28 Мамыр 13:45

«ЕБИТДА»-сы көтеріле ме? «ҚазМұнайГаздың» биылғы жағдайы қандай болмақ?

Фото:

Мұнай-газ саласындағы ұлттық компания биылғы бірінші тоқсанның қаржылық нәтижелерін шығарды. 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда біраз көрсеткіштер жақсарған. Бірақ компанияның өндірістің нәтижелері төмендеп кеткен.

«ҚазМұнайГаздың» қаржылық есебіне сай, бірінші тоқсандағы кіріс 1,43 миллиард теңге болған. Былтыр дәл осы мерзімде компания тек 1,37 миллиард теңге кіріс таба алған болатын. EBITDA көрсеткіші 494 миллиард теңгеге жетті. Ал ұлттық компанияның таза қарызы 6,1 миллиард долларға жетіп отыр.

«ҚазМұнайГазды кезіндегі әлеуметтік жүктемелер қиын жағдайда қалдырды», – дейді Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов. «Үкімет кезінде ЭКСПО, ғимараттар, стадиондар мен гольф клубтарды осы «ҚазМұнайГаздың» қаржысына күштеп салдырды. Соның салдарынан компания өткен жылдары 18 миллиард долларға жуық қарыз болып шықты».

«Бірақ жыл өткен сайын «ҚазМұнайГаздың» табысы көбейе беруі тиіс. Ол ұлттық компания қатты жұмыс істеп кеткендіктен емес. Үш ірі жоба – Қашаған, Теңіз және Қарашығанақта «ҚазМұнайгаздың» мемлекет атынан алып отырған үлесі бар. Жыл өткен сайын сол үлестен түсетін табыс көбейеді. Керісінше, инвесторлардың өздеріне алатын ақшалары азаяды»

Жақсылықовтың айтуынша, Қазақстанда өндірілетін 90 миллион тонна мұнайдың үштен екісі Қашаған, Теңіз бен Қарашығанақтағы халықаралық консорциумдарға тиесілі. Ал «ҚазМұнайгаздың» өзінің өндіріп жатқан мұнайы 14 миллион тоннадан аспайды.

"ҚазМұнайГаз" АҚ қаржылық есебі. Дереккөз: kmg.kz

Ұлттық компанияның өндірісі нашарлап бара жатқанын оның есебінен де байқауға болады. Биылғы бірінші тоқсанда мұнай және газ конденсаты өндірісі 5,3 миллион тонна болды. Мысалы, бұл былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 600 мың тоннаға аз.

Nege.kz есебінше, «ҚазМұнайГаздың» өндіруші компаниядан біздің мұнай-газ саласындағы активтерді басқарушы компанияға айналуға мүмкіндігі бар. Тек онда компанияның өзіне тән емес шығындарын қысқарту қажеттілігі туындайды.

Компания өндірісі – мемлекет үшін ұстайтын тұтқасы жоқ шабадан сияқты. Шығындарын қысқартса, кен орындары жабылып, шағын елді-мекендердегі мұнайшылар жұмыссыз қалады. Қысқартпаса, болашақта өте қиын жағдайда қалуы мүмкін.

Тегтер: