3 Ақпан 15:43

Тоқаевтың жаңа экономикасы. Біз қайда барамыз?

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экономикалық бағыты қандай болмақ? Нақты айтқанда, біздің күнделікті өмірімізде не өзгереді? Жаңа президент бізді жақсы жаңалықтармен қуанта ала ма? Nege.kz экономист-сарапшылармен бірлесе отырып, экономикадағы жаңа бағыттың қандай болуы тиіс екенін талдады.

Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында «Бүгінгі таңда құрылыс, сауда және көлік салаларында жақсы өсім тіркелген. Дегенмен, еңбек өнімділігінің төмен болуы басты проблемалардың бірі» деген болатын. Бірақ ең басты жаңалығы артынан айтылды. Президент бізге проблемаларды нақты анықтауға және оларды шешуге мүмкіндік беретін жаңа экономикалық бағыт керектігін мәлімдеді. Және бұл сөздердің артында бізді экономикада үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын аңғаруға болады. «Реформаларды іске асыру үшін ең алдымен жігер керек. Үкімет осы қасиетті көрсетеді деп ойлаймын» - деген Қасым-Жомарт Тоқаев бар салмақты министрлер кабинетіне аударғанын байқатты. 

Айдархан Құсайынов. Фото: kapital.kz

- Шынын айтқанда әлі қандай реформа қажет екенін өзіміз де білмейміз – дейді бізбен бірге жаңа бағыттар нобайын талқылаған экономист Айдархан Құсайынов. 

Мәселе мынада. Реформа керек деген идея, бір нәрсе жасау керек деген түсінік бар. Бұл - бірінші. Екіншіден, экономикалық саясат өзгеруі керек деген түсінік бар. Үшіншіден, экономика адамдарға пайда әкелуі керек деген түсінік бар. Осы қадамдардың жемісін бизнес емес, елдің қатардағы азаматтары көруі тиіс. Осы міндеттердің барлығын Үкімет қысқаша тұжырымға сыйғызуы қажет. Сонда не істеу керектігіміз анықталады.

Расул Рысмамбетов. Фото: matritca.kz

Ал экономист Расул Рысмамбетов реформа жасау үшін бұған дейін жоспарланған көптеген шаралардың ең болмағанда жартысын орындау жеткілікті болар еді дейді. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан жақтан экономиканы әртараптандыру, мемлекет үлесінің төмендеуі, тауар экспортына тәуелділікті азайту мен жергілікті өндірістің дамуы туралы сөздер үнемі айтылып жатады. Бірақ одан нәтиже шамалы.

Елордада отырғандар өңірлерде не болып жатқанынан хабарсыз. Президент емес, сол жағалаудағы қарапайым қызметкерлер де жоспар сызғанда жалған немесе толық емес деректерді пайдаланып жүр. Үкімет реформаларының сәтсіздікке ұшырап жататыны содан.  Жоспар мүлде басқа,  шындық мүлдем басқа.

Айдархан Құсайынов бұған дейін мемлекеттің азаматтарға емес, бизнеске көмектесіп келгеніне назар аударады. Бизнеске көмектессек, ол өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартады деген ұстаным қате болып шыққан.

Әу бастан, экономикалық саясат дұрыс емес еді. Кәсіпкерлікті қолдау экономиканы дамытуға көмектеседі деген идея жұмыс істемейтін болып шықты. Бүкіл әлемде бизнесті сала ретінде қолдайды. Әлемдік тәжірибе қандай? Бұл - адамдардың бизнеспен айналысуына жағдай жасау. Егер жұмысы жүрмесе, өзін банкрот деп тауып, оның орнына басқа адамның кәсіп ашуын қамтамасыз ету. Ал бізде түсінік ауысып кеткен. Бизнесті қолдауды біз өнеркәсіп ошақтарын қолдаумен шатастырып алдық. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар, индустриалды-инновациялық үдемелі даму дегендер осыдан шықты. Мәселен, біздің үкімет жұмыс орындарын ашып жатқанын айтып мақтанады. Әлемде ондай көрсеткішті алға тартып отырған ешкімді көрмедім.

Андрей Чеботарев. Фото: sputniknews.kz

EXANTE сарапшысы Андрей Чеботарев өз кезегінде мұнай құбырының үстінен түсуіміз қажет дейді. Үкімет мұнайдан түскен табысқа арқа сүйейтін болып алды. Ұлттық қорды әмиянға айналдырғандардың экономиканы әртараптандыруға еш ынтасы жоқ.

Көршілес Ресей бюджеттік ереже енгізіп, нәтижесінде көп жылдардан бері тұңғыш рет бюджет профицитіне қол жеткізіп отыр. Біз бұл жұмысты жартылай ғана атқардық, артық табыстың сақтандыру қорына түсіп жатқаны жеткіліксіз. Жыл сайын бюджет тапшылығын жасап келеміз. Ұлттық қорға қол сұғуды тоқтату керек. Бізге де Ұлттық қорды молайту үшін бюджеттік ереже енгізген жөн.

Ақорда жаңа экономикалық реформаны экономист мамандармен бірлесіп жасауға ниетті екенін президенттің өзі үкімет отырысында айтқан еді. Арнайы зерттеу орталығы құрылатыны белгілі. Бірақ оған қандай экономистер кірмек? Олар қандай реформа ұсынбақ? Қазір сарапшылардың да ойы шашырап кеткенін әңгімелерінен аңғарып отырмыз. Нақты жоба не жоспар ешкімде жоқ сияқты. Жалпы кез-келген реформаның дұрыс жоспарланбауы, немесе жақсы жоспарланса да, толығымен орындалмауы біздің елімізге тән құбылыс. Оның салдарын экономиканың қазіргі жайынан-ақ аңғаруға болады. Осы жолы нақты бірдеңе өзгере ме, жоқ әлде баяғыдай құр сөз бе деген сұрақ қазірше жауапсыз қалып отыр.  

Тегтер: