-ауқатына толық әсер етпейтіндігін көрсетеді. Яғни пайданы қайта бөлу мәселесі туындайды. Мұндай жағдай жұмыспен қамтуды арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жаңартылған Халықтың табысын арттыру бағдарламасында қаралған жалақыны арттыру жөніндегі шаралардың өзектілігін көрсетеді», – делінген хабарламада.
Министрлік өкілдері нақты кірістер жағдайы туралы объективті көріністі тек жылдық көрсеткіш беретінін айтады. Бұл нақты ұзақмерзімді трендті көрсетеді.
«Желтоқсанда қызу талқыланған халықтың нақты табысының -6% деңгейінде төмендеуі туралы тезис жедел деректерге және "Желтоқсан-желтоқсанға" қағидаты бойынша негізделген. Яғни бір жылдағы жиынтық динамика емес, бір ай шеңберіндегі көрсеткіштің өзгеруін көрсетеді. Бір айдағы деректі экономикалық тұрғыдан жыл бойына сипаттама ретінде пайдалану негізсіз және әдіснамалық тұрғыдан дұрыс емес», – дейді Ұлттық экономика министрлігі мамандары.
Халықтың нақты табыс индексінің төмендеу себебінің бірі ретінде мамандар жалақының бизнес пайдасына қарағанда баяу қарқынмен өсуін атап өтеді.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, компаниялардың 50%-дайы жалақыны үнемдеп, 10%-дан асырмаған. Кейбіреулері бұрынғы деңгейде қалдырған.
«Бұл алшақтықты тудырады: ЖІӨ өнеркәсіп, қызмет көрсету және экспорт арқылы өссе де, бірақ нақты жұмысшының жалақысына бұл ақша кідіріспен келеді», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, еңбекақы қоры компаниялардың тұрақты шығындарын білдіреді. Бюджетті қалыптастыру кезінде көбіне ірі кәсіпорындар, шығынға ықтимал тәуекелдерді салады.
«Бұлар бүгінде негізінен сыртқы сипатқа тәуелді. Олардың ішінде логистикалық тізбектің үзілуі, тұрақсыз геосаяси жағдай, санкциялық шектеу, әлемдік бағалар мен валюта бағамының құбылмалылығы және басқалары бар. Бизнес әсер ете алмайтын осы факторлардың барлығы жалақыны белсенді түрде арттыру мүмкіндігін шектейді», – дейді мамандар.
Қазақстанда жалпы экономикадағы (ЖІӨ) жалақының үлесі – 2024 жылғы қорытынды бойынша шамамен 31%. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40%-дан жоғары.
«Үкіметтің міндеті – кірістерді әділ бөлу, бизнес тек дивидендтерге ғана емес, кірісті еңбекақыға да көбірек жұмсауы тиіс», – дейді ведомство өкілдері.
Бұған қоса халықтың табысы жалақы есебінен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік трансферттер мен басқа да кірістер есебінен қалыптасады. Оның динамикасы экономиканың өсу қарқынынан өзгеше болуы мүмкін. 2025 жылғы 4 тоқсанның қорытындысы бойынша жалдамалы емес жұмыстан түскен табысқа халық табысының 8,3%, зейнетақыға 17,9%, жәрдемақыға 3,3% және т. б. сәйкес келді.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың төртінші тоқсаны бойынша бүгін жариялаған мәліметтеріне сәйкес, медианалық жалақы – 339 912 теңге, ал орташа айлық жалақы 8,8%-ға өсіп, 473 158 теңге болды. Нақты жалақы бір жыл ішінде 3,2%-ға төмендеген.