«Ұлттық құндылыққа қанық бала қағынан жерімейді» – педагог
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, шәкірт қолына қалам алдырып, оны білім нәрімен сусындатудың жүгі жеңіл емес екені анық. Осы ретте Сәуле Оралқасымқызындай білікті ұстаздардың еңбегі ерен деуге болар. Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Береке орта мектебінде қызмет жасайтын ұлағатты ұстаздың тағылымын алған ұл-қыздар бүгінгі таңда бір-бір білікті маманға айналған. Ал түрлі халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанған шәкірттері мен түлеткен тәлімгерлерінің санынан жаңылысуға болады. Өткен жылы Білім және ғылым министрінің қолынан арнайы алғыс хат алған тәжірибелі педагогпен тілдесіп көрдік.
– Сәуле ханым, алғашқы еңбек жолыңыз қашан басталды?
– Алғаш еңбек жолымды 1985 жылы бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданына қарасты Бақанас орта мектебінен бастадым. Жер жанаты Жетісу өңіріне қоныс аударған соң Алматы облысына қарасты біраз мектепте қызмет атқардым. Ал Береке орта мектебіне алғаш есігі айқара ашылған 2017 жылы келдім. Қазіргі таңда 1-4 сынып аралығындағы бастауыш сыныптарға сабақ беремін. Оқытушылықпен бірге тәрбие жұмысын қатар алып жүрген педагог-шебермін.
– Естуімше, сіз ұстаздықпен ғылыми жұмысты да ұштастырып келе жатыр екенсіз. Мұндағы мақсатыңыз не?
– Мұндағы ойым талапты жастарды мектеп қабырғасынан бастап ғылымға жұмылдыру.
– Бала күнде мұғалім болуды армандаған боларсыз?
– Бастауыш сыныпта оқып жүргенде Бақытжамал Кенжалина есімді сынып жетекшіміз болды. Ол кісінің сабақ берудегі әдіс-тәсіліне тамсана қарайтынмын. Білім беруде оқулықпен шектелмейтін. Қашанда қосымша мәліметтермен бөлісіп, баланы талантына сай бағыттап отыратын. Нәтижесінде, алдында отырған оқушы атаулы әр сөзін тыңғылықты тыңдап, сабаққа белсене қатысатын. Осыны көріп өскендіктен мен де мұғалім боламын деп шештім. Қазір өзім де сол ұстазымдай білім беру жолында ұлттық құндылыққа басымдылық беріп жүрмін. Осы ретте ат әбзелдері, ұлттық киім, ою-өрнек, киіз үй сынды қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты шеберлік сыныптарын өткізіп отырамын. Себебі, ата-салты мен дәстүрін сіңіріп өскен бала қандай жетістіке жетсе де қағынан жерімейтін болады.
– Мұғалімдердің үйге келсе де тыным таппайтынын белгілі. Сіз ше?
– Мен қазіргі таңда Дүниетану мен Жаратылыстану пәніне қосымша оқулық есебінде кітап жазып жатырмын. Өйткені бастауыш сыныпта көбінекей математика мен қазақ тілі сабағына ғана басымдылық беріледі де, аталған екі пән көлеңкеде қалады. Ал шын мәнісінде бұлар өте қажет ғылым саналады. Себебі біз жер ана және табиғатпен тікелей байланыстымыз. Сондықтан сабақтан тыс уақытта жазу үстеліне жайғасамын. Бұйырса, жаз айларының бірінде баспадан шығатын бұл еңбегімді 2024-2025 жылғы оқу жоспарына енгізгім келеді.
– Мектеп қабырғасында қағазбастылық барын жиі естиміз. Осы мәселенің шешімін қалай тапса болады?
– Біріншіден, білім жүйесі келісімшарттармен жұмыс жасайды, оны электронды нұсқаға алмастыруға келмейді. Дегенмен, талап бойынша нақты қажетті құжаттар ғана қабылданар болса, жазба жұмысы біршама азаяр еді. Сол сияқты қысқа мерзімді жоспарды жазба және электронды түрде қатар әзірлейміз. Бұл бір реттік құжат болғандықтан, электронды нұсқамен ғана шектелсек, жұмыс қолы жеңілдейтін еді. Бірақ, біздің елдегі ауыл-аймақтың бәріне бірдей ғаламтор желісі тартылмаған. Қалалы өңірдің өзінде аяқасты электру қуаты сөніп қалса, сабақ өткізу мүмкін болмай қалады. Осы тұрғыдан алғанда электронды білім беру жүйесін қоштай қоймаймын. Дейтұрғанмен, электронды жүйеге жататын интерактивті құрылғылардың семинар мен презентация өткізуде көмегі бар-ақ. Бірақ мектеп атаулының бәрі ондай құрал-жабдықтармен қамтылмағаны анық. Осы айтылғандарды ескерсек, білім саласында қағазбастылық әлі сейіле қоймайтын тәрізді.
–Шәкірт тәрбиесінде өзіндік ұстанатын қағидаңыз бар болар?
– Заман жастардыкі болғандықтан, үнемі ұстаздан шәкірт озса екен деп тілеп отырамын. Осы ретте әр оқушының қабілет-қарымы, табиғат берген талантына сай білімге бейімдеуге тырысамын. Мысалы, математикаға жүйрік балаларға жиі логикалық есептер шығартамын. Одан өзге арнайы тапсырма беріп, сабақтан тыс уақытта ізденуге жұмылдырамын. Мысалы, бүгін әлемнің жеті кереметін біліп келуді тапсырсам, келесіде әр елдің туын жаттап келуді бұйырамын.
–Қазір кітапханадан көрі, телефонда көп отыратын ұрпақ көбейді. Бұдан қаншалықты қорқуға болады?
– Баланың кітапханаға бару-бармауы ұстазға да байланысты. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектебіміздегі оқушылар түрлі әдебиеттер мен мерзімді баспасөздерді оқып жүр. Нәтижесінде өздері кітап жазуға білек сыбана кіріскен шәкірттер бар. Мысалы, Мадияр Ерасыл есімді оқушым ат әбзелдері, Данияр Зақанов роботтар туралы фантастикалық әңгімелер, Атажан Айдын новеллалар жинағын жазып шықты. Бұйырса, солардың әрқайсын баспадан брошюра етіп шығарсақ деген ойдамыз. Бұдан өзге мектебімізде белгілі журналист Ботагөз Жөкенқызының бастауымен «Алтын сақа» үйірмесі жұмыс жасайды. Онда оқушылар тіл дамыту мақсатында мәнерлеп өлең оқып, аңыз-әңгімелер талдап, халық ауыз әдебиетімен сусындайды. Оған қатысушы балалардың алды түрлі бақаулардың лауреаты әрі жеңімпазы болып үлгерді.
Осы ретте айта кететін бір мәселе, жыл сайын Республика бойынша әр мектеп жанынан жазғы лагерьлер ұйымдастырылады. Онда балалар түске дейін ойнап, сурет салып, ән айтып, үйлеріне қайтады. Егер келуші оқушыларға ыстық тамақ беріліп, кешке дейін жүруге жағдай жасалса, сәйкесінше, бала тәрбиесіне қатысты жұмыстар ауқымды түрде атқарылар еді. Сонда бала атаулы жазғы демалысты телефонға үңілуге емес, айналаны танып-білуге арнайды.
– Ал «Педагог туралы» заң мұғалімдердің құқығын қорғауға қаншалықты септігін тигізіп отыр?
–Оқушы, ата-ана, мұғалім бірлесе жұмыс жасаған жерде ғана сүбелі білім болады. Бірақ жас ата-аналардың көбісі үнемі жұмыста жүргендіктен бала сабағын қадағалаудан қалыс қалып жатады. Мұны ескертсең, «Мұғалім болғандықтан өзіңіз неге үйретпейсіз?» дейтін жандар бар. Аталмыш заң мұғалімдердің мәртебесін көтеруге бағытталғанмен, барлығын ұстаздарға артып қою – осал тұсы болып табылады. Ата-ана тарапынан да жауапкершілік болуы керек.
– Болашақ ұстаздарға қандай кеңес бересіз?
– «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай атамыз айтқандай, ұстаз атаулы шәкірт тәрбиесінде талмауы керек. Бұл салада әрдайым ізденіс пен оқу қажет. Педегог қанша жасқа келсе де «жас кадрлар жасасын» деп қарап отырмауға тиіс. Еңбек ерен болған жерде ғана елеулі табысқа жетеміз. Ал білімді балалар – жемісті болашақ кепілі.