Маньяктар. Алматылық адамжегіш әйелдер
Маньяктардың феноменін өзіміздің отандық ғалымдар да жіті зерттеп жүр. Қазақстандағы түрлі қанқұйлы қылмыскерлерді, маньяктарды індете зерттеуге өмірін арнаған тәжірибелі психиатрлардың ой-пікірі бір арнаға тоғысады.
- Тақырыпқа орай: Маньяктар. Коля Жұмағалиев
Олардың пайымдауынша, төбе құйқаны шымырлатар сұмдық қылмыстар мен маньякалдықтың өршуі қоғамның өтпелі кезеңімен, әлеуметтік тұрақсыздықпен, діни сауатсыздықпен және қоғамдағы өзгерістермен байланысты болған. Жағдай жақсарып, қоғам тыныштанғанда маньякалды себеппен адам өлтіру де азаяды екен.
Алайда каннибализм – аса сирек кездесетін синдром. Кез келген психикалық аурулар сияқты мұның да әлеуметтік тұрақтылыққа қатысы жоқ. Сонау ежелгі заманнан бері мұндай психикалық ауытқуға жер бетіндегі адамзаттың 2%-і шалдыққан. Дәл осы қатарға алматылық адамжегіш әйелдердің де отбасы кіруі мүмкін.
Бұл сұмдық оқиға 1999 жылы жария болды. Өз туыстарының етін жеген әйелдердің қылмысы күтпеген жерден ашылды. Өкінішке қарай, қылмыстық істі таба алмадым. Қанқұйлы қылмысқа қатысты қат-қат томдарға «құпия» деген белгі соғылып, архивтің бөлек бөлмесінде сақталып жатса керек, сірә. Бұған қатысты тек кейбір деректер ғана белгілі.
Алматы, 90-жылдар.
Жергілікті дәрігер-терапевт жоспарлы тексеру кезінде үй аралап жүріп, Алматыдағы пәтерлердің біріне келеді. Мұнда Зағипа Өзбаева үш қызымен бірге тұратын. Дәрігер кіре берістен-ақ қолқаны қабатын сасық иісті сезіп, полицияға хабар береді. Шұғыл жеткен кезекші жедел топ Өзбаевалардың пәтеріндегі шкафтан төрт әйелдің мумияға айнала бастаған денесін тапқанда төбе шаштары тік тұрады. Алайда ең қорқыныштысы бұл емес еді...
Пәтер иесі Зағипа Өзбаеваны тергеген полицейлер өлген төрт адам да оның жақын туыстары екенін анықтайды. Үшеуі З.Өзбаеваның туған әпкелері де, бірі туған шешесі болып шығады. Шешесі мен үш қызы бірнеше айдан бері жақын туыстарының етін жеп келіпті...
Көршілерінің айтуынша, Өзбаевалар отбасы басқаларға мүлдем ұқсамаған. Сегіз әйел екі бөлмелі пәтерде томаға-тұйық тұрып жатқан. Терезелері әрдайым жабық, кірген-шыққан адам да байқалмайды. Адамжегіштер анықталардан жарты жыл бұрын көршілер Зағипа Өзбаеваның үш әпкесі мен шешесінің мүлдем көрінбей қалғанын, пәтерден сасық иіс мүңкіп тұрғанын айтыпты.
Адамжегіш әйелдер өз туыстарын өлтіргені және олардың етін жегені үшін сотталып, жабық типтегі жындыханаға жіберілген. Олар әлі де сонда.
Бәлкім, бұлар Ақтастағы арнайы мекемеде атышулы адамжегіш Коля Жұмағалиевпен «көрші» шығар, кім білсін...
Асқар Жалдиновтың «Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» кітабынан.