9 Қараша 17:56
...

Депутат Жаңбыршин мен сот алқасының төрағасы Жүкенов НЕГЕ «шекісіп» қалды?

Фото:

Мәжілісте алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санатын кеңейту туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Депутат Еділ Жаңбыршин отырыс кезінде Жоғарғы соттың халыққа жабық саясат ұстанып отырғанын сынаған. Алайда, бұл пікірмен Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов келіскен жоқ.

Мәжілістен соң NEGE тілшісі Еділ ЖАҢБЫРШИНДІ әңгімеге тартты.

– Жаңа ғана соттардың ел мұңына құлақ асқысы келмейтін позицияда отырғанын айттыңыз. Расында да әділетсіздікке тап болған жандар Парламентке жүгіне ме?

– Мына халық әділдік іздеп, соттың шешімдеріне көңілі толмай, «әділетсіз шешім шығарылды» деп, Астанаға келеді. Осылай әр өңірден келіп жатады. Бұл жерде мынадай мәселе бар. Барлық билік тармағының өкілдері олармен кездеседі. Ал енді Жоғарғы сотқа келген кезде, судьялар емес, аппараттың қызметкерлері шығады. Олар не шешеді?

Президент те: «Барлық билік тармақтары ашық болу керек. Халықпен байланыс жасау керек», – деп айтып жүр. Ең болмағанда, Жоғарғы соттың судьялары елге шығып, өңірлерге барып, қоғаммен кездесіп, сол жердегі түйінді мәселелерді анықтамай ма? Немесе сол бойынша заңға өзгеріс енгізіп, төменгі деңгейдегі топтардан әділ шешім талап ететін механизм болу керек қой.

Ә.Жүкенов.Фото: askeri.sud.kz

– Бірақ сот алқасының төрағасы: «Судьялардың процессуалды шешімдерден бөлек, ол азаматтармен кездесуге заңды түрде хақы жоқ», – деді ғой?

– Олар өздеріне солай жасап алған. Оның айтып отырғаны – өздерінің сиезінде қабылданған «Судьялардың этикасы» жөніндегі кодекс. Бұл заңнан жоғары емес қой? «Жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларды қабылдау керек» деген бізде заң бар. Бірақ бұлар өз кодекстерін алға тартып, «процессуалды емес қарым-қатынасқа бара алмаймыз» дейді.

Біз ішкі шаруасына, соттың шешімдеріне аралассын деп жатқан жоқпыз. Келген халықты тыңдау керек қой? Олардың алып келген шағымдарын қабылдауы керек.

– Демек, Жоғарғы сот өзі қабылдауы тиіс пе?

– Жеке судья ма, әлде ұжымды түрде ме, бәрібір. Оларда қоғамдық қабылдау болу керек. Арызданып келген халықпен кездесіп, өтініштерін алуы керек. Сосын оны талдауы тиіс.

Шынында да ол жерде заң бұзушылық болып жатса немесе әділ шешім қабылданбаса, онда халық қайда барады? Біз Парламент оған араласа алмаймыз. Не олар заңды өзгертіп, өздеріне осындай мүмкіндік алсын, не болмаса қоғаммен кездесіп, жүйелілік мәселелерін шешсін.

Олар да халықпен жұмыс істемей ме?! Олар да билік тармағы емес пе?!

– Сот өкіліне сұрақ қойған кезде «әділетсіздікке наразы болып, өз-өзіне қол жұмсаған, өзін-өзі өртеп жібергендер болды» дедіңіз. Оны қай оқиғаларға сүйеніп айттыңыз?
– Әбден ашынғаннан бір әйел үстіне бензин құйып, өзін өртеп жіберді. Тіпті Алматыда соттың шешімдеріне қарсы болып, мылтықпен келіп, сот өкілдерін атып тастаған жағдайлар болды. Сондай фактілер көп. Біз білмейтіндері қаншама? Біздің сайлаушыларымыз өзімізге хабарласып: «Мына соттың шешімі әділ емес. Баламызды заңсыз соттап жіберді» немесе «Істі дұрыс тергеп, қараған жоқ» деп жазып жатады. Мұндай мәселелер көп кездеседі. Сондықтан мына сот жүйесіне де реформа керек. Бұл – қоғамның талабы.

– Бүгін алқабилер туралы заң жобасын мақұлдадыңыздар. Бірақ талқылау кезінде осы кезге дейін бұл тараптың сотқа жүйелі қатыспауы, адами факторлардың әсер етуі сияқты қателіктер де жіберіліп келгенін айттыңыздар. Ендеше, осы мәселелерді реттеп алмай, олардың өкілеттілігін кеңейту қаншалықты маңызды?

– Бұл – АҚШ және басқа да елдерде, жалпы әлемдік тәжірибеде бар әдіс. Ол ашықтықты, сот процесіне араласуды қамтамасыз етіп қана қоймай, әділ шешім шығаруға мүмкіндік береді.

Алқаби ретінде сотқа қатысатын азаматтар да арнайы таңдалып алынады. Олар да өздерінің құқықтық білімін жетілдіруге жұмыс істейді. Жалпы, қоғамның әр мүшесі өз құқығы мен заңды білуге міндетті. Бұл сот жүйесін демократияландыру үшін жасалып жатқан қадамдар деп ойлаймын.

Мұны бір адам ғана отырып шешпеу керек. Әсіресе, ауыр қылмыстар қаралатын сотқа алқабилер қатысқаны дұрыс деп санаймын.

– Әріптесіңіз Сәлімжан Нақпаев бұған дейін алқабилер шешіміне судьялардың әсер етуі, олардың үкімін тоқтатып тастау мен қабылдамауы сияқты деректердің кездескенін айтты. Ендеше заң жобасындағы алқабилер қатысатын істер санатын арттыру тек «для галочки» боп қалмай ма? Олар сотқа шынымен әсер ете ала ма?

– Әсер ете алады деп ойлаймын. Біз де сол үшін заңға өзгеріс енгізіп, кіргізіп отырмыз. Қалай болғанда да, алқабилер қатысқан сот қоғамға ашық болады. Процестер айтылады. Егер бір ғана судья шешім шығарып, алқабилер құзіреті жүрмесе, онда заң жұмыс жасамай қалады. Сіз айтқан «для галочки» сол кезде болады. Бұл жүйе әлі де жетіледі. Алда да өмір бар ғой. Егер кем-кетіктер боп жатса, заңда, Парламентте өзгертіп, алқабилердің құзіретін жоғарылатуға мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Барлық уақытта өзгерістер жасауға болады. Тек соны іске асыру үшін бір қадам жасауымыз керек.

– Алқабилердің құрамында заңдық, құқықтық білімі бар азаматтар болмайды екен. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Бір жағынан ондай шектеулердің болғаны да дұрыс шығар.

– Әлде судья шешіміне әсер етпеу үшін әдейі осылай таңдала ма?

– Енді қайткен күнде де сот процесіне заңдық тұрғыдан бөлек, моральдық жағынан да қарау керек деп ойлаймын. Тек «заңда солай» деп, нормамен қатып қалмау керек сияқты. Сол үшін де біз шешім қабылдаған кезде «заң, заң» деп отырып аламыз. Кейде біраз мәселені рухани тұрғыдан да қарастырған дұрыс болады. Адамдардың тағдырын шешетін уақытта бұл өте маңызды.

Тегтер: