16 Қыркүйек 18:16
...

Праймериз: Бұрын сотты болғандар қалай кандидат атанды?

Фото:

Осыдан бірер күн бұрын Nege.kz тілшісі тізімді парақтап көріп, дауыс берушілер былай тұрсын, билік партиясының өзі шұқшия зерттеуге тиіс біраз адамды тауып алған болатын.

Праймеризге қатысушылардың арасынан  бұрын істі болған Эльмар Хусаинов есімді кандидат туралы жазып, «Nur Otan» партиясының өкілдеріне ресми сауал жолдаған едік.

Эльмар Хусаиновтың қойылған талаптарға қарамастан «Нұр Отанның» праймеризіне қалай тіркелгені елді елең еткізіп, біраз адамды қызықтырып қойғаны рас.

Мақаланың ізі суымай, «Nur Otan» партиясы Атырау қалалық филиалының баспасөз қызметінен сауалымызға ресми жауап келді.

Ондағылардың хабарлауынша, Эльмар Хусаинов тіркеу рәсімі барысында барлық тиісті құжаттар мен анықтамаларды толық ұсынған. Нұротандықтар тек кандидат ұсынған құжатты қабылдап, оның арғы жағын қаузамаған сыңайлы.

«Атырау қалалық ұйымдастыру комитеті отырысының 22.08.2020 жылғы №006 хаттамасына сәйкес, Эльмар Уахитұлы Хусаинов праймеризге қатысу үшін кандидат ретінде тіркелді. Эльмар Хусаинов тіркеу рәсімі барысында барлық тиісті құжаттарды ұсынды», – делінген ресми жауапта.

Праймериз өткізу ережесі бойынша және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның 4-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес, сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам праймеризге қатыса алмайды және кандидат бола алмайтыны көрсетілген.

Ресми жауапта кандидаттарды тіркеу кезінде партия филиалына өткізілетін құжаттар тізімі де белгіленіпті.

Тіркеу кезінде әрбір кандидат партия филиалына мынадай құжаттарды ұсынады: праймеризге қатысуға өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен соттылығының болуы немесе болмауы туралы анықтама, наркологиялық және психоневрологиялық ұйымдардан анықтамалар, міндеттемелерді қабылдайтыны туралы өтініш, бастауыш партия ұйымы (бастауыш партия ұйымынан ұсынылған кандидаттар үшін) жиналысының хаттамасы, партиялық билеттің көшірмесі.

«Nur Otan» париясының өкілдері Эльмар Хусаиновтың праймеризге қатысуы заңды деп отыр. Ол тек кандидат атанды, ары қарай сайлану-сайланбауы дауыс беру арқылы шешілетінін де тілге тиек етті.

Айта кетейік, праймеризді үміткерлерді өткізуді бақылау жұмыстарын «Nur Otan» партиялық бақылау комиссиясы жүзеге асырады, онда Праймеризді өткізу ережелерін бұзу мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдар қаралады. Праймеризді өткізу ережесін бұзған әрбір жағдайды ПБК-ның мүшелері жеке тәртіппен қарайды, – делінген ресми жауапта.

«Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысып жатқан кандидаттар арасында кім жоқ дейсіз? Тек оның әрқайсысын «майшаммен» тексеріп жатқан билік партиясын көрмедік. Біз телефонмен тілдескен партия өкілі мұндай «ерекше жандар» кандидат атанғанымен, ары қарай сайлануы екіталай деп ағынан жарылды. Кім білсін? Праймериз кандидаттарының арасында зерттелуі тиіс біраз адам бар. Ол енді алдағы күннің еншісіндегі әңгіме. 

Тегтер: