19 Наурыз 19:20

Дулат ИСАБЕКОВ: Кеменің капитаны дұрыс бағыт ұстанып келе жатқан сияқты

жазушы
Фото: Фото: Азаттық

«Экс-президент биліктен кеткелі бері не өзгерді?» деген сұрақты жазушы, Еңбек ері Дулат ИСАБЕКОВКЕ де қойдық. 

– Назарбаев елді 30 жыл биледі. Осы уақыт ішіндегі еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Ең алдымен елдің шекарасын бекітті. Украина шекарасын бекіте алмай, соның салдарынан соғысып жатқан жоқ па? Қазақстан бұл жағынан дұрыс шешім қабылдады. Ұлт тұтастығына ешкім қауіп төндіріп, ауыз сала алмайды.

Екінші, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруін айтар едім. Мұның астарында ұлттық саясат жатты. Өйткені, бұрын Арқада қанша қазақ, қанша орыс болғанын білесіздер. Кейін көші-қон реттеліп, солтүстік облыстарда қазақтың саны артып, қазақ тілі мәртебеге ие болды. Бұрын көшедегілерге «Неге орысша сөйлемейсіңдер?» деп айқай салатын орыс кемпірінің бірі де жоқ. Әрине, ойдағыдай болмаса да, қазір қазақ тіліне еркіндік берілді. Іс-қағаздары қазақ тіліне көшті.

Үшінші, Назарбаев Қазақстан экономикасын көтеруге күш салды. Онда да кемшіліктер болмай қойған жоқ. Егер ол туыстары мен жақындарының кланын көбейтпей, соларға билікті бөліп бермегенде жақсы президент болар еді. Қазақстанның байлығына да ауыз салған кезі жоқ емес.

Назарбаевпен кездестік, кейде келісіп те, керісіп те жүрдік. Әсіресе, «Казахстанская правда» газетіне «Аул уходит в небо» атты мақалам жарық көргенде үлкен резонанс туғызды. Соның салдарынан екеуміз де біраз жерге дейін айтыстық. «Айтқан сөзің өтірік» деп сотқа тартамын деді.

Ол кісінің бір жақсы жері – үлкен мәселенің алдында қазақтың белгілі ұлт зиялыларымен ақылдасатын. Әсіресе, «латын қарпіне көшеміз» дегенде Бексұлтан Нұржекеұлын, Смағұл Елубай және мені шақырып, екі-үш сағаттай әңгімелестік. Сол жерде пікірталас туды. Ол кісі «Білім беру мекемелерінде орыс топтары кириллицада қала берсін, қазақ топтарын латынға көшірейік» дегенде үзілді-кесілді қарсы болдым. «Біз онсыз да үш жүзге бөлініп жатамыз. Енді келіп төртінші жүзді пайда қылмаймыз ба? Оқуды кириллицамен бітіргендер басшы болса, латын әліпбиімен оқығандарды өгейсітуі мүмкін. Немесе керісінше.

Исабеков
Фото: ғаламтордан

Жалпы, латын қарпіне көшу керек болса, түгел көшу керек. Болмаса, кириллицада қала берген дұрыс. Мұнымен қаншама тарих, әдебиет, ғылыми еңбек жазылды. Оның бәрін латын әрпіне көшіретін мамандар керек болады. Өзбекстан мен Әзірбайжан асығыс көшіп, түрлі кедергіге кездесті. Кейбіреулер «латынға көшсек, орыс бодандығынан құтыламыз» дейді. Бұл – қате пікір. Біздің тағдырымыз кириллицаға байланып тұрған жоқ. Орысқа қатысты мақаланы да сол қаріппен жазып жүрміз ғой. Назарбаевқа да, жанымдағыларға да «Дулат Исабеков орысқа берілген, кириллицаны қолдайды екен» деп ойламаңыздар» деп айттым. Кириллица – әріп қана. Оны өзгертудің қажеті жоқ. «Латынға көшсек, түгел көшейік, әйтпесе тыныш қояйық» деген едім. Сол ойым дұрыс болды ғой деймін, әлі күнге латын әрпі өмірге түгел енген жоқ. Тек дүкен, көше атаулары ғана жазылды.

Бәрін бірте-бірте жүргізу керек. Ал төңкеріс жолымен жаппай көшсек, сауатсыз буын қайтадан пайда болады. Егер осыдан 30-40 жыл бұрын өткенде бүгінде меңгеріп кетер едік.

Бәрі де бірте-бірте келеді. Тоқаевтың да саясаты – нағыз демократиялық жолмен біртіндеп өзгерту. Осы саясаты ұнайды. Басында мен де «қоғам өзгергенге дейін қай заман?» деп едім. Сөйтсем, жаймен жүргізген дұрыс екен. Ә дегеннен «бүгіннен бастап қазақ болайық» десе, ертең қарсы топтар шығады. Ал енді Тоқаев елдің ішкі және сыртқы саясатынан ешуақытта қателік жібере қоймайды. Ол – тума демократ, тума дипломат. Өзі осы салада қызмет етті. Сондықтан да аса сақтықпен шешім қабылдайды деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған жылдары шұғыл шешім қабылдап, тез әрекетке көшу керек болды. Қазір қоғам қалпына келіп, даму процесіне енді. Кеменің капитаны дұрыс бағыт ұстанып келе жатқан сияқты.