ЕАЭО: Аққу, шортан һәм шаян

Еуразиялық экономикалық одақ елдері өзара жаға жыртыса бастады. Өйткені, бұл жоба мүдделестердің емес, мүдделері мүлде қарама-қайшы елдердің басын қосып отыр. Одақтың сұлбасын әркім әртүрлі көреді. Санкция астындағы Ресей осы құрылым есебінен экономикасына қан жүгіртіп, геосаясатты жоғарғы қойғысы келеді. Өзгелері интеграцияның экономикамен ғана шектеліп, Ресей нарығының өздері үшін де ашылғанын қалайды. Соңғы кезде бұл қайшылықтар ашық көрініс тауып отыр.
Мәселен, Қырғыз ағайындар Еуразиялық экономикалық одақтан шығамыз деп байбалам салып жатыр. Бұған шекарасын тас қылып, қымтап алған біздің елді «кінәлі» көрінеді. Әйтеуір Бішкектің Нұр-Сұлтанға өкпесі қара қазандай. Қырғыздардың айтуынша, Қазақстан бірнеше жылдан бері қырғыз жүктерін шекарадан өткізбей жатыр. Қазақ жағының бұған берер жауабы да дайын. «Қырғыз тауарларының қағаз-құжаттары дұрыс емес, фитосанитарлық бақылау жоқ» дегенді алға тартады.
Фото: Қырғыз президентінің баспасөз қызметі
Осы тұста айта кетерлік жайт, қырғыздар бірнеше мәрте қазақтардың үстінен Еуразиялық экономикалық комиссияға шағым түсірген. Бірақ шешім ұдайы қазақтардың пайдасына шешіліп келеді. Қырғыздың қытығына тиіп жатқан осы жайт. Ағайынды екі ел арасындағы шекарада жүк өткізуге қатысты Бішкектің өкпе-назы қаншалықты орынды?
«Бұл жерде де таяқтың екі ұшы бар. Бір жағынан қазақстандық бюрократия, оған қоса, кеден қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тұр. Екінші жағынан, Қырғызстан арқылы өтетін Қытай контрабандасы тұр. Бішкек мұны мойындағысы келмейді», – дейді «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев.
А.Чеботарев.
Оның үстіне, пандемияға байланысты да бірқатар қиындықтар бар. Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов «соның лебі байқалып отыр» деп пайымдайды. Карантин жұмсарғанымен қауіп сейілген жоқ. Ел ішінде бекеттер алынса да, сыртқы шекаралар әлі тарс жабық.
«Жасыратыны жоқ, Қытай мен Қырғызстан арасында көлеңкелі, есепсіз тауарлар өтуде. Оны біз арқылы Ресейге, басқа елдерге жіберіп, пайда табу фактілері бар. Осыған байланысты Қырғызстанның бизнесмендері мен саясаткерлері де ұсталып жатты. Қырғызстан өз мүддесі үшін, кіші болса да, азуын көрсеткісі келеді. Әрі мемлекеттік шекарасын, экономикалық мүддесін қорғауы дұрыс нәрсе», – дейді экономист.
Шынтуайтында, ЕАЭО жобасы бірыңғай нарық болуы тиіс еді. Құрыларда билік осыған сендірген. Осымен тартымды екенін айтқан. Бірақ сөзден іске көшкенде, бәрі басқаша болып шықты. Тауар кедергісіз өтуі тиіс шекаралар әр елдің мүддесіне қарай тарс жабылып отыр. Құрылғалы бері бұл одақтың мүшелері бір-бірінің назына мүлде құлақ асар емес. Әркім көрпені өзіне қарай тартып әлек. Сондықтан Ресейдің кейбір сарапшылары бұл одақтың өміршеңдігіне күдік-күмән келтіре бастағаны байқалады. Ал қазақ экономистері екібастан.
«Еуразиялық экономикалық одақ экономикалық қатынасты жандандырамыз деп құрылғанымен, саясаты ойдағыдай болып тұрған жоқ. Қазақстанның Ресейге шығарған экспортынан Ресейдің баса-көктеп кіріп жатқан тауарлары әлдеқайда көп. «Қазақстан үшін 160 млн нарық ашылды» деген сөз рас болмай тұр. Ресей бәріне біржақты қарап отыр. Экономикалық тұрғыдан қарағанда, бұл одақ өміршең емес екенін байқатты»,– дейді Атамұрат Шәменов.
А.Шәменов.
Андрей Чеботаревтің пікірше, Еуразиялық экономикалық одақты әзірге өлі туылған жоба деуге келмейді. Мұның бәрі 2025 жылға қарай бірыңғай мұнай мен газ нарығының құрылуына байланысты. Қазақстанның мүдделігі әзірге осыда.
«Біздің еліміз мұнайы мен газын әлемдік нарыққа Ресей арқылы еш кедергісіз өткізгісі келеді. Сондықтан қазір Еуразиялық экономикалық интеграция аясында Қазақстанның маңызды, басты мүддесі бар. Басқа елдерге келсек, әр мемлекеттің өз мүддесі бар. Ресей геосаясатқа, Қырғызстан мен Беларусь экономикаға басымдық бергісі келеді. Жалпы алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері осы қарама-қайшы үрдістер, яғни геосаясат пен экономика арасында үлкен күрес жүріп жатыр. Әзірге осы екі үрдістің біріне қарай нақты қозғалыс көрінбейді», – дейді саясаттанушы.
Қырғыздар бізге қаншалықты өкпелі болса, қазақтардың орысқа өкпесі бұдан бір мысқал кем соқпайды.
«Ресейдің түпкі ойы империялық саясат. Сондықтан бұл одақтың жаңа құрылғандағы уәделері толық орындалмады. Теңдік болмай тұр. Осы одаққа кіретін Беларусь пен Қазақстан бір-бірімен сауда қатынасын жасай алмай отыр. Өйткені, Ресейдің рұқсаты жоқ. Бұл қандай одақ, сонда?», – дейді Атамұрат Шәменов.
Тұрақсыздық көрсетіп отырған жалғыз ғана посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық құрылым бұл емес. Беларусь пен Ресей одағының тігісі де сөгіліп жатыр. Одақ құру туралы келісім әлі бұзылмаса да, одақтастықтың соңғы кездері жұрнағы да қалмаған. Бұл туралы Беларусь елінде ашық айтыла бастады. Мәселен, Мизес орталығының директоры Ярослав Романчук: «Александр Лукашенконың Ресей туралы мәлімдемелеріне, Мәскеуге қатысты әрекеттеріне қарасақ, бұдан былай Одақтас мемлекет деген атымен жоқ», – дейді.
ia-centr.ru
Беларусьте президент сайлауы таяп қалды. Қазіргі президент Александр Лукашенконың Мәскеумен қырғи-қабақтығы өршіп барады. Тіпті, Беларусь президенттігіне үміткерлердің барлығы Ресейді дос тұтқанымен, одақтан шығып, тек қана тату көрші ел болғысы келетінін ашық мәлімдеген. Мұны беларусь халқы да қолдап отыр. Мәскеу болса, Беларусьті уысынан шығарып, қол қусырып отырмайтыны белгілі.
Ресейдің беделді «НГ» басылымы: «Бір пәтерде тұратын біздің көршіміз бөлек бөлмеге көшкісі келеді. Ас үйі екеуге емес, тек өзіне тиесілі болғанын қалайды. Ол жерде беларусь бульбасы пісіріледі. Оны бізбен емес, еуропалық көршілерімен, мұхиттың ар жағындағы достарымен бөліспек», – деп жазды.
Сонымен, посткеңестік кеңістіктегі бастамалардың дені өлі туылғаны жасырын емес. Көзі тірі Еуразиялық экономикалық одақ болса, Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» мысалын еске түсіріп отырған жайы бар.
«Еуразиялық экономикалық комиссиясына қатысты Президент Тоқаев жақсы айтты. Одан артық не керек? Мұның алдында одақты құру туралы бастама көтерген Елбасы Назарбаевты Ресей жағы ұдайы мадақтап жүрді. Ол кісінің өзі кезінде: «Бұл – тек экономикалық одақ. Біздің егемендігімізге, тәуелсіздігімізге зиян тиетін болса, одақтан шығамыз» деп қадап ескерткен болатын», – дейді Атамұрат Шәменов.