19 Қараша 13:43
...

Ақтөбе облысында 60 жедел жәрдем көлігі GPS-навигация жүйесімен жабдықталған

Ақтөбе облысының әкімдігі
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысында ұлттық жобалар аясында 12 мектеп және 29 медициналық нысан салынады.

ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жобалардың жүзеге асырылуы туралы айтты.

Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді, тағы бір мектеп Үкімет резерві есебінен салынды.

«Келешек мектептері» облыс орталығындағы «Алтын Орда» ықшамауданында – 2000 орындық, «Бауырластар-3» – 600 орындық, «Саяжай-1» және «Сазды» тұрғын алаптарында – 300 орындық мектептер халық игілігіне берілді. Сонымен қатар, Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында 300 орындық мектеп есігін айқара ашты.

Жыл соңына дейін жалпы 5800 орынға арналған тағы 7 жайлы мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Оның 4-еуі – Ақтөбе қаласында, 3-еуі – ауылдарда бой көтеріп жатыр.

Бұдан бөлек, биыл Ащысай, Жазық және Ойыл ауылдарында тағы үш жаңа мектепті, Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектеп пен арнайы мектепке қосымша құрылыстарды, сондай-ақ Мәртөк, Ембі және Қаракөл ауылдарындағы мектептерге қосымша спорт залдарын пайдалануға беру жоспарланған.

Ақтөбе облысының әкімдігі
Ақтөбе облысының әкімдігі

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде жоспарланған 29 нысанның 22-сі іске қосылды. Бұл шамамен 13 мың ауыл тұрғынын медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік берді.

«Жыл соңына дейін тағы 7 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 4 мыңнан астам адам сапалы медициналық қызметке қол жеткізеді. Жаңа медициналық пунктер мен амбулаториялар Ырғыз, Қобда, Мұғалжар және Шалқар аудандарының ауылдарында ашылады», – деді Асхат Шахаров.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға ерекше назар аударылуда. Биыл Көпсалалы облыстық аурухана базасында телемедицина мен PACS ақпараттық жүйесін қамтитын Ахуалдық орталық жұмысын бастады.

Телемедицина заманауи технологияларды пайдалана отырып, онлайн-консультациялар жүргізуге мүмкіндік береді, бұл шалғай ауылдар үшін аса маңызды. PACS жүйесі КТ, МРТ және рентген зерттеулерінің нәтижелерін жасанды интеллект көмегімен өңдеуге және талдауға жағдай жасайды.

«Сонымен қатар Ақтөбе өңірі елде алғашқылардың бірі болып «Яндекс.Карталар» платформасы арқылы жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын нақты уақыт режимінде мониторингтеу жобасын іске асырды. Қазіргі уақытта 60 жедел жәрдем көлігі GPS-навигация жүйесімен жабдықталған, бұл жедел қызметтің жұмыс тиімділігі мен әрекет ету жылдамдығын арттырады», – деп атап өтті Асхат Шахаров.