Доллар 600 теңге болуы тиіс. Экономистер НЕГЕ дабыл қаға бастады?
2025-2026 жылдары Қазақстанға үш экономикалық дағдарыс қатар келуі мүмкін. Олар бюджет, қарыз және төлем балансының кризистері. Оған дайын болуымыз үшін жұмсақ девальвация жасап, долларды 600 теңгеге жеткізуіміз керек. Бұл туралы «Голос народа» басылымына сұхбат берген Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков мәлімдеді
Экономикалық саясат институтының бағалауынша, 2025 жылға қарай бюджет тапшылығы 4,1 триллион теңгеге жете алады. Бұл шынымен де бюджет дағдарысын туғыза алатындай қауіпті меже. Биылғы жылдың 8 айындағы жағдай бойынша, еліміздегі бюджет тапшылығы 2,8 триллион теңгені көрсетіп тұр. Бірақ жыл соңына қарай ол міндетті түрде 4 триллион теңгеден асып кететінін болжай аламыз.
«2025-2026 жылдары біздің экономикамызда үш дағдарыстың белгілері айқын көріне бастайды. Бұл үш негативті құбылыстың өзі жеке қауіп төндірмейді. Қауіп олардың бір уақытта пайда болуында және шарықтау шегіне жетуінде жатыр. Үш дағдарыс бір уақытта келгенде, ол экономикаға ауыр соққы болады», – дейді, Қайырбек Арыстанбеков.
Егер Үкімет шығындарды тоқтаусыз өсіре беретін болса, бюджеттік кризиске ұшырайтынымыз айдан анық. Дәл осы кезде екінші жақтан төлем балансының проблемасы келіп қосылуы мүмкін. Себебі, 2025 жылы төлем балансы (импорттың экспорттан асып кетуі) тағы 5-6 миллиард долларға ұлғаяды деген қауіп бар. Ірі инвесторлар капиталды қайтадан шетелге шығара бастады.
Онымен қатар, қарыз кризисінің құлағы қылтияды. 2025-2026 жылдары шетелден қарыз алған компанияларымыз сол қарыз бойынша ең ірі төлемдер жасай бастауы тиіс. Төлей алса капитал қоржыны босап, өндіріске жаңа инвестиция жасай алмай қалады. Тіпті төлей алмайтын техникалық дефолт жағдайларын көруіміз де мүмкін.
«Бұл дағдарыстарға дайын болуымыз керек, олар бір уақытта орын алуы мүмкін. Егер олар бір мезгілде туындаса, бұл үкіметті немесе реттеушіні теңгенің күрт девальвациясын жасауға мәжбүр етуі мүмкін. Сондай-ақ Ұлттық қордың қаражаты азайып, елге инвестицияның келуі төмендейді, сәйкесінше валюта тапшылығы туындайды. Мемлекеттік бюджет шығындарын қысқарту қажет, өмірдің өзі үкіметті бұл шығындарды қысқартуға мәжбүрлейді»
Қайырбек Арыстанбековтің пікірінше, доллардың теңгеге шаққандағы қазіргі бағамы жеткілікті деңгейде жоғары емес. Экономист бір доллар құнын 600 теңгеге жеткізу керектігін айтады. Әйтпесе, еліміз әлемдік экономикадағы баға бәсекелестігінде жеңіле бастамақ.
Соңғы бес жылда Қазақстандағы жиынтық инфляция 55-60% деңгейіне жетсе, теңге тек 23,8%-ға әлсіреген. Биылғы жеті айда экономиканың өсуі 3,5 пайызды ғана көрсетіп отыр.
Президент мақсатты көрсеткіш ретінде жыл сайын экономика кемінде 6 пайызға өсуі керек деп тапсырма берген болатын. S&P Global Ratings сарапшылары биыл 6%-ға қол жеткізу мүмкін емес деп отыр. 2024 жылы біз көп болса 4-5 пайыз аралығында өсім көрсететініміз анық.