50 мың теңге жалақымен пәтер алуға болады

50 мың теңге жалақы алатын қазақстандықтар да жас кезінде-ақ зейнетақы жинақтары есебінен пәтер ала алады!
(«Проще простого», Время газеті)
Бірақ зейнетақы жүйесіне сингапур үлгісін енгізген жағдайда ғана. Сәрсенбі күні астанада экономистер мен саясаттанушылар осы тәжірибенің таныстыру рәсімін дүркіретіп өткізді. Бұл ұсыныстары зейнетақы жүйесінің басын ашып қарауды үкіметке тапсырған президенттің құлағына жетіп қалар деп үміттеніп отыр.
Бүгінде қазақстандықтардың айлық ақыларынан салықтар мен жарналардың жеті түрі ұсталынады, жүктемесі – 37 пайызға жетіп отыр (бұл төлемдерді жұмыс беруші аударады, бірақ еңбек ақы қорынан, яғни, біздің жалақымыздан алынады), ал 2023 жылы 5 пайыздық зейнетақы жарнасы енгізіліп, бұл көрсеткіш 42 пайызға дейін артады!
Сингапурде жалақыға салынатын ауыртпалық – 32 пайыз, оның екі пайызы – жеке табыс салығы, қалған 30 пайызы – зейнатақы жарнасы. Басқа ұсталынатын қаражат жоқ. Зейнетақы жарнасының үштен бір бөлігі жергілікті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне аударылады. Бұл банк пәтер сатып алуға төменгі пайызбен несие береді. Үшінші бөлігі білім алу шотына түседі. Үшінші бөлігі – зейнетақы жинағы.
Экономистер елімізде еңбек ақы қорына түсетін жүктемені осы қағидат бойынша қысқартуды ұсынып отыр. Сонда тек екі пайыздық жеке табыс салығы мен 30 пайыздық зейнетақы жарнасы ғана (бұған медициналық сақтандыруды да қосуға болады) қалады.
– Бұл қабылданса, Салық кодексінің көлемі екі есеге дейін қысқарады, – деп мәлімдеді экономист Олжас Құдайбергенов стратегиялық бастамалар форумында. – Бұл салық жүктемесі өсімін қарастырмайтын әлемдегі жалғыз үлгі. Өсімді қазақстандықтар көтере алмайды.
Мұны екі-үш жылдың ішінде жүзеге асыруға болады... Сингапурде баспаналы адамдардың үлесі 91 пайызға жетеді! Бұл – әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Кәрілік жеткенде, балалары өсіп, ұядан ұшып, жан-жаққа кеткенде, 3 бөлмелі пәтерін сатып, бір бөлмелі үйге көшуге болады. Сингапурліктер көбіне осылай жасайды, пәтердің қалған ақшасын депозитке салады.
Экономистің сөзінше, егер осы тәжірибені кәдеге жаратсақ, қазақстандықтардың дені өмірінде бір рет пәтер сатып алуға қол жеткізе алады. Айлығы 50 мың теңге болса да.
– Адамдар зейнетақы жарналарына иелік ете алатынын сезінсе, жұмыс берушіден ресми түрде жалақы төлеуді талап ете бастайды! Бұл көлеңкелі экономиканы күрт қысқартуға мүмкіндік береді: Қазақстанда жасырын еңбек ақы қоры – 60 пайыз, ал Сингапурде – нөл! – деп мәлімдеді Құдайбергенов.
Журналистердің: «Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарына сауатты түрде иелік ете ала ма? Ерте бастан алып, тойға жұмсап жүрмей ме?» – деген сауалдарына сарапшылар «жүйеде қолма-қол ақшаға орын жоқ» деп жауап берді. Жинақтарды медициналық ұйымдар немесе жоғары оқу орындары ұсынған шоттарды төлеуге, сонымен бірге пәтер сатып алуға ғана жұмсауға болады.
Баспанаға зәру емес адам бұл қаржыны медициналық сақтандыруға, білім алуға жұмсайды немесе туыстарының жинақ шотына аударады.
Форумға Президент әкімшілігі басшысының орынбасары және бұрынғы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қатысты, ол бұл ұсынысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізуге уәде берді.
Тоғжан ҒАНИ, Нұр-Сұлтан